Ұлт жоспарын іске асыру үшін, алдымен, мемлекеттік қызметті дамыту керек

2691
Adyrna.kz Telegram

 

Мемлекеттік қызметтің нығаюы, ең алдымен, қоғам мен мемлекеттің өзгеруіне, ең бастысы саясаттың сабырлы әрі салмақты болуына тікелей әсер етеді. Біз бүгін Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі, әдеп жөніндегі уәкіл Мамай Қаниұлы АХЕТОВКЕ жолығып, осы бағыттағы жұмыстар жөнінде сұхбаттасқан едік.

 

– Мамай Қаниұлы, мемлекеттік қызмет дегенде, ең алдымен, оны жетіл­діруші қызметшілердің әдебі тілге оралады.

– Дұрыс айтасыз. Барлық дамыған елдерде Әдеп кодексінің болатыны белгілі. Бұл ретте Қазақстан Республи­касы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 «Қазақстан Республикасы мемлекетік қызметшіле­рінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы­мен Әдеп кодексі бекітілген еді. Әдеп кодексі өте маңызды құжат. Неге десеңіз, әлгінде айтып өткен дамыған елдер­дің мемлекеттік қызметтегі жетістіктері мен әлемдік озық тәжіри­белерді саралау арқылы осы Әдеп кодексі дүниеге келіп отыр.

Әдеп кодексі дегеніміз? Бұл, ең алдымен, мемлекеттік қызметкерлердің тек қызметтегі ғана емес, күнделікті өмірдегі жүріс-тұрыстарының, мораль­дық-психологиялық ұстанымдарының, өзін ортада ұстай білуі, т.б. жаңа стандарттарын бекітті. Бүгінгі таңда барлық мемлекеттік органдарда арнайы Әдеп жөніндегі уәкіл институттары бар. Жалпы, еліміз бойынша 2016 жылдан бастап уәкілдер тұрақты жұмыс істеп келеді.

– Алматы қаласы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі ретінде атқары­лып жатқан жұмыстармен оқырман­дарды таныстыра кетсеңіз…

– Уақыт өткен сайын азаматтық қоғам мен мемлекеттік қызметшілер тарапынан әдеп жөніндегі уәкіл қызметіне деген сұраныс пен қызығу­шы­лық артып келеді. Осыған орай, биылғы жылдың қаңтар айында Әдеп жөніндегі уәкілдің қалыптасқан ахуалға байланысты жаңа жұмыс жоспары жасалған еді. Осы жұмыс жоспары негізінде ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарылған жұмыс­тарға тоқталғым келіп отыр. Әдеп жөнін­дегі уәкілдің жұмыс жоспары негізінен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментімен келісілген. Дәл қазір осы сүзгіден өткен жоспарға сәйкес жұмыс істеудеміз.

Ең алдымен, мемлекеттік орган қыз­меткерлері келіп түскен арыз-шағым­дарды, қызметтік зерттеу материалдары мен тәртіптік ахуалды зерделей отырып, тәртіп бұзуға ықпал ететін себеп-салдарларды саралау жұмыстарымен айналысады. Осы бағытта ҚР Мем­лекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентті­гінің Алматы қаласы бойынша департа­мент қызметшілерімен бірлесе жұмыс жасап отырмыз. Сонымен қатар, қабылдауға келіп, жазылып жатқан жеке азаматтар қаншама.

Біз әрқашан қабылдауға жазылған мемлекеттік қызметшілермен, жекеле­ген азаматтарға түрлі мәселелер бойын­ша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ақыл-кеңестер береміз. Осы тұрғыда нақты мысалдар келтіре кетейін.

«Әлеуметтік қорғаудың мемлекеттік қоры» Алматы бөлімшесінің басшысы Г.Алтынбековаға, мемлекеттік қызмет­шілер Ө.Қалабай, Н.Шәймер­денов, Т.Тайнов, А.Махамбетияровтарға, сондай-ақ, Алматы қалалық музейінің директоры Н.Дүкенбаевқа, жеке азаматтар Н.Қадыров, Ш.Әбілтай, Қ.Мұстафаұлы, Ә.Бөлебай, Б.Тайлақ­баев­тарға мемлекеттік қызмет көрсеті­ліп, басқа да жеке сауалдар бойынша түсініктемелер берілген еді. Тек осы жылдың басынан бері жүздеген азамат келіп, оларға Әдеп кодексінің талапта­рын сақтау мәселелері бойынша жеке консультативті көмектер көрсетілді.

– Әдеп жөніндегі уәкіл ретінде қоғамдық және үкіметтік емес ұйым өкілдерімен байланыстарыңыз қалай?

– Әрине, мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс жасайтын азаматтық қоғам өкілдерімен, рухани, сергек, белсенді жандармен жұмыс жасап, қарым-қатынас орнатып отыру Әдеп жөніндегі уәкіл жұмысының басты бағыты. Сондықтан үнемі осы мақсатты жүзеге асыру үшін жан-жақты жұмыс істеуге тырысамыз. Қоғамдық және үкіметтік емес ұйым өкілдерімен, мемлекет және қоғам қайраткерлерімен түрлі тақырыптарда кездесу өткізіліп отырады.

Мәселен, «Стратегиялық мақсаттағы зымыран әскерінің ардагері», қоғам­дық бірлестігінің жетекшісі М.Жүніс­баевпен, «Ел-шежіре» қоғамдық қоры­ның басшысы Д.Әшімханмен, «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» қоғамдық ұйымының жетекшісі Ж.Ашуұлымен, «Асыл Отан» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі С.Балғабаевпен, «Қазына» ЖШС басшысы А.Шайкен, «Желтоқ­сан» қоғамдық ұйымдарының өкілдері­мен кездесулер өткізіп, бұл кездесулер мемлекеттік қызметшілердің жұмысын жетілдіре түсті. Жалпы, мемлекеттік қызметші билік пен өз өкілдіктерін қолдана білуі керек. Адал болып, өз қамы үшін емес, мемлекет игілігіне қызмет етуі керек.

– Бүгінгі таңда қоғам тіршілігін әлеуметтік желілерсіз, жалпы ақпарат­сыз елестету мүмкін болмай қалды.

– Сөзіңіздің жаны бар. Шынында да қоғам тіршілігін әлеуметтік желілерсіз, ғаламтор кеңістігіндегі ақпараттарсыз елестету еш мүмкін емес. Осыған орай, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларының барлық жағдайда сақталуын қадағалап отыру мақсатында Фейсбук, Инстаграм, В контакте сынды әлеуметтік желілерге тұрақты монито­ринг жасалуда. Бұл шараларды жүзеге асыруға қажетті деген барлық техника­лық жабдықтар толық алынып, монито­ринг жүйелі жүргізілуде.

Өздеріңіз де байқап жүрген болар­сыздар, қазіргі қоғамда тәртіп бұзушы­лықтың салдарымен күресудің орнына оның алдын алып, дер мезгілінде түсіндіру жұмысын жүргізіп отырған­ның тиімді әрі нәтижелі болатынын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Қазіргі уақыт сергектікті қалайды. Сондықтан мемлекеттік қызмет, коррупцияға қарсы күрес заңнамалары және Әдеп кодексі талаптарын түсіндіруге байла­нысты қаламыздағы жергілікті орган­дарда түрлі тақырыптардағы семинар­лар, «дөңгелек үстелдер» мен арнайы дәрістер жиі өткізілуде.

Атап айтар болсақ, Алматы қаласы әкімдігінің Денешынықтыру және спорт, Тілдерді дамыту, Мәдениет және архивтер басқармаларында, аудан әкімдіктерінде Әдеп кодексін түсіндіру бойынша «дөңгелек үстелдер» ұйымдас­тырылды. Осы жылдың наурыз айында Алматы қаласы бойынша Әдеп жөнін­дегі кеңес алдында атқарылған жұмыс­тар мен жоспарлар жайлы кеңінен баяндама жасалып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап баспасөз мәслихаты ұйымдастырылған еді.

«Шалқар» радиосындағы «Ашық әңгіме», «Алматы» телеарнасындағы «Ақшам алаңы» хабарындағы, жергі­лікті және республикалық басылымдар бетінде жарық көрген мақалалар мен хабарларда мемлекеттік қызмет пен Әдеп кодексі хақында толыққанды ақпараттар берілді.

– Мемлекеттік қызметшілерді мазалайтын қандай да бір сауалдар бола қалса, оны қалай анықтауға болады?

– Қазіргі таңдағы ең өзекті мәселе­лердің біріне айналып отырған – мемлекеттік қызметшілерді мазалайтын сауалдарды анықтау арқылы олардың жұмысына қолайлы жағдай жасау дер едім. Осыған орай, мамандар бұл мәселені шешудің төте жолын ұсынып отыр. Олардың айтуынша, қызметші­лердің көкейіндегі сауалды тап басып, одан шығудың жолы – жасырын сауалнама.

Сол себепті, қаламыздағы үш жүзге жуық мемлекеттік қызметшіге жасы­рын сауалнама жүргізіліп, алғашқы кезең­нің нәтижесі саралануда. Мемле­кеттік органдардағы моральдық-психо­логиялық ахуалды айқындап, қызметтік әдеп нормаларының сақталуы, ұжым­дағы моральдық-психологиялық ахуал­дың жәй-күйін мониторингтеу жұмыс­тары бұдан әрі де жалғаса беретін болады.

– Мемлекеттік қызметті жетілдіруге бағытталған қандай реформаларды атар едіңіз?

– Бес институционалдық реформа­ның бірінші бағыты «Кәсіби мемле­кеттік аппарат құру» деп аталатыны белгілі. Әлемдегі алпауыт мемлекет­термен иық тірестіріп, бәсекеге қабі­лет­ті болу үшін, ең алдымен, мықты мемле­кеттік аппарат қалыптастыру өзекті болуы керек. «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын іске асыру үшін де, ең алдымен, мемлекеттік қызметті дамыту қолға алынып отыр. Сөз жоқ, біздің мемлекетіміз жыл сайын дамып, алға жылжып келеді.

Уақыт алға ілгерлеген сайын мемле­кеттік қызметшілерге қойылатын талап­тың да барынша күшейіп отыруы заң­дылық. Мұның өзі мемлекеттік қызмет сапасының артуына ықпал етеді. Біздің елімізде 1999 жылдың 23 шілдесінде мемлекеттік қызметшілердің барлық міндеті мен мақсатын айқын­дайтын «Мем­лекеттік қызмет туралы» заң қабыл­данған еді. Бұл заң содан бері бірнеше мәрте өзгертілді. Толықты­рулар мен түзетулер енгізілді.

Еліміздің мемлекеттік қызметшіле­рінің күні деп 23 маусым белгіленді. Мұндағы мақсат – мемлекеттік қызмет­керлердің жұмысқа деген ынтасын арттырып, еңбегін назардан тыс қалдыр­май марапаттау, талмай еңбек етіп жатқан жандардың шығармашылығына шабыт беріп, халық пен билікті байланыстыра түсу еді. Әрине, осындай ықпалдастықтар оң өзгеріс беріп, мемлекеттік қызметшілердің қызметіне деген сүйіспеншілігін арттырып, жақсы нәтижелерге жетуіне септігін тигізіп келеді деп ойлаймын.

«Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісінің бекітілуі де жауапты міндет жүктеп отыр. БҰҰ мүше елдерде де дәл осы 23 маусым Мемлекеттік қызметкерлер күні деп белгіленген.

– Мамай Қаниұлы, мемлекеттік қызметке келу үшін жастардың бойында қандай қасиет басым болу керек?

– Ең алдымен, жауапкершілік болу керек. Мемлекеттік қызмет дегеніңіз – абыройлы міндет. Бүгінде мемлекеттік қызметке келсем деген жастарға барлық жағдай жасалған. Үміткерлердің білімі, құқықтық сауаттылығы, өнегелі тәрті­бі, адал әрі ар-намысының тазалы­ғы талап етіледі. Мемлекеттік қызмет­керлердің өз жұмысын абыроймен атқаруы үшін заңды жетік білуі қажет. Өте сауатты, шебер ұйымдастыра білетін, көппен тіл табыса алатын, есте сақтау қабілеті мен логикалық ойлана білетін қабілеті де болуы керек.

Жұмыс барысында көпшілікпен жиі араласып отыруға тура келеді. Сол үшін оның бойында сыпайылық, сауатты сөйлей білу, ыңғайсыз жағдайға душар болған кісілерге жанашырлық таныта білу секілді қасиеттердің болуы шарт.

– Сөз соңында оқырмандарға айтарыңыз.

– Әдеп мәселесі ешқашан да күн тәртібінен түспейтін, қай заманда да қоғамды алға сүйрейтін өзекті тәрбие құралы болып қала береді. Қазір еліміздің барлық өңірлерінде ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының филиалдары ашылып, жемісті еңбек етіп жатыр. Академияның Алматы қаласы бойынша филиалында да тыңдаушыларға мемле­кеттік қызметшілердің, әдеп нормалары мен Әдеп кодексі бойынша дәрістер оқу, жаңадан қабылданған мемлекеттік қызметшілерге тәлім-тәрбие беру уәкіл жұмысының басты да басым бағыты. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің шешіміне сәйкес «Үздік мемлекеттік қызметші» байқа­уын өткізуге арналған өңірлік конкурс­тың комиссия құрамына еніп, осы ба­ғыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізіп отырмыз.

Ұлы Абай бабамыздың өзі «әдептен озбайын» демей ме. Олай болса, әдептің адамзат өміріндегі ең қастерлі, ең басты рухани құндылық екенін ұмытпайық.

– Әңгімеңізге рахмет!


Әңгімелескен – Рая ЕСКЕНДІР.

Пікірлер