Марат Бәйділдаұлы: "Ұлттық құрылтай үмітті ақтай ма?"

1795
Adyrna.kz Telegram

Жыл басында академик Оразалы Сәбденнің «Жас алаш» газетінде Құрылтай өткізу туралы айтқан ұсынысы Президенттің жолдауында қамтылып, көп ұзамай ресми бұқаралық ақпарат құралдарында жария етілген. Бүгін, міне, сол ұсыныс негізінде Қ.К.Тоқаевтың бастамасымен жалпыұлттық деңгейде Ұлттық Құрылтай деген жаңа институт дүниеге келді. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтай өзін өзі ақтамаған бұрынғы «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің» орнына келіп отыр. Билік пен халық арасында сындарлы диалогты қалыптастыруға бағытталған бұл консультативтік-кеңесші құрылым алдына үлкен міндеттер жүктелері анық. Алайда ұйымдастырушылар Ұлттық құрылтай құрамына мүшелерді іріктеуде өңірлер өкілдерін қамтуға баса мән беріп, содан байқамай көне сүрлеуге түсіп кеткені байқалады. Ақиқатында Ұлттық құрылтай құрамына кіретін адамдар тағайындалмай, он-лайн сайлау жолымен ірктелгені дұрыс болар еді. Соның салдарынан ұлт үшін маңызды тақырыптарды көтере алатын адамдар кірмей қалған.
Рас, Президент бекіткен құрамы 117 адамнан тұратын Ұлттық құрылтай мүшелерінің қатарында Мұхтар Шаханов, Тоқтар Әубәкіров, Илия Жақанов, Сейдахмет Құттықадам, Асқар Жұмаділдаев, Ермұрат Бапи, Нұртай Сәбилянов, Қайрат Жолдыбайұлы, Анар Фазылжанова, Азаматхан Әміртай сияқты ұлттық мемлекеттілікті дамытуға қатысты игі ой айта алатын жандар бар екен. Бірақ олар көп емес. Ал ұлттық құрылтай құру туралы ең алғаш ұсыныс тастаған академик Оразалы Сәбден есімінің көрінбеуі тіпті өкініш туғызды. «Анығын айтып ағайынға, турасын айтып туғанға жақпаймын» дейтін, мемлекеттік тілдің жанашыры Асылы Осман апамыз да жоқ бұл тізімде. Аманкелді Айталы ағамыз да көрінбейді.
Қарасаңыз, ұлттық құрылтайда кімдер жоқ дейсіз, кәсіпкер де, колледж директоры да, ЖШС директоры да, тіпті Назарбаевтың «бұлбұлы» атанған Ермұхамбет Ертісбаевқа дейін жүр. «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінен» айырмашылығы мүшелерінің саны мен нақтыланған құзіретінде ғана. Ұлттың іліп алар оншақты тұлғасы бар екенін айттық. Ал қалған қалың «массовка» арасынан олардың дауысы естіле ме? Іс жүзінде бұл биліктің өз ұйғарымдарын «халықпен диалог» арқылы көлегейлеп өткізіп жіберу үшін жасалған институт тәрізді. Тіпті осы құрылтайдың толықтай қазақша өтетіні де үлкен күмән бар. Басы мен аяғы қазақша, ортасы орысша «НӘН-нің алашұбар жиналысы» болып кетпесе жарады.
Ал біз Ұлттық Құрылтай ең алдымен қазақ халқының мемлекетқұраушы ұлт ретіндегі мәртебесін көтереді, түрлі диаспораларды қазақ халқының төңірегіне шоғырландырады, мемлекеттің дамуы мен қоғамның қалыптасуына ұлттық тұрғыдан баға береді деп үміттенген едік. Енді сол үміттің өзі көзімізден бұлбұл ұшпаса болды!

 

Марат Бәйділдаұлы (Тоқашбаев),

Жазушы-публицист.

 

Пікірлер