"Ата-анамды жігітім өлтірді": Павлодарда айуандықпен қаза тапқан екі адамның өліміне қатысты тың дерек шықты

6261
Adyrna.kz Telegram

Павлодар облысында жеке үйдің ауласынан екі адамның мәйіті табылды. Қайғылы оқиға Тереңкөл ауданының Береговое ауылында орын алды, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

Облыстық полиция департаментінің мәлімдеуінше, оқиға орнында қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, адам өлтірді деген күдікпен 22 жастағы ауыл тұрғынының ұсталған. 

  "3 шілде күні сағат 02:10-да Тереңкөл ауданы, Береговое ауылында жеке тұрғын үйдің ауласынан пышақ жарақаты түрінде зорлық-зомбылық белгілері бар 46 жастағы үй иесі мен оның 48 жастағы бірге тұратын адамның мәйіттері табылды. Марқұмның кәмелетке толмаған ұлы үй-жайлардың бірінде паналағандықтан зардап шеккен жоқ", – делінген хабарламада.  

Pavlodarnews.kz хабарлауынша, адам қолынан ажал құшқан әйелдің қызы, 16 жастағы Алинаның айтуынша, бұл қылмысты 3 шілдеге қараған түні  жеті айға жуық жүрген бұрынғы жігіті жасаған.

Бойжеткеннің айтуынша,  Береговое ауылында бұрынғы сүйіктісі бетін қайтарған 22 жастағы жігіт  қыздың анасы мен өгей әкесіне пышақпен шабуыл жасаған.  Екеуі бірнеше пышақ жарақатынан қайтыс болды. Бойжеткен сол түні Павлодардағы туыстарының үйінде қонғандықтан тірі қалған.

– Шамамен бір ай бұрын мен оның есірткі қолданатынын білдім, сондықтан онымен  қарым-қатынасты тоқтатуды шештім. Ол қарсы болды және менің әлі бұл шешімім үшін қатты өкінетінімді айтты, - деп еске алады Алина. - 2 шілдеде мен Павлодарда болдым, колледжге түсу үшін құжаттар тапсыруға дайындалдым. Түнде тәтем маған қоңырау шалып, шұғыл түрде оралуым керек екенін айтты. Үйде анам мен өгей әкемді өлтіріп кеткенін білдім.

Қыздың сөзінше, туыстары оған оқиғаның мән-жайын айтып берген.

- Сол түні анам, өгей әкем және менің 13 жасар бауырым үйде болды. Олар түнгі сағат бірге қарай отшашуды естіп,  көшеге шыққан. Бауырым барғысы келмеді және үйде қалды. Біраз уақыттан кейін анам үйге жүгіріп келіп, оған жасырын деп айтқан. Бауырымды құтқаруға тырысып,  көмек сұрап жүгірген. Ол аллеяға жеткен кезде бұрынғы жігітім оны қуып жеткен. Анам пышақ жарақатынан қайтыс болды. Бұған дейін ол анамды қорғауға тырысқан өгей әкемді де  өлтірген, - деді Алина.

Бойжеткен күдікті ұсталғанымен жазадан құтылып кете ме деп қорқады.

- Бүгін оның анасы келіп, көмек ретінде ақша әкелді. Ол жылап, ұлының ауырғанын айтты. Бәлкім, бұл есірткінің әсері болуы мүмкін, бірақ бұл қатыгездікпен кісі өлтіруді ақтамайды. Анамның бүкіл денесінде пышақ жаралары бар. Біз бауырымызбен жалғыз қалдық, бай туыстарымыз бен таныстарымыз жоқ. Ертең анам мен өгей әкемді өлтірген адам бостандыққа шығып, бізді де аман қалдырмайды деп қорқамын, - деді қыз.

Ол бұл істі назардан тыс қалдырмауды сұрайды.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер