«Ниет, еңбек, жетістік»: Қызылорда қаласында жастарға арналған кездесу өтті

2053
Adyrna.kz Telegram

Қызылорда қаласында «Жастарды әлеуметтендіру және оңалту жобасының аясында кездесу өтті.

Іс-шара ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен «Адырна» ҰЭБ» ҚҚ «Жастарды әлеуметтендіру және оңалту» жобасы аясында NEET санатындағы жастарды еліміздің әлеуметтік-экономикалық өміріне тарту мәселелері бойынша 2022 жылдың 9 маусым күні «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығында» болды.

Кездесу жастардың жұмыс және оқуға келгенде белсенділік танытпау себептері, жобалық кеңсе тарапынан жастарға көмек беру және кәсіби бағдарлау түрлері, NEET жастарының қордаланған мәселелерінің шешу жолдарына қатысты өтті.

Іс-шара жастарды болашақ өмірлік жоспарларына ынталандыру және шығармашылық әлеуетті дамыту бағытында іске асырылды.

Кездесу қонағы кәсіпкер Асхат Қасымұлы мен Жасұлан Албадергенов мансап және жеке өсу үшін өмірлік дағдыларды дамытудағы тәжірибелерімен бөлісіп, шара барысында жастардың кәсіп ашу, әлеуметтік мәселелерге қатысты сұрақтарына жауап берді.

«Кәсіп бастау біріне оңай, біріне жеңіл болып көріну мүмкін. Дей тұрғанмен кәсіпкер болсам бітті байып кетемін деген жаңсақ ой – мүлдем қате. Байлық бұл өмірдегі ең маңызды дүние емес. Не десек те өмірлік қажеттіліктерді өтеу үшін қаражат керек екендігі рас. Ал ол үшін қол қусырып, біреудің өмірін аңдып отыруды тастауымыз керек. Өзіміз үшін, өз өміріміз үшін, келешегіміз үшін келелі іске айналатын дүниемен айналысу керек. Кәсіп – сонысымен ерекше. Оның болашағы болуы да, болмауы да мүмкін. Жіті бақылауды қажет ететін тірлік» деді Асхат Қасымұлы өз баяндамасында.

Жасұлан мырза өзінің қызығушылығын қалай кәсіп еткені жайлы сөз қозғады:

«Меніңше болашағы бар дүниенің не екенін ұғу үшін, әуелі оның өзектілігін анықтау керек. Ол дүниенің бүгінгі таңдағы қажеттілігі жайлы, қоғамға керектігі жайлы ойлану керек. Десе де бүгін трендте болған дүние ертең қзектілігін тоқтатуы мүмкін. Алайда арнайы период ішінде ол өзінің тиісті суммасын ақтауы мүмкін. Кәсіп жолы тосын сыйларға толы екендігі осыдан» деді ол.

Сонымен қатар жастарды жігерлендіруге туа біте ерекше жан Қуаныш Нұржігітов де шараға белсене қатысып, өмірлік қиындықтарға мойымай жетістіккке шынайы жетем деген жанның жететінін айтты.

«Адам өз өмірінің жасаушысы деп айтылады халықта. Алайда тағдырдың беретін тосын дүниелері бар екендігін ұмытпауымыз керек. Дей тұрғанмен, адам болғаннан кейін ертеңіңе, келешегіңе керек дүниені ойлайсың Сол үшін ғана қанаттанып, сол үшін ғана жаныңды беріп, барыңды саласың. Ең бастысы өзің деген сенімділікті, бойдағы ерік-жігерді жоғалтып алмуымыз қажет. Жастарға да айтарым – еш мойымау. Тағдырдың жазуы аяқтан шалса да, өзіңіз ойламаған дүние орын алса да көндігу және құр отырмау. Өз өміріңді өзің ары қарай жасайтын боласың» деді Қуаныш мырза.

Сондай-ақ, шара соңында жиналған жастар келген қонақтарға өз бастамалары жайлы сұрақтар қойып, пікір алып, көкейлеріндегі сауалдармен бөлісті.

Пікірлер