Нығматулиннің ұлдарына тиесілі “Қазфосфат” компаниясына 5 млн теңге айыппұл салынды

2918
Adyrna.kz Telegram

Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматуллиннің ұлдары қадағалайтын «Қазфосфат» зауытында өрескел заңбұзушылықтар анықталды. Бұл туралы Экология департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Кәсіпорын жұмысына жоспардан тыс тексеру жүргізген Экология департаментінің мамандары компанияға 5 миллион теңге айыппұл салды.

Бұған дейін облыс орталығын белгісіз түтін басып, тұрғындардың тынысын тарылтқаны жайлы отандық БАҚ жазған болатын. Кейін анықталғандай, «Минералды тыңайтқыштар» зауытындағы күкірт қышқылын өндіретін цехта апат болып, соның салдарынан ауаға күкірт триоксиді тараған. Экологтар прокурорлармен бірлесіп, ауа сынамаларын зерттеуден өткізіпті. Апат кесірінен зауыт маңындағы Ы.Сүлейменов көшесі бойындағы санитарлық қорғау аймағында фторлы сутегінің мөлшері қалыпты деңгейден 7,5 есе артқаны анықталды.

«Тексеру барысында экологиялық заңнаманы бұзудың 5 фактісі анықталды. Экологиялық кодекстің талаптары сақталмаған. Заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Кәсіпорынға салынған әкімшілік айыппұлдардың көлемі — 5 млн теңге», — делінген Экология департаменті таратқан хабарламада.

Берілген нұсқамалардың орындалуы бойынша 2022 жылдың екінші жартыжылдығында кәсіпорында жоспардан тыс тексеру жүргізіледі.

Бұдан бұрын Экология департаменті Тараз маңындағы химия зауытының жұмысы тоқтатылуы мүмкін екенін мәлімдеген. Кейіннен компания басшылығы заңсыз пайда тапты деген күдікке ілінді. Бас прокуратура «Қазфосфатты» 697 млн теңге көлемінде монополиялық табыс тапты деп айыптап, тергеу басталғанын жариялаған еді.

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер