Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейнежазба арқылы «AMANAT» жастар қанатының кезектен тыс VI Съезіне қатысушы делегаттарға құттықтау сөз арнап, ел жастарына арнайы үндеу жолдады. Съезд барысында жастар қанатын трансформациялаудың жаңа бағдарламасы қабылданып, Орталық кеңестің құрамы мен жастар ұйымының атауы өзгертілді, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.
Ақмола облысының Зеренді ауылында өтіп жатқан Съездің пленарлық отырысына еліміздің барлық өңірінен 350-ден астам делегат пен қонақ қатысты.
Пленарлық отырыс барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «AMANAT» партиясы жастар қанатының кезектен тыс VI Съезінің делегаттарына арнайы үндеу жолдады.
Онда Президент Жаңа Қазақстанның жастары айрықша түсінуге тиіс үш маңызды бағытты атады. Олар – терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет.
Біріншіден, Мемлекет басшысының айтуынша, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар елді алға бастайды, болашақтың кілті цифрлық технология мен инновацияда. Сондықтан бірнеше тіл біліп, түрлі кәсіп игеру жастардың қолынан келеді. Президент атап өткендей, еліміз бәсекеге қабілетті болуы қажет. Халқымыздың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту керек.
Мемлекет басшысының айтуынша, білімді әрі білікті өрендер ғана биік мақсатқа жете алады. Елге тірек болу – әрбір жастың мұраты. Ел жастардан тың бастамалар және озық идеялар күтеді.
Екіншіден, жастар адал еңбекті бағалап, рухы биік, санасы сергек болуға тиіс. Жаңа заманның жақсы қасиеттерін бойға сіңіре отырып, жаһанданудың жағымсыз әсерлерін де естен шығармау керек. Мемлекеттік мүдде бәрінен биік тұруы керек екенін айта келіп, Президент әрбір жасты ана тілін, ата дәстүрін, төл тарихын білуге үндеді.
Үшіншіден, отаншылдық қасиет туралы Мемлекет басшысы әркім қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезіну керек екенін, туған елге құрмет жалынды сөзден емес, жасампаз істен көрінетінін, алдына мақсат қойған азамат нағыз мемлекетшіл тұлғаға айналатынын ерекше атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, аға буынның жастарға зор үміт артатынын, оны жастардың ақтайтынына сенім білдіріп, Съезд жұмысына табыс тіледі.
Өз кезегінде, жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев еліміздің саяси жүйесінің трансформациясы «AMANAT» партиясының трансформациясынан басталғанын атап өтті.
«Партияны дамытудың кезекті кезеңі оның жастар қанатын жаңғырту саналады. Біз жастар мен билік арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді арнасына айналғымыз келеді. Барлық өңірден келіп түскен ұсыныстар негізінде қайта жандандыру бағдарламасы әзірленді. Сондай-ақ ұйымның Орталық кеңесінің құрамы қайта қаралды», – деді Нұржан Жетпісбаев.
Пленарлық отырыс барысында сөз сөйлеген медиаволонтер Диас Камериданов партияға барлық тарихи құжаттар мен деректі фильмдер қазақ және ағылшын тілдерінде цифрландырылатын «Tarih» бірыңғай платформасын әзірлеуді ұсынды. Бұл Қазақстан тарихын диджитализациялауға және оны баршаға қолжетімді етуге мүмкіндік береді.
Партия жастар қанатының Алматы қалалық филиалының волонтері Ариана Белобжицкая еріктілердің 100 мектебін қамтитын Волонтерлер академиясын құруды ұсынды. «Бұл бір алаңда түрлі бағыттағы еріктілерді жинауға мүмкіндік береді. Олар жаңа білімді, тәжірибе мен біліктіліктерді ала алады. Шетелдік сарапшылардан да үйренеді», – деп атап өтті ол.
Қаңтар айындағы оқиғалар кезінде әскери қызметте болған ақтөбелік Ұлан Мырзабайдың айтуынша, Отан қорғау – әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы. «Жастардың патриоттық тәрбиесіне ерекше назар аудару қажет. Бұл ретте, партияның жастар қанаты жүзеге асырып жатқан «Qaisar» жобасы бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Биыл осы жоба аясында ел аумағындағы 2000-нан астам жоғары сынып оқушысы қамтылды. Осы бағыттағы жұмысты белсенді түрде жалғастыру керек», – деді Ұлан Мырзабай.
Бұдан соң Солтүстік Қазақстан облысы Озерное ауылы мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Асыл Ахметова сөз сөйледі: «Қазіргі уақытта жастардың басым бөлігі өз болашағын мегаполистермен байланыстыратыны жасырын емес. Алайда ауыл – халқымыздың бесігі. Сондықтан жастарды қолдауға бағытталған бағдарламалар үлкен қалалармен шектелмей, ауыл жастарына дейін жетуі тиіс».
Асыл Ахметова көшпенділер мұрасы мен түркі әлемінің құндылықтарын дәріптеудің маңызы зор екенін атап өтті. Осы мақсатта, әр жыл сайын түрлі мемлекеттерде өткізіліп келе жатқан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын 2024 жылы қазақ даласында ұйымдастыруды ұсынды.
Сондай-ақ, қоғам қайраткері Дәулет Мұқаев Съезд делегаттары мен қонақтарын «Ақылды жас Азамат» және «AQYL BATTLE» жобалары туралы хабардар етті.
ЕУРО-2022-нің үздік шабуылшысы атанған «Қайрат» футзал клубының шабуылшысы Біржан Оразов партияның жастар қанатының атауын өзгертуді ұсынды.
«Жаңа Қазақстанды өз Отанын сүйетін, білімді, парасатты, дарынды, рухты жастар құратыны сөзсіз. Сондықтан бүгінгі делегаттарға партияның жастар қанатының атауын «Жастар Рухы» деп өзгертсек деген ұсынысым бар», – деді Біржан Оразов.
Бұл шешімді іс-шараның барлық қатысушылары қолдады.
«Рух – халқымыз үшін киелі құндылықтарды білдіретін ұғым. Бұл атау өте терең мағынаға ие, үлкен жауапкершілік жүктейді. Жаңа атау ұйымның жұмысын да түбегейлі өзгертуді талап етеді. Яғни, жаңартылған жастар қанаты жас ұрпақтың мүдделерін шын мәнінде қорғауы тиіс», – деді Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев.
«AMANAT» партиясы Саяс кеңесінің мүшесі, танымал тележүргізуші Мақсат Толықбай партия атауын өзгерту туралы ұсынысқа қолдау білдірді.
«Қазақ халқы әуелден рух, намыс ұғымдарын айрықша қастерлейді. Ал рухани байлық дегеніңіз – ұлттық сана, тіл, діл. Ең үлкен байлығымыз да осы адами капитал, рухани құндылықтар. Ел болашағы білімді жастардың қолында. Бабалар аманаты жас буын білім мен еңбекқорлықты үлгі ете алған кезде орындалады. Жаңа Қазақстан – рухани сабақтастық», – деді Мақсат Толықбай.
Съезді қорытындылай келе, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Жаңа Қазақстан болашақ жастардың игілігі үшін құрылып жатқанын атап өтті.
«Бұл реформалардың мәні неде? Сіздердің әрқайсыңызға – еліміздің саяси өміріне, бизнеске, басқа да қоғамдағы маңызды мәселелерге еркін араласу үшін тең мүмкіндік беру. Бір сөзбен айтқанда, біздің жастарымыз келешекте әділетті де ашық қоғамы бар қуатты Қазақстанда өмір сүрулері керек. Президент бастамасымен осы өзгерістердің барлығы Конституциямызға енгізілді, шегеленді, заңдастырылды. Ендігі кезекте осы реформаларды іске асыруда – алдыңғы қатарда жастар, әрине сіздердің болуларыңыз өте маңызды», – деді Ерлан Қошанов.
«AMANAT» партиясының Төрағасы жастар қанатының алдына бірқатар перспективалық міндет қойды. Атап айтқанда, жастар проблемаларының аймақтық карталарын енгізу, дарынды жастар үшін жобалар жәрмеңкесін және басқа да іс-шараларды өткізу, жас көшбасшыларға арналған оқу бағдарламаларының тиімділігін арттыру, NEET санатындағы жастардың проблемаларын шешу жөніндегі жұмысты күшейту, «Бір толқында» пікірталас алаңын және ЖОО түлектерін жұмысқа орналастыру бойынша агенттік құру.
VI кезектен тыс Съездің шешімімен жастар қанатын трансформациялаудың жаңа бағдарламасы қабылданды, жастар ұйымының атауы өзгертілді. Орталық кеңестің құрамы қоғамдық пікірдің белсенді көшбасшыларын, ҮЕҰ өкілдерін және т.б. тарту есебінен кеңейтілді.
"Адырна" ұлттық порталы