Алматы қаласының тұрғыны Аза Долгиева Қазақстанға ғана емес, ТМД-ға танымал АО ЛАТТЕ «Рахат» кондитерлік фабрикасында жұмыс істеп жүріп бір қолынан айырылған. Қайғылы оқиға өткен жылдың 22 желтоқсанында болған. 47 жастағы әйел өндіріс кезінде 5 тонналық шоколад араластыратын машинаға абайсызда қолын салып, конвейер білегін кесіп түскен, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы «Azattyq Rýhy» сайтына сілтеме жасап.
«Қолымдағы шүберек абайсызда конш-машинаға түсіп кетті. Сол кезде аппарат өзі тоқтап тұр деп ойлап шүберекті алмақшы болғанымда білегім пышақтың астында қалды. Ауруханада қолыма ампутация жасады. Қазір үшінші топ мүгедегімін. Денсаулығым 50% жұмысқа жарамсыз. Қолым әлі күнге дейін қақсап ауырады. 3-4 айдан бері қолымды қимылдатып, жоғары көтере алмаймын. Қайғылы оқиға кезінде басшылық ем-домға қажетті шығындардың бәрін көтеріп аламыз, қажет болса протез салып береміз деп уәде еткен. Одан бері жеті ай өтті, жақында ғана емге деп 1 миллион теңге берді. Бұл болмашы қаражат еміме кететін шығынның жартысын да өтемейді. Жалғыз асырап отырған екі баламның жағдай не болмақ?!» – деді жәбірленуші Аза Долгиева.
Адвокат Анна Дмитриевич аталған жағдайда кінәнің 80%-ы жұмыс берушінің мойнында дейді.
«Компания о баста қызметкерлерін қолдаусыз қалдырмайтынын ауызша айтқан. Заң бойынша да бар шығынды жұмыс беруші өтеуі керек. Бірақ жарты жылдан бері олар Азаға қолдау жасамаған. Аза енді компанияға протезге мұқтаж екенін құжат жүзінде дәлелдеуі керек екен. Оның қолына протез керек екені көзі бар адамға көрініп тұр емес пе?! 47 жаста мүгедек болып, жұмысқа жарамсыз болып қалудың қандай қиын екенін ойлаудың өзі ауыр. Ал басшылық болса көмекке мұқтаж адамды істен шығып қалған зат секілді лақтыра салған», - деді адвокат Анна.
Компанияның пиар маманы Наталья Тимощуктың хабарлауынша, жәбірленушіге тиісті көмек толықтай көрсетілетін болады. Бірақ жарты жылдан бері келіншекке көмек көрсетпеулерінің себебін түсіндірмеді.
«Біз жазатайым оқиға 2021 жылдың 22 желтоқсанында Аза Долгиевамен болғанын растаймыз. Компания зауытта өндіріс қызметкерлері үшін өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау бойынша тұрақты нұсқаулық өткізіп, өндірістегі осындай жағдайлардан аулақ болуға тырысады. Аза компания қызметкері болып қалады және жарақат алған сәттен бастап оған толық көлемде еңбекке жарамсыздық парағы төленеді (орташа жалақыдан 100%), сондай-ақ оған ұжымдық шартқа сәйкес бастапқы мұқтаждықтары үшін 1 000 000 теңге мөлшерінде материалдық көмек көрсетілді.
Аза жұмысқа қайта кірісуге дайын болған кезде, оған бұрынғы лауазымнан төмен емес еңбекақы төлеу шарттары, жеңіл еңбек жағдайлары бар позиция беріледі. Бұдан басқа, оған нақты мөлшерін сақтандыру компаниясы айқындайтын ай сайынғы сақтандыру төлемдері тағайындалатын болады. Компания протезді сатып алуға материалдық көмек көрсетеді. Сонымен қатар, біз балаларды жоғары оқу орындарында әрі қарай жұмысқа орналастыру мүмкіндігімен кәсіпорын қаражаты есебінен оқытуға ұзақ мерзімді міндеттеме аламыз», - деді маман.
Жазатайым оқиғалар кезінде жұмыскерлердің құқықтарын қорғау мақсатында «Лотте Рахат» АҚ жыл сайын міндетті сақтандыру шарттарын жасайтындарын алға тартты.
«Адырна» ұлттық порталы