«Алқоңыр дүниедегі» жұмбақ әлем

2821
Adyrna.kz Telegram

ҚР мемлекеттік сыйлығына ұсынылған шығарма

Қазақ поэзиясына өзіне тән баяу үнімен, ырғағымен, биязы қалпымен келіп қосылған Тыныштықбек Әбдікәкімов шығармашылығы тәуелсіздік кезеңінде ерекше қарқын алды. Содан бері зерттеушілер назарынан тыс қалған емес. Осы уақытқа дейін қара мен қызылдың, ақ пен сарының сарқыншағына айналған өлеңге халықтың тіршілік кеңістігінен тағы бір әуен, тағы бір тың ырғақ, тылсым дүние қосылды. Сөйтсек, ол ақынның өзі алып келген энергетикалық өрісі — өзін қоршаған әлемі, соған лайықты іс-әрекеті, ойлауы, сезінуі, қабылдауы, қоңыржай қалыпты өмірі, бір сөзбен айтқанда, «Алқоңыр дүниесі» екен. Алты бөлімнен құралған өлеңдер мен балладалар, толғаулардан тұратын туындыны оқыған сайын саналы тілдің сауалдарына, ойлаудың айғақ көрінісіне көз жібергендей боласыз. «Алқоңыр» дүниедегі әрбір ұғым белгілі бір дәрежеде көркемдік әрі танымдық қызмет атқарып отырады. Ақын танымындағы кез келген көркемдік-эстетикалық ұғымдар: ол, тіпті, мифологиялық ойлау болсын бәрібір оқыған адам санасында сәулеленіп, терең ойға жетелері сөзсіз. Тыныштықбектің қоңыр үні — бірқалыпты жайлап жеткізетін жайлы үн, қарапайым тіршілік сықылды көрінуі мүмкін. Бірақ ақын санасындағы сарпылыс сізді дүниенің басқа қырынан сырттай бақылауға итермелейді. Бүгінгі фәни тіршіліктің мәнін сырт көзбен тамашалап сырттай баға беріп отырғандай боласыз.

Ажалдарын мақтан еткен ел жайлаған жазықта,

Жел жылайды күн сайын.

Мұржасы зор моладан үрпек басты

үрейім қарап отыр далаға,

Дүние оған терезеге сыйып тұр.

Төртбұрышты. («Алқоңыр дүние» 95-б).

Бұл рухани əлемдегі арпалыстың барлығын тылсым күштерден іздейтін пендеге кез келген нəрсені, табиғаттың тылсым күштеріне де, заттар мен құбылыстарға да рух түрінде қараған мифологиялық ойлаудың нəтижесі болар, бəлкім. Адамзат бастауындағы құбылыстар мен тылсым дүниелердің мəніне қайта бару, мəнісін бағамдау басымдырақ сияқты.

«Көп отырдым қалшылдап,

Көп отырдым қалшылдап ғасырлардың өтінде».

Өзінің жарқ етіп шығар уақытын жасқана күткендей, ақын жаны да дəуірлер, кезеңдер тоғысындағы жағдайларға үрейлене көз тастай күтеді.

«Мылқау Тарих топырағына мың аунап… алғаш рет күлдім солай, азу тістерімді ұлытып». Мифтік сананың алғашқы дəуірінде адам мен жануарлардың арасында шек қойылмаған. Көне дəуірдегі адамдар өздерін бұғыдан, бөріден, киттен тарадық деп түсінген. Түркі тайпаларындағы тотемдік сана: ол — бөрі. Ақын ызасынан қайнаған ойы іште жанып, сыртқа өлең болып, бөрідей ұлыған автометафоралық бейнеге ауысады.

«У—у-уу!… Жасыл түкті көмей едім қып-қызыл… Қара топырақ қара тəніме айналды! Қара тəнім – қара тажал!… Менің асқақ дұшпаным!»

Кішкене ғана көмейден енді тəні жаралды. Алайда ол тəн — ақынның өзіне жау. Өйткені айналадағы бар жағымсыз жағдайларға төтеп беруші де, кей-кейде жаман іс-əрекеттерді жасауға итермелеуші де сол сыртқы тəн болса, ақынның таза, пəк жаны одан неге жиренбесін?

«…Күншығыстың шырын бүріккен Орманын,

Күнбатыстың жұмсақ қоңыр тауларын,

Терістік пен түстіктің

шұғылалы теңіздері мен аспанын

бауырына тартып алып аш қарын…»

Əлемдегі қарамақайшылықтар күнделікті өмірдегі қайшылықтардан басталады. Халықтың рухани əлемін танытатын, жалпы адамзаттың дүниетанымының кең шеңберіндегі кеңістіктің тұрақты тетіктері ретінде алынып отырған əлем жұмбағы космогониялық ойлауға итермелейді. Мұны хаостың космостық кеңістіктен жерге өлең болып таралуы деп түсінсек болады. Ақынның космогониялық ойлауының негізінде зооморфтық, антроморфтық модельдегі бейнелерге беруі, жер мен аспан, өмір мен өлімнің тылсымын ашуға мəн береді.

«Қалай болар, мəңгіліктің тыныштығын бұзғандық?

Ай сүйреткен əбүйірімнен сансыз жылым із қалды…» Ал тыныштықты бұзып, жарыққа шықса ше? Онда ақын танымында ол мəңгілік тыныштықты бұзғанмен тең.

«Əрбір ізде — қызыл шоқ пен мұз қалды!

Мен өзімді өз-өзімнен қызғандым,

Құмар болып сұлулықтың тəніне…»

Құрани Кəрімде «Тин» сүресінің 4-аятында былай делінеді: «ақиқатында, адамзатты көркем бейнеде жараттық. Адамзаттың бейнесі мен түр-сипатын ең көркем жаратылыс еттік». Ақын өзінің өмірлік əлемінен өзіндік мифологиясын тудыра алған. «Мəңгілік мифті» жасаушы əлем классиктері сияқты Тыныштықбек ақынның поэзиясындағы дəстүрлі наным-сенімдердің ғаламдық сипатқа айналып отыратыны да сондықтан. Тəн мен жанның бастауын іздеу адамзат баласына тəн ізденістердің бірегейі. Рух, елес пен адамдар əлемінің қарым-қатынасы ақынды бір ойдан екінші ойға жетелеп отырады.

«Төбесінде жап-жасыл жарық барын аңдаған

жалмауыздардың бірі екенмін,

жасыл түкті жұлдызқұрты — жұлынының ішінде!».

Тағы да түстер психологиясын еркін қолдану, түстер гаммасын ойнату кездеседі бұл жолдарда. Бұл жолғы түс — жасыл. Психологиясына көз жүгіртер болсақ, жасыл түс еркіндікке ұмтылу жігерін, табандылықты, мақсаткерлікті, өзімшілдікті, «мен» деген өзіне жоғары баға берушілікті білдіреді. Сондай-ақ бұл түс тəкаппарлықтың нышаны. Демек, ақынның жасыл жарықты іздеуі еркіндікке ұмтылуы, яғни, Тəңірдің құзырынан шығып, өзінің неден жаратылғанын ұмытып, өзі əлемде билік құруға талпынуы. Бұл да адами болмыс. Ал жасыл түкті жұлдызқұрт — кішкене ғана дернəсілдей бола тұра тəкаппарланып, хақ жолдан адасуды білдірсе керек.

«Не керек?…

Мендік көмей, мендік көз — менің озбыр дұшпаным,

Қара тəнім — тақсырым.». Заман ағымы ма, əлде ежелден солай қалыптасты ма, əйтеуір, пенде пендешілігін ежелден-ақ жасап келеді. Қазіргі заманда ол тіптен белең алып барады. Соның ішінде көкірекпен сезіп, көзбен көргеннен гөрі сыртқы қалыпты алдыңғы шепке қойып, еш сезімсіз, түйсіксіз бар нəрсені тереңдетпей, мəніне үңілмей қабылдау — адамдардың бүгінгі сипаты. Бұл да, əрине, өкінішті болса да, шындық…

«Күннің көзін қарным жауып кеткенде,

Аналардың көкке сауған ақ Сүті ақ түндерді ірітіп!..

Жетім қалған жас сəби тепті мені маңдайдан!» Əбден тойынып, өмірлік құндылықтарды естен шығарған кезде, тек асқазан мен қарынның мүддесін ғана ойлайтын адамға айналған кезде «балам адам болсын» деп бар қиындығын көтеріп, 9 ай көтеріп, толғатып өмірге əкелген ана балаға қарғысын айтпақ. Солайша бейкүнə сəби кезі ересек ақыннан, яғни, өзінен мəңгілікке безбек.

«Шырылдаған үнінен ажалымнан айықтым…

Масқара!

Қара тəнім — менің тірі табытым! …сұм соғыстың сорғалаған сілекейінен зарядты өліп көрген —

оқымысты қалаларым бар безбүйрек,

Масайраған пенделері гулеген қорғандардың үстінде жүрмін қазір, кебін орап басыма…»

Бұрын соңды өмір мен өлім көрінісін дəл бұлайша суреттеген қазақ ақындарын оқып па едіңіз? Ой тұтастығын бұзбай іштей ырғақ пен қоңыр əуенді бірдей ұстаған тұмса ойдың кереметтігі соншалықты елітеді. Бұл дүниенің үстінен адам нанғысыз тылсым күшпен рух кейпінде бағам беру, ой айту жəне дəл өмірдегідей алдыңызға жайып салу….

«Азғырмаңдар,

Азғырмаңдар мені енді!

Жас сəбидің бал иісі аңқыған тамшы жасын құшақтап,

Мен тəнімді тастап шығам дірдектеп!..»

Жанның мəңгілігі жөніндегі түсінік бағзы заманнан бері бар. Тəнді тастап басқа жан иесіне айналу құбылушылығы, мифтік сана бойынша, ақынның тəнін тастап, жас сəбиге айналуы, яғни бір түрден екінші түрге енуі арқылы əділеттілікті орнатқысы келетіні байқалады.

Жалпы, Т.Əбдікəкімовтың «Алқоңыр дүние» атты 2014 жылы Астана қаласы «Фолиант» баспасынан жарық көрген шығармасы қазіргі қазақ поэзиясының көш басында тұрған шоқтығы биік дүние. Туындының əрбір бөлімі адамзаттық мəселелерді кеңінен толғап, ой салатын мазмұнымен ерекшеленеді. Еңбек — тақырыптық, формалық жаңашылдығымен танылатын, эстетикалық көркемдігі жоғары дүние ретінде бағаланады. Тыныштықбек Əбдікəкімовтың «Алқоңыр дүние» атты кітабы ҚР Мемлекеттік сыйлығына ұсынуға лайықты бірден-бір шығарма. Мен оны қазіргі қазақ өлеңтануының даму үрдісіне жаңашылдығымен қосылған шығарма ретінде танимын.

 Сəуле Ержанова,

Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагокикалық университетінің профессоры,

филология ғылымдарының докторы,

"Қазақстан-Заман". 

Пікірлер