ДӘУРЕН ҚУАТ: Болат Әбілов сау сиырдың боғы емес!

5832

«Болат Әбілов», «Болат Әбілов», «Бутя» деп жатыр екенсіздер ғой. Мен айтайын, сол Бутяларыңыз да «сау сиырдың боғы емес». Ол да кешегі жабайы жекешелендірудің тұсында қазақтың байлығын сауғандардың бірі.

Ол да банктен қайтарымсыз несие алып есіргендердің ең алдында тұр. Өңіріне қатарлап тізген түймесі көп кәшімір кәстөм-шалбар киіп, коммерциялық арналардан түспей базар экономикасын бар дауысымен жарнамалағандардың жәмиғатынан табылып жүрген бұл жігіт космополиттік буржуазияның көшін бастап бергенімен, туған халқының жағдайына аса көп алаңдаған емес.

Бутяның қолынан «дәм татқандар», «кереметке кенелгендер» азын-шоғын бар шығар, бірақ ол тұтас ел қамқоры бола алған жоқ. Ескі жүйенің тұсында саясатпен азды-кем айналысып, бірде көрініп, бірде көрінбей қалып, жалпы жұртпен жасырынбақ ойнауға машықтанған сол Бүтекең, яғни Болат Әбілов аяқ астынан белсенді болып, осы күндері билікті қаралап жазбалар жазып, «Жаңа Қазақстанды» жерлеп, жанұшыра әрекетке көшіп жатқан көрінеді. Меніңше, оның артында «Жаңа Қазақстанға» жұдырығын түйіп отырған біреулер бар. Бір күшті әлеует иесі – кукловод бар. Мынау – солардың тапсырысын орындаушы.

Бутяшылардың бірінің сөзін бірі іліп алып, қазіргі билікті жарыса, дәлелсіз айыптауға көшуі тапсырыс орындаушыларды елестеді. Олар "айламызды асырып, қулықпенен қатырдық" деп ойламасын. «Судың да сұрауы бар» екенін ұмытпасын! Өтірікшінің құйрығы бір-ақ тұтам деген. Әрі-беріден соң, Болат Әбіловтің де қазына мүлкін «жекешелендіруге» қалай қатысқаны жұрттың көз алдында ғой. Оның қазіргі күрт белсенділігі «қорыққан бұрын жұдырықтайды» дегеннің керін келтіріп тұрғандай.

Әбілов пен Әбіловтың ізіне ергендердің сөзіне бақсақ, Қаңтар оқиғасы кезінде қарапайым халықтың бейбіт шеруін өз мақсатына пайдаланып, бүлік бастап, ел ішін ала тайдай бүлдіруге кіріскен басбұзарлардың әрекетіне ресми билік қол қусырып қарап тұра беру керек екен... Сонда ресми билік ғимараттарды қиратып, дүние-мүлікті тонап, жазықсыз жандарға оқ жаудырған содырларға тосқауыл қоймауы керек пе еді?! Жоқ! Мемлекет басшысы батыл ерік-жігер танытып, басбұзарлардың бетін қайтарып, мемлекеттің іргесін шайқалтпай сақтап қалды. Ол – нағыз елдік іс. Мемлекеттің тәуелсіздігін, ел болашағын, халық қамын ойлаған тұлғаның ісі – бұл!

Қасым-Жомарт Тоқаев аз уақыт ішінде елде саяси реформаларды қарқынды жүргізді, жемқорлыққа қарсы күрес ашты. Мемлекет мүлкі мен қаражатын кезінде заңсыз иеленіп алғандардан ұрланған, тоналған дүниені қайтарып ала бастады. Оның алғашқы толқыны мемлекет қазынасына құйылғанына бәріміз куәміз. Бұл іс ары қарай да жалғаса бермек.

Сондықтан қазіргідей қауіпті, алмағайып кезде қалың жұрттың қамын ойлаған Қасым - Жомарт Кемелұлындай азаматқа бір кісідей қолдау білдірген де ғана береке табатынымызды білгеніміз абзал. Өйткені, қазақ – береке мен бірлікті қастерлейтін халық. Атадан балаға мирас болған сол құндылығылымызды «ұстағанның – қолына, тістегеннің – аузына» беріп қоймауымыз керек.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket