Қазақстандық мұғалім Apple компаниясының оқытушысы атанды

2495
Adyrna.kz Telegram
Фото: Оқу-ағарту министрлігі
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстандық информатика пәнінің мұғалімі Қуаныш Мағауин Swift бағдарламалау тілі бойынша сертификатталған Apple оқытушысы атанды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Нұр-Сұлтандағы республикалық физика-математика мектебінің мұғалімі Қуаныш Мағауин Apple компаниясының курстарынан өтті. Емтихандарын сәтті тапсырып, сертификат алған соң, ол Apple-оқытушысы атанған тұңғыш қазақстандық мұғалім болды. 

Енді ұстаз Apple Education-нің эксклюзивті шараларына қатыса алады. Онда әлемнің үздік бағдарламашылары білім саласындағы жаңа жобаларымен бөліседі. 

"Бүгінгі таңда Қазақстанда IT-саласы, оның ішінде білім саласында қарқынды дамуда. Біз электронды оқулықтар, күнделіктер қолданып, емтихандар мен олимпиадаларды онлайн форматта өткізетін санаулы елдердің қатарындамыз. Apple курстарында бізге Swift бағдарламалау тілінің көмегімен мобильді қосымшаларды жасау негіздерін үйретті. Менторлар ағылшын тілінде дәріс оқыды. Менің тобымда негізінен қосымша жасап шығаруда мол тәжірибесі бар IT-мамандар оқыды. Мен топтағы жалғыз мұғалім едім. Барлық емтихандарды сәтті тапсырып, Apple оқытушысы статусын иеленгенім үшін бақыттымын. Алдағы уақытта мектепте мобильді қосымшаларды жасау бойынша курс өткізіп, алған тәжірибеммен әріптестеріммен бөліссем деген жоспарым бар", – деді Қуаныш Мағауин.

Айта кететін жайт, Қуаныш Мағауиннің арқасында Apple Authorized Training Center for Education статусы автоматты түрде ол қызмет ететін мектепке де берілді. 

Елордадағы Республикалық физика-математикалық мектеп Swift app development қосымшаларын жасау бойынша курстар өткізіп, оқушыларды сертификаттап, білім ошағы қабырғасында Apple classroom зертханасын ашуға құқылы.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер