“30 жылда 30 үй де салынған жоқ!”: Жезқазған қаласының тұрғындары апатты жағдайда өмір сүруде

3206
Adyrna.kz Telegram
Фото:  видеодан алынды
Фото: видеодан алынды

Жезқазған қаласының орталығында апатты үйлер көп. Жол мәселесі де мәз емес. Орталық көшелерінде аюдың апанындай шұңқырлардың жатуы қалыпты жағдай. Бұл туралы Сұрауы бар ютуб арнасы деректі фильм түсірді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Фильмдегі мәліметтерге сүйенсек, 1997 жылы Жезқазған облысының таратылуына әлі күнге дейін халық наразы.

«Біздің халықты тұншықтырып тастаған. Жезқазғанды тарату туралы жиналыс өте зардабы мол жиналыс болды. Біздің ақсақалдар екі қолын көтеріп, қолдап ала жөнелді. Сол жиналыс менің жадымда қалыпты. Жарты сағатқа да созылған жоқ. Бүкіл облысты қолдан берді де жіберді. Бір адам қарсы болған жоқ. Тіпті, қолдап сөйлеген ақсақалдарымыз болды. Мен ол жиналыста болған жоқпын. Бірақ халық іштей қарсы болған жоқ. Кейін сырттай күнкілдегендер болды», - дейді Қазақстанның құрметті журналисті Базарбай Әлеуханұлы.

Журналистің айтуынша, Жезқазғанды таратқаннан кейін қалада ешқандай даму болмады.

«Жезқазған үкіметтің тарапынан Моноқалалар деген бағдарламаға іліккен қала. Онда да түк істелген жоқ. Сол баяғы жартас, бір жартас. Әлі де таза су ішіп отырған жоқ, дұрыс су ішіп отырған жоқ. Апат деген сұмдық. Экологияны бұзып тұрған ҚазақМыстың өндіріс орындары. Бұған үлкен ақша бөлініп жатқан жоқ. Штрафпен ғана құтылып отыр. Ал штраф корпорация үшін болмашы нәрсе», - дейді ол.

Ал Жезқазған қаласының тұрғындары апатты үйлер мен жұмыссыздықтан шаршаған.

«30 жыл бойы 30 үй салынған жоқ. Кеңес одағы кезінде шағынаудандар ғана көтерілген. 30 жылда корпорация бір үй салды дегенді естіген жоқпын. Тек қалалық әкімдіктен соңғы жылдары пайда бола бастады. Елге жұмыс орнын ашу керек қой. Тек шахтер мен металлург қана жұмыс істеу керек пе? Басқа жұмыс болуы керек қой. Бізге жұмыс керек. Қаншама жастар жұмыссыз жүр?!», деп күйінді.

Пікірлер