Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Халықаралық Түркі академиясы Ғылыми кеңесінің кезекті V отырысы өтті.
Алқалы жиынға Түркі мемлекеттер ұйымының Бас хатшысы Бағдат Әміреев, Халықаралық Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі, Әзербайжан Республикасының Білім министрі Эмин Амруллаев, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, Қазақстан Республикасың Ғылым және жоғарғы оқу министрі Саясат Нұрбек, Қырғыз Республикасының Білім және ғылым министрі Алмазбек Бейшеналиев, Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Елшісі Саидикрам Ниязходжаев, сонымен қатар Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ағалар Атамоғланов, Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дастан Дюшекеев, Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Икрам Адырбеков, Мажарстан мен Түркия елшілігінің дипломаттары қатысты.
Жиында Академия басшысы 2021 жылы атқарылған жұмыстардың есебін беріп, 2022 жылдың жұмыс жоспарымен таныстырды.
Басқосу барысында Түркия тарапы Халықаралық Түркі академиясы Ғылыми кеңесіне төрағалық міндетін Қазақстанға табыстады. Атқарылған жұмыстарға жоғары баға берген Ғылыми кеңес мүшелері Академияның 2022 жылғы жұмыс жоспарын бекітіп, келесі отырыстың орны мен уақыты жөнінде уағдаласты.
Қазақстанның Ғылым және жоғарғы оқу министрі Саясат Нұрбек төрағалық еткен Кеңес мүшелері бірқатар мәселелер бойынша нақты шешімдер қабылдады. Атап айтқанда, түркі әлемінің мерейлі даталар тізімі, ортақ оқулықтар, білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық мәселелері, ғылыми-зерттеу жобалары талқыланып, басым бағыттары мақұлданды.
Айта кету керек, 2022 жылғы Түркі әлемінің айтулы даталары қатарында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсының 150 жылдығы, Мұхтар Әуезовтың 125 жылдығы, әзербайжан ағартушысы Хусейн Жавидтің 140, Әзербайжан әнұраны сөзінің авторы Ахмед Джавадтың 130 жылдығы, қырғыз мемлекет қайраткері Ишеналы Арабаев 140 жылдығы, Сүлеймен Челебидің дүниеден өткеніне 600 жыл толуы, сондай-ақ басқа да тұғырлы тұлғалар мен маңызды оқиғаларға қатысты мерейтойлар бар.