"Тоқаев Путиннің менменшіл риторикасын тыңдауға мәжбүр болды"

2237
Adyrna.kz Telegram
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз
Саясаттанушы Мұхтар Сеңгірбай кеше Санкт-Петербургте өткен жиын Қасым-Жомарт Тоқаев үшін  жария саясат тұрғысынан өте ауыр шара болғанын айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Ол бұл туралы өзінің пікірін фейсбуктегі парақшасында жазды.
"Көршісіне агрессия жасап, бүкіл Батыс әлемінен бөлініп қалған елдің басшысымен сахнада қатар отырды. Яғни, бірнеше сағат бойы батысқа қарсы мысқыл, кекесін, менменшіл риториканы тыңдауға мәжбүр болды.
Оның үстіне жиынды шовинистік мәлімдемелерімен, соның ішінде Қазақстанға қатысты қитұрқы сөздерімен белгілі болып, «арнайы операцияны» қолдаушыларды басқарып жүрген Маргарита Симоньян жүргізді. Екі айға жетпейтін уақыт бұрын ғана оның күйеуі, режиссер Тигран Кеосаян Қазақстанның атына ауыр айып тағып, бірнеше мәлімдеме жасаған еді. Шара соғысты ақтап, Батысты жамандауға арналды. Қазақстан басшысы сол ұзақ-сонар агрессияшыл мәлімделерді «тыңдаушысы» болды.
Ұйымдастырушылар алдын ала болжады ма, жоқ па, Путин мен Тоқаевтың сөздері бір-бірін жоққа шығаратын пікірсайыс болды. Тоқаев Украинадағы соғысты сынамағанымен, Путиннің біраз сөзін дипломатиялық түрде жоққа шығарып, ашық позициясын айтып отырды. Сондағы ең батыл сөзі – «ЛНР» мен «ДНР»-ды мойындамайтыны болды. БҰҰ жарғысына сүйену арқылы ол Путиннің «халықаралық жария құқыққа» сілтеп, соғысты ақтаған сөзіне қарсы шықты", — деп жазды ол.
Саясаттанушы Тоқаев Қазақстанда Украинадағы соғысқа қатысты әркелкі пікір бар екенін, елде «ашық азаматты қоғам өсіп-жетілгенін» айту арқылы ақпараттық изоляцияға ұшырап, «соғыс» сөзі үшін он жылға қамайтын заң шығарып, оқшауланып жатқан Ресейге қарағанда бізде әралуан пікір бар дегенді меңзегендей болғанын атап өтті.
"Путиннің «Батыс бермей қойған заттың бәрін басқа жақтан аламыз не өзіміз шығарамыз» деген сөзіне Тоқаев бірнеше рет қарсылық білдірді. «Қазіргі заманда толық оқшаулану мүмкін емес» деді Қазақстан басшысы. Қазақстанның егемендігіне қатысты даулы мәлімдемелер жасаған Ресей депутаттарына, Тигран Кеосаянға қатысты мәлімдемесін Тоқаев әдейі айтты. Оған бұл жөнінде сұрақ та қойылмаған еді. Яғни Қазақстан басшысы осындай «соғысшыл атмосфераның» аясында қалып қоятынын біліп, сол сөзін әдейі дайындап барғандай әсер қалдырды", — деді саясаттанушы.
Еске сала кетейік, кеше Президент Тоқаев Ресейде «Жаңа әлем – жаңа мүмкіндіктер» атты Петербург халықаралық экономикалық форумының 25 жылдығына арналған жиынның пленарлық отырысына қатысқан болатын.
"Адырна" ұлттық порталы.
Пікірлер