Алдымен "Жалғыз тал жауқазын", содан соң "Жайлауда жайқалған жауқазын" деген екі мақала жаздық. Алғашқысында осыдан қырық төрт жыл бұрын қызылордалық талантты фототілші Болат Омарәлиев түсірген әсерлі суреттегі сәйгүлік мінген сұлуға іздеу салдық. Екіншісінде атқа мінген арудың Қызылорданың іргесінен табылғанын айттық. Біздің өтінішіміз бойынша "Сыр бойы" газетінің жауапты хатшысы Дәуіржан Елубаев пен фототілші Нұрболат Нұржаубай арнайы барып әңгімелесіп, кейіпкерді суретке түсіріп, қазіргі кейпін көрсетті. Енді бүгін Сыр бойына жол түсті. Арнайы келген негізгі шаруамызды реттеген соң, бір кездегі жалғыз тал жауқазынмен жолығуды жөн санадық. Сырқаттанып жатқан Болат аға бара алмады. Сондықтан Дәуіржан мен Нұрболатты қасыма ертіп алдым. Ол екеуі бұлармен кеше ғана танысса да, қырық жылдан бері сол үйде жүрген адам секілді аяқтарын алшаң басады.
Жалғыз тал жауқазын жайқалып, гүл-бақшаға айналыпты. Өзі сөзге шешен, ойыңа келе бермейтін тіркестерді түйдектетіп түсіреді. Біздің келгенімізді естіген ағайын-туыстары түгел жиналды. Өздері тұтас бір көшені түгел жайлап жатыр екен. Жалғыз Үрләй ғана емес, ағайындарының бәрі шетінен қара сөзге ағып тұр. Әулеттің үлкені саналатын бір әжейге әңгіме болсын деп, "Апа, қаншаға келдіңіз?", - дей салып едім, мырс етті де, "Қарағым, қыздың жасын сұрамайды", - деп қайырып тастады сыпайы ғана. Тілімді тістеп ала жаздадым. Жырпылдап нем бар еді... Өмірімде сөзден жеңілгенім. Оңбай түстім. Соны сезгендей, "Қалжың ғой шырағым, сексен екіге енді ғана келдім", - деп, тағы да бір қағып жіберіп, қалпақтай ұшырды. Берекесі келіскен, сөздің қадірін білетін, әзілді орнымен айта білетін, өсіп-өнген, жаңарып-жетілген әулет екен. Үрлайда ес жоқ. "Мені бауырларым іздеп келді", - деп, тынбай шапқылап жүр. Арасында көзінің жасын сығып алады...
Міне, бір суреттің тарихы. Оны әрі қарай толықтырып, түгелдеп, майын тамызып, қара сөзбен жырлау біздің Дәуіржанға жүктелді... О, енді оның жазуы бөлек... Тілінің майын тамызады. Қара сөзден құйын тұрғызады...
Қайтып барамыз... Шуақты шаңырақ ойымыздан кетер емес. Сұлулық та, жылылық та осы үйдің төріне келіп қонақтаған секілді...
Аман жүр, атты ару!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ