Қарағанды Қоғамдық кеңесін «жаулап алған» шенеунік - белсенділер Тоқаевқа үндеу тастады (ВИДЕО)

6053
Adyrna.kz Telegram

Қарағанды Қоғамдық кеңесін «жаулап алған» Мәслихат хатшысының заңсыз әрекеттері еш тоқтар емес. Бұл жәйтқа қатысты Қарағанды облысының белсенділері өз наразылықтарын білдіріп, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу тастады, деп хабарлайды Adyrna.kz ұлттық порталының тілшісі.

БӘРІ НЕДЕН БАСТАЛДЫ?

2022 жылғы 2 наурызда Қарағанды қалалық қоғамдық кеңесінің үшінші құрамы бекітіліп, кеңес мүшелігіне 30 адам өтеді. Қалған 5 адам резервте қалады. Алайда Қоғамдық кеңес өз жұмысын бастамай жатып, демократия және таңдау еркіндігі тұрғысынан бірқатар заңбұзушылыққа жол береді.

Қарағанды қалалық мәслихат хатшысы және аппарат басшысының қатысуымен өткен отырыста 3-ші шақырылым мүшелеріне ешқандай сайлау және дауыс беру рәсімінсіз алдын-ала бекітілген Қоғамдық кеңес төрағасы мен оның орынбасарының, сондай-ақ Тұрақты комиссия мүшелерінің, оның төрағасы мен орынбасарының (мұндай лауазым заңнамада көзделмеген) аты-жөндері жазылған отырыс материалын таратады. Қалалық мәслихат Қоғамдық кеңестің жекелеген әлеуетті мүшелерімен алдын ала әңгіме жүргізгендіктен, кеңестің көптеген мүшелері бұл әділетсіздіктен «хабардар» болып шығады.

Қоғам белсенділерінің мәлімдеуінше, бірінші отырыста "Қоғамдық кеңестер туралы" ҚР Заңының 13-бабының 1-тармағы бұзылды. Жоғарыда жазылғандардың дәлелі ретінде бүкіл отырыс барысында аудио-бейне-фиксация жүргізілді.

 

МӘСЛИХАТ ХАТШЫСЫНЫҢ «АРАМ ОЙЫ» ІСКЕ АСПАДЫ

Жаңадан құрылған Қоғамдық кеңес Төрағалығына өз адамын дайындаған Қарағанды қалалық Мәслихат хатшысы Құдайберген Бексұлтанұлының арам ойы іске аспай қалады.

Кеңес мүшесі Найля Кайрбекова алдын-ала бекітіліп қойған Бочаров пен бірге Қоғамдық кеңес төрағалығына тағы бір кандидат ретінде Сұлтан Медеубаевты ұсынады. Екі рет дауысқа салынсада Сұлтан Медеубаев Қоғамдық кеңестің қолдауын табады. Осылайша халық ішінен шыққан жанашыр азамат сайлауда жеңіске жетіп, Қарағанды қалалық Қоғамдық кеңес Төрағасы болып сайланады.

Қоғам белсендісі Аманжол Оразалиновтың айтуынша, мәслихаттан мұндай шешімді күтпеген Қарағанды қаласының әкімі бұл «жәйсіз» жаңалықты ести сала орнынан тұрып, кетіп қалады. Бұл алдын-ала жоспарлаған мақсатының күл-талқаны шыққан Құдайберген Бексұлтанұлының намысына тиеді. Осылайша жасы 66-дан асқан геронтократ өмірінде бірінші рет жеке өзінің айтқан адамын қоя алмай қалып, сайлауда әділ жеңген Сұлтаннан өш алуға кіріседі.

 

«30 ЖЫЛ ШЕШІЛМЕГЕН МӘСЕЛЕЛЕРДІ 3 АЙДА ШЕШКЕН КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫН ҚУЫП ТЫҢАДЫ»

Қарағандыда 30 жыл бойы қордаланған мәселелерді шешуге бел буған Сұлтан Медеубаев Қоғамдық кеңес төрағалығына бел шешіп кірісіп, қасына жалындап тұрған жастарды жинап, аз уақыт ішінде ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже көрсете бастайды. Қала бойынша бірқатар күрделі мәселелердің шешілуіне ықпал етіп, халықтың алғыс батасына бөленеді. Депутаттардың тісі батпаған әділетсіздікпен күресіп, Мәслихат хатшысы Бексұлтановқа одан әрі ұнамайды. Ол қалай да болсын «әділ төрағадан» тез құтылудың амалдарын қарастырады.

«Президиум мүшелеренің бәрі өз адамдары болғандықтан  Бексұлтанов «постанова» жасайды да, алдын-ала дайындалып қойған хатпен Қоғамдық кеңестің бір мүшесі шығып «Медеубаев өз жұмысын орындай алмай жатыр, маған оның істеп жатқаны ұнамайды» деп Құдайберген Бексұлтанұлының әзірлеп берген программасымен бұлар Медеубаевқа қарсы дауыс береді де, Сұлтан Медеубаевты 3 айдан кейін төрағалықтан алғызып тастайды. Қоғамдық кеңес төрағасының міндетін атқарушы ретінде оның орнына өзі 66-дан асқан ақсақал жасы 70-ке келген ақсақал, бұрынғы депутат Жәнділ Мұхтаровты қояды», - дейді Марат Қанатұлы.

Осылайша, төраға тізгінін ұстағанына тура 3 ай толғанда Медеубаев кезекті отырыста кеңестің жекелеген мүшелерінің ауызша арызы бойынша қарапайым дауыс беру арқылы еш дәлелді себептерсіз қызметінен «алынып тасталды».

Қоғам белсенділерінің хабарлауынша, сол отырыста оны жабық деп жариялау туралы шешім қабылданды ("Қоғамдық кеңестер туралы" ҚР Заңының 13-бабының 3-тармағы) және сол кезде резерв тізімінде тұрған адамдарды ("Қоғамдық кеңестер туралы" ҚР Заңының 9-бабының 9-тармағын және 15 бабының 3-тармағын бұза отырып, Қоғамдық кеңестегі бос орындарға үміткер ретінде жібермеу туралы шешім шығарды. Бұл шешім де ешқандай да талқылаусыз, еш түсіндірусіз, негізсіз қабылданды.

«ӨЗДЕРІНЕ КЕРЕК АДАМДАРДЫ КІРГІЗЕ БАСТАЙДЫ»

«Дауыс беру арқылы резервте тұрған азаматтардың бәрін алып тастайды да, кандидаттардан қайтадан құжат жинайды. Оның ішінде өзінің азаматтық позициясы, жеке көзқарасы қалыптасқан БАҚ өкілдері, халыққа шын қызмет етуге лайық блогерлер мен журналистер Қоғамдық кеңеске өтпей қалады. Яғни олар өздеріне керек емес адамдарды кіргізбей, өздеріне ұнайтын «лояльный» адамдарды кіргізеді. Сол кезде Найля Камаловна бастаған бірқатар кеңес мүшелері әділетсіздікке шыдамай Қоғамдық кеңестен шығып кетеді», - дейді Марат Қанатұлы.

Қоғам белсенділерінің хабарлауынша, Кеңестегі бос орындарға қосымша сайлау тағайындалып, оның қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңеске бес жаңа мүше кіреді. Айта кету керек, кеңесте бірде-бір БАҚ өкілі жоқ, өтініш берген журналист, блогерлердің кандидатурасы қабылданбады. Кеңес төрағасының міндетін атқарушыны "тағайындау" да тез және Президиум құрамынан тыс жүргізілді.

Осылайша Аманжол Оразалинов, Марат Қанатұлы бастаған бірқатар Қарағанды облысының белсенділері жергілікті Мәслихат тарапынан «Қоғамдық кеңестер туралы» ҚР Заңының бірқатар нормалары бұзылғанына көз жеткізіп, қалалық Мәслихат хатшысы Құдайберген Бексұлтанұлының заңсыз әрекеттерін әшкерелеп, өз наразылықтарын қала әкімі – Ермағанбет Бөлекпаевқа, облыс әкімі – Жеңіс Қасымбекке,  тіпті Парламент Мәжілісінің төрағасы – Ерлан Қошановқа жеткізген. Алайда еш нәтиже жоқ. Олар «түбі әділеттілік орнатамыз» деп ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу тастап, бұл істі соңына дейін жеткізуге ниетті.

Аманжол ОРАЗАЛИНОВ, Қарағанды облыстық қоғамдық кеңес мүшесі:

«Осыған дейін Министрлікке де, жергілікті аймақтық әкімшілікке де бұл наразылығымызды білдірдік. Бірақ та ешқандай нәтиже болған жоқ. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сіздің өзіңізге тікелей шығуға мәжбүр болып отырмыз. Осы Қаңтар оқиғасынан кейінгі бастау алған реформаларды халық 30 жыл тосты деп айтсақ артық болмас. Сол реформалардың ең басты, ең өзекті мәселесі - жергілікті өзін-өзі билеу органдарын дамыту және соған жан-жақты халық арасынан кандидаттардың шығуын халық талап етеді. Қаңтар оқиғасынан кейін жаңа «Қоғамдық кеңестер» құрылды. Соның қатарына көзінде оты, жүрегінде жалыны бар бірқатар жас буын, белсенділер кірді. 3 айдың ішінде біраз жұмыстарды істеп үлгерді. Бұл жерде ең бір қиын мәселе болып тұрғаны... Басында қағазда сайланған өздерінің басшыларын сайламай, сол жастардың ішінен шыққан бауырымызды сайлауға көнбеген. Сол 30 жыл өзінің айтқанын істеп «Қоғамдық кеңестерді» болсын, "Мәслихаттарды" болсын  осылай өзінің адамдарымен толықтырған «ағаларымыз» кедергі жасап, түбінде ешқандай Заңға сәйкес келмейтін дауыс беріп, сол бауырымызды «Қоғамдық кеңес» басшылығынан алды. Бұл жерде біздің наразылығымыз бір адамның басшылықтан кеткенінде емес...

Олар жалпы Қазақстан халқының жаңа реформаларға деген талпынысына балта шауып отыр...

30 жыл деген үлкен уақыт. Сол 30 жылда қаншама өзгерістер жасауға болатын органдардың жұмыс істемеуін 3 айда сол жастарымыздың көрсеткені әрине оларға жақпады. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сіздің бастап жатқан реформаларыңыз осы Астананың төрінен аспай жатыр. Нақтырақ айтсақ, мына жергілікті аймақтарда «князьдардан» аспай жатыр. Қоғамдық кеңестерді халықтан шыққан кандидаттармен толықтыру қажет. Бұл жасалып жатқан іс қоғамда наразылық тудырады деп санаймыз. Себебі нақты қоғамның ойын білмей, ашықтыққа балта шауып, өз ойына келген өзіне ұнаған кандидаттарды кіргізіп жатқанын біз көріп отырмыз. Осы себептен біз өзіміздің наразылығымызды білдіреміз. Бұл толығымен Заңға қайшы! Осындай мәселелер шешілмесе, басталған реформалар ешқандай нәтиже бермейді. 30 жылда оған біздің көзіміз жетті. Қазір біз осы жерден тоқтап қалсақ, кейін бұл үлкен мәселеге айналады. Қарағанды қаласының, Қарағанды облысының барша қоғам белсенділері өзінің наразылығын айтқысы келіп отыр. Біздің талаптарымыздың шешілуін сұраймыз және осыған жауап ретінде осы әрекетке барған сол кісілер өз орындарын босатып, шын мәнінде халықтың арасынан шыққан азаматтардың Қоғамдық кеңестерге кіруін талап етеміз!

Марат ҚАНАТҰЛЫ, Қарағанды облыстық қоғамдық кеңес мүшесі:

Құрметті президент Қасым-Жомарт Кемелұлы! «Жаңа Қазақстан» дегеннен кейін жаңа өзгерістер болуы керек! Өзгерістер болып жатыр. Бірақ жоғары жақта елордада ғана болып жатыр. Бергі жақта біздерде өзгеріс жоқ. Зейнет жасынан асып кетсе де билікке жабысып жастарға кедергі жасауда. Жастары 65-тен асады. Өткен жолы Парламент спикері Ерлан Жақанұлы келген кезде біз толықтай облыс әкімінің алдында осы жағдайды көтергенбіз. Депутаттыққа да бір емес екі рет сайлауға түстік. Біз екі сайлаудың да ішіне кіре алмадық. Бүкіл депутаттардың артынан бір ғана «Мәслихат хатшысы» жүгіріп жүр. Қалғаны көрінбейді, тасада қалып қойып жатыр. Өз ойларын ашық айта алмайды, жеткізе алмайды. Мына «Қоғамдық кеңестеде» тура солай. Таза ашық сайлау жолымен сайланған жас азаматты 3 айдан кейін ешқандай дәлелсіз орнынан алып тастағаны бәрімізге ауыр тиді. Расын айтсақ, сіздің жоғарыдан істеп жатқан істеріңізді кемшілік қылып көрсетті. Осындай істер зиян жасап отыр. Ол жігітті алып тастап, орнына міндет атқаруға 4-5 рет сайлауға түскен, бірнеше рет депутат болған 70-ке жасы келіп қалған адамды қойды. Біз сізден осындай жасы келген азаматтарды билікке және мұндай сайлау істеріне араластырмауыңызды өтініп сұраймыз!

Қоғам белсенділері осы күнге дейін көзбояумен айналысқан Қоғамдық кеңестердің "халыққа" өткенін қалайды. Олардың айтуынша, Қаңтар оқиғасының нәтижесі ретінде Қоғамдық кеңестерге тек "халықтың өкілдері" кіруі керек.

"Өйткені, Қоғамдық кеңесте қаланың ары қарай даму стратегиясы, бюджет жобасы, ішкі гранттар, әкімнің гранттары талқыланады. "Неге анаған беріп жатыр, неге мынаған беріліп жатыр" деген сияқты сұрақтар қойылады. Сондықтан олар тек өз адамдарын жинайды. 30 жыл бойы өзіне керек адамдарды ұстады. "Зейнеткерлерді неге зейнетке жібермейсіздер? Жастарға қиянат жасап жатыр,  кеше Сұлтан бауырымызды алып тастады" деп Қарағандыға кездесуге келген Қошановқа да бұл мәселені айттық. Еш өзгеріс жоқ. Неге Қоғамдық кеңес халықтың мүддесі үшін емес шенеуніктердің мүдделері үшін таңдалуы тиіс? Бірінші және екінші рет өткізілген сайлау да біраз азаматтардың наразылығын тудырған болатын. Бірақ, қаланың атқарушы билік өкілдері тарапынан да, Қоғамдық кеңестің өзінен де еш өзгерісті байқап отырғанымыз жоқ.

"ҚК бұрынғы төрағасы қалыптасқан жағдай бойынша ҚР АҚДМ Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасынан жазбаша жауап алды. Бұл хатта ҚК кеңесі мен Президиум мүшелерінің заңсыздығын растайтын барлық іс-әрекеттері бойынша нақты түсіндірмелер берілген. Заңнаманы бұза отырып қалыптасқан және ашықтық пен әділдік қағидаттарына сүйенбейтін Қарағанды Қоғамдық кеңесі таратылып, БАҚ өкілдері мен тәуелсіз сарапшыларды, сондай-ақ қоғам қайраткерлерін тарта отырып, жаңа Қоғамдық кеңес құрылуы тиіс деп санаймыз. Қарағанды қаласының белсенді азаматтары Сізден жоғарыда баяндалған заңнаманың бұзылуына және олардың салдарын жоюға байланысты Мемлекеттік басқарудың тиісті жергілікті органдарының тұлғаларына қатысты шаралар қабылдауды сұрайды", - деп қоғам белсенділері күрмеуі қиын, шешуін таппай тұрған мәселені тек президент шеше алады деп Тоқаевтан қолдау күтуде...

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер