Тоқаев қос министрге сөгіс бермей, Назарбаев кланын қуу керек! - Балташ Тұрсымбай

8361

"Кеше анау әлгі 2 министрге Тоқаев сөгіс берді. Оларға сөгіс бермеу керек. Оларды қуу керек! Бақыт Сұлтанов та, Ербол Қарашөкеев та Назарбаевтың орнатып кеткен кланы! Өздері жұмыс істемей, бюджеттің ақшасын талан-таражға салып, тендерлерді былықтырып, ұрлап отырған коррупционерлердің барлығын тоқтатып, орындарына білетін азаматтарды қою керек". Бұл пікірді белгілі саясаткер, қоғам қайраткері Балташ Тұрсымбай Adyrna.kz ұлттық порталының тілшісіне берген сұхбатында айтты. 

«Тоқаев жиналыс өткізіп, өзекті мәселелерді айтқанменен оның айтқанын ешкім орындамайды. Әрине, ол көтерген сұрақтардың бәрі халыққа өте қажет. Халық бүгін қиналып жатыр. Бір жағынан қымбатшылық, екінші жағынан жұмыссыздық, үшінші жағынан мынау коррупция... Міне, осы үшеуі халықты жегідей жеп жүр. Оны Тоқаев нақты білмегенмен, сезіп отыр», - дейді саясаткер. 

Балташ Тұрсымбайдың айтуынша, халықтың президентке қатысты пікірі екіге бөлініп, бір-біріне қарама-қарсы пікірлер туындауда.

«Бірінші тарап «Иә,Тоқаев мырза! Сіздікі дұрыс. Мінекей, енді түзелеміз» десе, екінші тарап «3 жыл бойы айтылып келе жатыр. Ештене де орындалған жоқ» дейді. Шынымен, Тоқаевтың ел президенті болғанына 3 жыл болды. Не істеді? Халық шулай бергеннен кейін ұры, білімі жоқ, сауатсыз Маминді қызметтен кетірді. Ал сол Мамин қазір қайда? Оны ешкім тергеп жатқан жоқ. Ешкім оны ашық жүрде жазалап жатқан жоқ. Неге десең... Ол ұры! Енді ол ұрының орнына оның Смайылов деген орынбасарын қойды. Оны тағайындаған тағы да Тоқаев. Енді Смайыловтан не күтуге болады?! Оның келгеніне бір жылға жақындап қалды. Ештеңе істеген жоқ!», - дейді Балташ Тұрсымбай.  

Саясаткер мемлекет мүддесін қорғай алмаған министрлер Бақыт Сұлтанов пен Ербол Қарашөкеевке сөгіс жариялау аз дейді...

«Мен бір-ақ мысал айтайын. Кеше анау әлгі 2 министрге Тоқаев сөгіс берді. Оларға сөгіс бермеу керек. Оларды қуу керек! Орындарына білетін азаматтарды қою керек. Анау Премьер-Министр орынбасары - Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов та, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев та Назарбаевтың орнатып кеткен кланы! Солардан Тоқаев құтыла алмайды. Сөгіс беру деген не оларға? Анау ұры шал ертең Тоқаевқа: «Ей, тимесейші оларға» дейді. Себебі, екеуі де өзінің кланы ғой. Тоқаев болса: «Енді оларға бір сөгіс беріп қойдым. Халық осылай қиналып жатыр. Тағы да көрерміз» дейді. Сол «көрермізбен» тағы да 2-3 жыл өтеді», - дейді саясаткер.

Балташ Тұрсымбай отандық қант өндірісіне қатысты мәселе іс жүзінде қалай шешілу керектігіне тоқталды.

«Қант қызылшасы дейді. Президент Тоқаев бұл сұрақты тағы да көтерді. Жеті қант зауытының бүгінде тек төртеуі ғана халқымыздың 5-ақ пайыз қантпен қамтамасыз етіп отыр. Ал енді осындай шұрайлы жерлерді алып жатқан Қазақстан неге қант қызылшасымен өзін-өзі қамтамасыз етпейді? Қазір батыста қант қызылшасын өсіру бойынша үздік технология дамыған. Сол үздік технологияны кішкене ғана зерттеп, соны Қазақстанның жеріне қондыратын болса, 3 жылдың ішінде біз өзімізді 100 пайыз қантпенен қамтамасыз етеміз. Ал қазір онымен кім шұғылданып жатыр? Ол анау министрдің миына да кіріп шықпайды. Ондай технология, өндіріс деген... Қант зауыты деген... Оның иісі мұрнына да бармайды», - дейді Балташ Тұрсымбай.

Саясаткердің айтуынша, екі министрлік сөзден нақты әрекетке көшіп, батыл шешімдер қабылдауы тиіс.

«Неге екі министрлік осы мәселеге қатысты тексеріс жүргізбейді? Неге концепция жасамайды? Неге ол өндірісті орнына қоймайды? Мысалы, бізде суы бар жер қандай? Жетісу дейміз... Жетісудің суы 40 млн халыққа қант қызылшасын өндіріп, дүкендерге шығара алады. Ал қазір бізде 19-ақ млн халық. Сол 19 млнның 5-ақ пайызын ғана қант қызылшасымен қамтамасыз етіп отырмыз. Олар осы сұраққа жауап берулері керек. Ал олар бір сөгіс алды. Болды. Назарбаевтың кланы өздерінің жұмысын әрі қарай істей береді. Әлгі тендерлерін ұрлайды, жейді... Ол кланның тағы кланы бар. Ана клан бар, мына клан бар. Бұның барлығын үзуіміз керек қой..»,- дейді саясаткер.

Балташ Тұрсымбай Тоқаевқа халықпен жақын болып, ұлт болашағы үшін батыл қадамдар жасауға шақырды.

«Тоқаевқа қорқып, бұғып отырмау керек. Ақорданың ішінде сыпайы киімін киіп, шәйін ішіп... Халықты шақырсын. Білетін адамдарды шақырсын. Ұсыныс енгіземіз, айтамыз! Ол Назарбаевтың әлгі орнатып кеткен жүйесін дереу бұзуы керек! Кланның барлығын қуу керек! Не сонда Үкіметке Қазақстаннан 30 адам табылмай ма? Қазақ жігіттері құрып кетті ме екен? Құрыған жоқ. Ол жігіттер сыртта жүр. Өндірісті ұйымдастыратын білімді жігіттерді шақырсын. Ақылдассын. Ақылымызды айтамыз. Біз халыққа жау емеспіз ғой. Тоқаев алдында Ұлттық құрылтай өткізді. 117 адамды Ұлытауға алып барды. Ол 117 адамның санын байқаңдар. Ішінде халыққа жаны ашитын 10 адамда жоқ. Қалғанының бәрі жағымпазданып, мақтап, өлең айтып жүргендер. Кеше Назарбаевты мақтаған, бүгін Тоқаевты мақтап отыр. Ал Тоқаев «Ей, мені мақтамаңдар! Мен халыққа қызмет етемін! Халыққа жұмыс жасаймын!» деп әлі бірде-бір рет айтқан жоқ», - дейді Балташ Тұрсымбай.

Саясаткердің сараптауынша, Тоқаев егер билікті өз қолына алып, бұйрықтарымды орындатамын десе, ұлтқа жани ашитын адамдарды қасына жинап, тыңдай білуі керек.

«Өздері жұмыс істемей, бюджеттің ақшасын талан-таражға салып, тендерлерді былықтырып, ұрлап отырған коррупционерлердің барлығын тоқтату керек! Біздің Тоқаевқа жанымыз ашиды. Бірақ, ол өзі ешқандай қимыл жасап отқан жоқ. Ол өзі үшін ыңғайлы жағдайды ойламасын. Қаңтар көрсетті. Енді оның бетін аулақ қылсын. Қайтадан қайталанбасын. Бірақ халықтың төзімі шексіз емес. Ертең халық қайтадан көшеге шығып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан жұмыс істеу керек! Назарбаевтың бұрынғы әдісін қайталамасын, оның халықты өтірік алдап қойып, қасындағыларға «Ну ничего я вас поругал. Это так ну чтобы народ не обижался. Бірақ сендер мықтысыңдар. Ұрлай беріңдер, ала беріңдер, істей беріңдер» дегенін мен өз құлағыммен естігем. Бұл таптаурын ескі әдіс өтіп кетті. Енді Тоқаев та халықты тағы 30 жыл осылай алдаймын десе, онда ол қателеседі. Қазір халықпен жұмыс істеу керек! Ашық айту керек! Білетін адамдарды маңайына жинау керек. Ақылдасу керек. Бізде халыққа жаны ашитын дұрыс жас жігіттер бар. Соларды қызметке тағайындау керек. Біздің халық өте төзімді, шыдамды. Халық президент тарапынан нақты жұмыс басталғанын сезініп, Тоқаевтың әжептеуір жұмыс істейтініне көз жеткізсе және «Тоқаев халықпен жұмыс істейді, ұрылардан құтылады» дегендей ұғым халықтың миына қонатын болса, онда барлығын түзеуге әлі де мүмкіндік бар», - деп аяқтады сөзін саясаткер.

Зарина ӘШІРБЕК,

"Адырна" ұлттық порталы 

 

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket