Бізге мемлекеттің шетелдік спортшыларға ақша бөліп, мақтанғаны керек емес - Еркін Рақышев

5088
Adyrna.kz Telegram
Фото: видеодан алынды
Фото: видеодан алынды

Қазақ спортына легионерлер шақыртқан дұрыс па? Легионерлерді алдыртқан қаншалықты тиімді? Талқыға түскен сұрақтар туралы пікірін режиссер, қоғам белсендісі Еркін Рақышев «Адырна» ұлттық порталының тілшісіне айтып берді.

«Легионер  спортшыларды шақырған дұрыс немесе бұрыс екеніне тоқталсақ, біржақты жауап беру қиын. Неге? Себебі, қазіргідей біздің мемлекеттің, халықтың ақшасына шетелдің ортан спортшыларын шақырып, оларға айына 30 млннан жоғары ақша төлеп жатқанына мен мүлде қарсымын. Олар бір нәтиже көрсетсе, Қазақстанды әлемге танытып жатса басқа әңгіме. Ал бұлардың барлығы осындағы жергілікті футболшылардан асып жатқаны шамалы. Бірақ  ақшаны еселеп алады.

Бәріміз білеміз елде ешқандай тендер де, басқасы да жемқорлықсыз болмайтыны. Сол ақшалардың жартысынан жуығын осы спорттың айналасында жүрген шенеуніктер, жемқорлар алып жатқаны белгілі. Бірақ мен шетелдік спортшылардың, легионерлердің біздің елге келуіне қарсылығым жоқ. Егер бір команда өзінің ақшасына шетелдік спортшыларды шақырса, мен оған қарсы емеспін. Өкінішке орай, бізде команданың барлығы бюджеттің ақшасына күн көреді. Содан кейін бюджеттің, мемлекеттің, халықтың ақшасына шақырады. Бұлай болмауы керек. Легионерлерді шақырту әлемдік үрдіс. Алайда шетелде командалар өз қаржыларына шақырады. Өкінішке орай, бізде ондай үрдіс қалыптаспаған», - деді режиссер.

Сондай-ақ, ол спортшыларды шетелге жібермей, шетелден жаттықтырушылар шақырту керек деген ойымен бөлісті.

«Естеріңізде болса, осыдан 7-8 жыл бұрын шетелден келетін спортшылар туралы ойымды айтқан едім. Қазақстандық жас балалар Бразилияға барып футбол өнерін үйреніп келмекші болып сонда барған еді. Олай жасауға болмайды, ол дұрыс емес деп айтқан едім. Өйткені, шамамен 100 баланы Бразилияға жібергенше,  сол ақшаға Бразилиядан 100 тренер алып келу қажет. Сонда біздің футбол үшін үлкен нәтиже, эффект болар еді. Мәселен, 100 бала әрқайсысы жеке өзі үйреніп келеді. Ал 1 тренер 1 жылда 100 баланы үйрететін еді. Бәріміз белгілі, Куба бокстан әлемдегі ең үздік мемлекет. Ал Куба оны қалай дамытты? Олар шетелден басқа спортшылар әкеліп, Кубаның атынан қатыстырған жоқ. Сол кездегі кеңес үкіметінен тренерлер алдырды да, сол тренерлер кубаның оқушыларының жаттықтырды. Сөйтіп, әлемдік деңгейге көтерілді. Бізде шахматтан қыздарымыз неге мықты? Себебі,  шахматтан бізде Грузиядан, Украинадан тренерлер бар. Сондықтан тек тренерлерді шақыру керек деп ойлаймын», -деді Еркін Рақышев.

Қоғам белсендісінің айтуынша, легионерлерді алдырту мақтану үшін істелген әрекет. Оларға көп ақша бөлгенше, балалардың денсаулығына мол қаржы бөліну қажет.

«Өкінішке орай бізде «жоғарғы» деңгейдегі спортқа бөлінетін ақша жылына 50 млрд теңге. Ал бұқаралық спортқа бар-жоғы 2-3 млрд теңге бөлінеді. Керісінше болу керек. Бізге мемлекеттің шетелдік спортшыларға ақша бөліп мақтанғаны керек емес Оны дешевый авторитет қылып не керегі бар? Сондықтан да ақшаны бұқаралық спортқа салу керек. Одан кейін балалардың арасындағы турнирлерді ұйымдастыру керек. Баланың үш ай демалысы түрлі спорттық жарыстармен өту керек», деп сөзін қорытындылады.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер