Жетісу облысының әкімі ардагерлермен кездесіп, өңірді дамыту міндеттерін талқылады

584
www.gov.kz
www.gov.kz

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Талдықорғандағы Ардагерлер үйінде болып, ақсақалдармен кездесті. Өңірді дамытудың алдағы мақсат-міндеттері жайлы әңгімелесіп, пікір алмасты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ол алдымен жаңа құрылып жатқан облысты өркендету бағытында Президенттің жүктеген тапсырмалары төңірегінде ой өрбітті. Сол мақсаттарға қол жеткізу үшін межеленіп отырған жүйелі жоспарларына да қысқаша тоқталды. Сонымен бірге жаңа саяси өзгерістерге сай халықпен пікірлесіп, ардагерлермен ақылдаса отырып жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті.

- Жетісу өлкесінен Нұрмолда Алдабергенов, Зылиха Тамшыбаева, Николай  Головацкий, Нұрлан Оңалдинов, Тыныбай Балтабаев, Закария Сейітова, Күмісбек Буашев, Күләш Айтжановалардай даңқты Еңбек Ерлері шыққан. Біз еңбек адамының биік тұлғасын қалыптастырмай, осы аталған Еңбек Ерлерін дәріптемей, қазіргі жастарды ізгілікке баули алмаймыз. Өскелең ұрпақты еңбекқорлыққа тәрбиелеу – ортақ парызымыз, - деген Б.Исабаев жастар тәрбиесіндегі, қоғамдық құндылықтарды қалыптастырудағы ардагерлердің рөліне тоқталды. Және осы жолда бірлесіп еңбек етуге, ардагерлердің ақыл-кеңестерін, ұсыныс-тілектерін тыңдауға әзір екенін жеткізді.

Еңбек ардагерлері Ермек Келемсейіт, Наурыз Қылышбаев, Қадыл Жанасбеков және басқа да азаматтар өз сөздерінде жаңа облыстың іргесін нығайтуға қолынан келген көмегін жасайтындықтарын айтты. Бірқатар аудандарда мектептерді жөндеу, тұрғын үй құрылысына жер бөлу, құрылысқа қарқын қосу сияқты өзекті мәселелер бар екенін мысал етті. Ойларын «Біреудің бойлап өскенінен көпшіліктің қаулап өскені жақсы» деген қанатты сөзбен түйіндеп, облыс басшысының елдің тұрмыс жағдайын көтерудегі жоспар-жобаларының, бағыт-бастамаларының жемісті болуына тілектестігін білдірді.

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket