Жанұзақ Әкім: «Легионерлер бүгін бар, ертең жоқ. Қай жерден келді, сол жерге кетеді»

5579
Adyrna.kz Telegram

Спортқа сырттан келіп қосылған спортшыларды, яғни, «легионерді» Қазақстанға алдырту құбылысын тоқтатуды талап ететіндер де, оны қос қолдап қолдайтындар да табылады. Алайда халықаралық додаларда Қазақстанның атынан сынға түсетін шетелдік спортшылар әлі күнге дейін азайған жоқ. Талай әңгімеге арқау болған легионерлер мәселесі туралы қоғам қайратері Жанұзақ Әкім «Адырна» ұлттық порталының тілшісіне айтып берді.

«Спорттағы легионерлердің мәселесі - өте жауапты мәселе. Біздер легионерлерді қолдаймыз деп, халықтық спортты ұмыттық. Жүйе болу керек. Мектептен бастап, әр шағын аудан, әр қалада, әр ауданда түрлі спорт түрін ұйымдастырып, қадағалау керек. Жақсылық Үшкемпіров ағаларымыздан бастап  олимпиаданың чемпионының көбі ауылдан шыққан. Ал қазір ауылдық мектептерді, ауылдық спортты, олардың дамуына мүлдем көңіл бөлмей кеттік.

Адам капиталын ескеруіміз керек. Дені сау адам - уақытында салығын төлейтін, яғни елді байытатын, елге пайдалы азамат. Сондықтан спортқа көңіл бөліп, осы мәселені тереңнен қарау керек. Легионерлер ең кең тараған спорттың түрі - футбол. Еуропаның клубтары Месси болсын, Роналду болсын барлығы Оңтүстік Америкадан, Бразилия, Аргентина т.б. келіп жатыр. Ал біз мемлекет ретінде алдымен, өз халқымыздың денсаулығы және сол өзіміздің халықтан шыққан таланттарды шығаруымыз керек.  Елімізде ешқандай легионерлерсіз шахматтан чемпиондар шығып  жатыр. 7 жасар кішкентай қыздан бастап әлем чемпионы болуда», - деді қайраткер.

Сондай-ақ, легионерлердің көп болуы еліміздің еліктеушілік қаблетінің басымдығында екен.

«Біз еліктеп келеміз. 90-жылдардан бері еліктеп, 30 жылдың ішінде жаман әдет қалыптастырдық. Америка боламыз деп, алжып кеттік.  Қазір бүкіл қаржыны футбол клубтарындағы легионерлерге беріп отыр. Жалпы айтқанда, Қазақстанда футбол жоқ. Біз өзіміздің жастарға, жастарды тәрбиелеуге көңіл бөлуіміз керек, бұл мемлекеттің бірінші міндеті. Себебі, мемлекеттегі ең бірінші құндылық, ол  - адамы, оның азаматы.

Ал жеке клубтар легионерлерді шақыратын болса заідатырсын. Олардың үлесі үшеуден аспау керек.  Ресейде мүмкіндік болмаған соң, спортшылары бізге ағылып жатыр. Содан келген бірең-сараң легионерлерді алуға болады. Оған ешкімнің де қарсылығы жоқ болар. Алайда топырлатып барлығын ала беру дұрыс емес.  Бізде спорт комплекстері, бассейндердің санынан көрі аптекалардың саны 20 есеге дейін көп. Тіпті, ауылдық жерде спорт комплекстері де жоқ. Сонда халықтың барлығы ауру ма? Барлық ауыл, мектептерде орта және жоғары оқу орындарында шахмат, тоғызқұмалақ сынды ойындарды міндеттеу қажет. Осылай бұқаралық спортты, жастардық интеллектуалдық дамуына көңіл бөлсек, өзіміздің ішімізден де әлем чемпиондары шығады», - дейді Жанұзақ Әкім.

Одан бөлек, қоғам белсендісінің айтуынша, легионерлерді бір орында мәңгі ұстап тұра алмаймыз.

«Легионерлер бүгін бар, ертең жоқ. Қай жерден келді, сол жерге кетеді. Легиоенерде отан болмайды. Олардың отаны  - конверсия, ақша табу. Сондықтан осыны ұмытпағанымыз жөн. Біз әлеуметтік инновацияға, жалпы экономиканы инновацияға айналдыруға көп көңіл бөлуіміз керек. Ал экономикасы шикізат елдердің бәрі кедей, көбі қайыршы.  Мәселен, Венесуэла мұнайдан әлемде 3-ші орын алады.  Бірақ халқы кедей, қайыршы болып кеткен. Сондықтан біз заман ағымына сай адамға көңіл бөлуіміз керек. Өзіміздің азаматтарға жағдай жасауымыз қажет. Ол үшін бұқаралық спортты дамытуымыз керек.. Ал отандық спортты дамыту, ол  - ұлттық патриотизм», деп сөзін аяқтады.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер