Азаматтық қоғам – ынтымақ ұстыны

2326
Adyrna.kz Telegram

Біреуге қарап шүкір етіп, біреуге қарап пікір ету үшін де өткенге ой, бүгінге көз жіберу керек.

Шүкір, қаңтардағы бұлғақтан ес жиып үлгергендейміз. Ел Президенті дер кезінде олқылықтардың орнын оңалтып, қоғам қажи бастаған тұста өзгеріске дайын екендігін дәлелдеді. Жүйеміздегі дертті анықтап, түбі тереңге кеткен мәселелердің шешу жолдарын ұсынып, халықтың талқысына шығарды. Саяси бәсекенің ашық және адал болуына уәде етті. «Ауыл иті ала болса да, бөрі келгенде бірігеді» деген, осы тұста өзгерістен дәмелі жұрт әділдік орнайтынына сенім білдіріп, референдумға келді. Жалпы айтқанда, алаң күй кешіп отырған қоғам өзгерістерді байсалды қабылдай алды.

«Өспес елдің баласы өнбес дауды даулайды» деуші еді ғой. Пәлен жылғы дауды айтып даурықпайын. Бірақ ұтылған жеріміз туралы айту – парыз. Онсыз да жетістігімізді ешкім желкелеп кетпесі анық. Қасым-Жомарт Кемелұлы наурыздағы Жолдауында саяси реформалардың байыпты және көлемді пакетін ұсынып, мықты азаматтық қоғам құру қажеттігін баса айтты. Айтпасқа да лажы болмады, себебі азаматтық қоғам ұстыны уақыт тезіне төтеп бере алмады. Мұны түйсінер кез келді деп ойлаймын. Кешегі қаралы қаңтар күндерінде алдағанның алдына түсіп, желпінгеннің жетегінде кеткендер осының дәлелі болса керек.... Содан болар елімізде қит етсе болды азаматтық қоғамды желеулетіп, саясатты қозғайтындар көбейді. Пікір қайшылығы туындап, сыпсың сөзге сенгіш бола бастадық. Тойымсыздық есімізді алып, еркімізден айырды. Ел қамын жейтін Едігелер емес, өз қамын ойлайтын ездер қаптады. Шыныңды айтып келсең де, шіміркпейтін шенеуніктер пайда болды. Нәтижесінде мұның барлығы демократияға емес, адамдардың кез келген мәселеде тым саясиланып кетуіне әкеліп соқтырды. Пиғылы бұзық бөлектер ұрымтал сәтті пайдаланып, ел ішінде бүлік шығарды. Бірақ біз тосын оқиғаларда бөлінбейтін бірлігімізді көрсеттік. Онға бөлініп, орға жығылғалы тұрған қазақ қоғамын сақтап қалдық. Табанда тыныштығымызды бұзған келімсектердің қанды құрсауынан құтылдық.

Сайып келгенде, еліміздегі ең ірі, әлеуетті «AMANAT» саяси партиясы да мемлекеттік мүддеге адал екендіктерін аңғартты. Қоғамдағы қиянат пен жемқорлықтың жолын бөгейтін күш – әділдік жолын мақұл көрді. Жаңа Қазақстанда жаңғыру жолын таңдап, өзгерістерге мұрындық болуға ниет білдірді. Қазір де сол таңдауынан тайқымай «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруға атсалысып, баршаға тең мүмкіндік беретін азаматтық қоғамды ілгерілетуге күш жұмсап келеді.

Айтпағым, мемлекет пен азаматтық қоғам қатар дамып, азаматтар саналы түрде ортақ мақсатқа жұмыла білсе, елдің іргесі бекіп, тәуелсіздігі нығаяды. Ал азаматтық қоғамның қалыптасып, дамуы адамдардың тікелей өздеріне байланысты. Сондықтан да азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін арттыра түсуіміз керек. Сонда ғана еліміздің құқықтық тұрғыда дамуына ықпал ете аламыз.

Сөз соңында егер әр адам өзіне жүктелген істі жауапкершілікпен көтеріп, ешкім ешкімнің рызығына қол сұқпай, аманатқа қиянат жасамаса, жемқорлықтың жібі үзіліп, қарапайым халықты ешкім құрғақ сөзбен алдай да, арбай да алмаушы еді… Әрине, бұл менің азаматтық ұстанымым ғана!

 

Оралбай МЕРГЕНБАЙҰЛЫ,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер