Ұлттық құрылтайға 30 жыл бойы осы жүйеге қызмет жасаған адамдарды кіргізбеу керек - Дос КӨШІМ

9060
Adyrna.kz Telegram

"30 жыл бойы осы жүйеге қызмет жасаған, оның атқарушы билігі мен идеологиялық бағытына беріле жұмыс жасаған адамдарды Ұлттық құрылтайға кіргізбеу туралы арнайы шарт, заңдық норма қабылдау керек деп есептеймін. Парламент пен Ассамблея өкілдерінің биліктің «жобалары» мен «құжаттарына» әсер ететін мүмкіндіктері жетерлік, сондықтан оларға Құрылтайдан орын беру – артық! Құрылтайда «заман өзгерді – мен де өзгерейін» дегендер емес, «заманды адамдар өзгертеді» деген жандар отыруы керек. Назарбаев пен оның іс-әрекетінің «сабақтастығын» (президенттің өз сөзі) ұстанып отырған Тоқаев мырзаның жүйесіне қызмет жасаған адамдардың Ұлттық құрылтайда отырғаны – президентімізге сын". Бұл пікірді белгілі саясаткер, қоғам қайраткері Дос Көшім Adyrna.kz ұлттық порталының тілшісіне берген сұхбатында айтты. 

 

БИЛІК ХАЛЫҚҚА ЖАҚЫН БОЛУ ҮШІН НЕ ОЙЛАП ТАППАДЫ...

Соңғы жылдары бишара билік халыққа жақындай алмай-ақ қойды. Халық олардан қашады ма, әлде олар халықпен жақындасуды білмейді ме екен, әйтеуір «еститін үкімет» дегенді де шығарды (сол арқылы, «бұрынғы үкіметтің» халықтың айтқанын құлақтарына қыстырмайтынын өздері мойындады. Бірақ бұларды «қазіргі үкімет» деуге де аузымыз бармайды, барлығы сол қалпы «бұрынғы үкіметтің» адамдары... ), «алтын көпір» дегенді шығарды, жергілікті атқарушы билік пен халықтың арасында байланыс орнату мақсатында «қоғамдық кеңестерді» ойлап тапты, алайда, халық басым болып кетер деген қауіппен оның 30 пайызын (атқарушы биліктің жұмысынан халықтың хабары жоқ қой деген сылтаумен) атқарушы биліктің өзіне берді. Кейін ол 30 пайыз 10 пайызға түсті, бірақ осы 5 жылдың ішінде «қоғамдық кеңестер» де ештеңе өзгерте алмады, азаматтардың билікке деген ашу-ызасын, өкпе-назын шығаратын орын болып қалды.

Биліктің өздері жасақтайтын Кеңестерге сексен де жиырма пайыз деген тәсіл енгізіліп, халықтың мұқтажын айтатын 20 пайыз азаматтарға бұрын билікте болған, әлде де болса, шіреніп, «мен облыстық (аудандық, министрлік, т.т.) кеңестің мүшесімін» деп отыруды армандайтын «ақсақал», «қарасақалдардың» 80 пайызын қосып, атала деп аталатын қойыртпақты өмірге алып келді.

 

"ХАЛЫҚТЫҢ СӨЗІН ТЫҢДАЙМЫЗ" ДЕП 30 ЖЫЛДА ҚАНША ҚҰРЫЛЫМДАР, «ПАЛАТАЛАР» МЕН «КЕҢЕСТЕР» ҚҰРЫЛДЫ

Билік халыққа жақындай алмай-ақ қойды. «Халықтың сөзін тыңдау керек» деген ұранмен осы 30 жылда қанша құрылымдар, «палаталар» мен «кеңестер» құрылды, оны бір Алла біледі. Менің өзім бес жыл «Қоғамдық палатаның» мүшесі, сегіз жыл Ассамблеяның ғылыми сараптама кеңесінің мүшесі, үш жыл Президенттің жанындағы Адам құқығын қорғау комитетінің сарапшысы, екі мәртебе «Жер комиссиясының» мүшесі, «Ел бірлігі» доктринасын дайындайтын жұмысшы тобының мүшесі, т.т. болыппын. Қысқасы, билік халықпен жақындасудың жолдарын іздеуді ешқашан тоқтатпаған және тоқтатпайтын да сияқты. Биліктің осыншама ақ тер көк тер болғанына жаным ашиды, бірақ, оның сырын жақсы түсінемін – халық өкілдерінен құралатын, әділетті сайлау арқылы халықтың таңдауынан өткен құрылым (Парламент) болмаған кейін «халықпен ақылдасудың», «халық өкілдерімен бас қосудың» түрлі жолдары, тәсілдері қарастырылады.

Бұл құрылымдардың барлығына «ойын», «алдау» деген ат беруден аулақпын. Қоғамға аса қажетті нақты бір сұрақтың төңірегіндегі бас қосуларда, көп жағдайда, қоғам өкілдерінің көзқарастарының жеңіп шыққанын да білеміз (ҚР Халық Ассамблеясы дайындаған «Ел бірлігі» доктринасының қабылдануын тоқтатып қана қоймай, сол жұмысшы тобында кіріп, құжатты өзіміздің мүддемізге сай қайта жазып шығып, оны қабылдату – қоғам өкілдерімен жұмыс жасау жолдарын тиімді пайдаланудың нақты мысалы болып табылады).   

    

 500 ҰЛТ ӨКІЛДЕРІ ТҰРАТЫН АНГЛИЯДА, 400 ҰЛТ ӨКІЛДЕРІ ТҰРАТЫН ФРАНЦИЯДА БІЗДЕГІДЕЙ ХАЛЫҚ АССАМБЛЕЯСЫ ЖОҚ

Бір таң қаларлығы бұндай «халықпен жақындасу» жолдары өркениетті елдерде мүлдем жоқ екен. Қызық. Сонда олардың халықты көздеріне ілмегендері ме, әлде халықты, азаматтық қоғамды, оппозицияны ысырып қойып, өздерінің ойларына келгендерін жасай береді ме деген ой келеді. Былай қарасаң, олар да ақымақ емес сияқты. Бірақ 500 ұлт өкілдері тұратын Англияда, не 400 ұлт өкілдері тұратын Францияда біздегідей Халық Ассамблеясы жоқ. Ағылшындар «біз көп ұлтты, көп конфессиялы елміз» деп жар салмайды, бірақ Лондонның мэрі Садик-хан – мұсылман, ал Францияның футболшылары ғана емес, Парламентінің де үштен бірі – қара нәсілді жандар. Өркениетті елдерде де заң шығарушы билік бар, олардың шығарған заңын жүзеге асыратын атқарушы билік бар, бірақ құйысқанға қыстырылған «қоғамдық кеңес» деген атымен жоқ.  Неге?

Меніңше, бұл «феноменнің» жауабы - тым қарапайым. Халық билігі жүзеге асырылмаған жерде билік иелері «халық өкілдерін» жинап, дүбара бір құрылым жасайды екен. Сол арқылы билікке, билік шығаратын шешімдерге халықтың қатысы бар екендігін көрсетеді.

 

"ҚҰРЫЛТАЙ" ӨТКІЗЕМІЗ ДЕП ҚАЗАҚТЫҢ ҚАСИЕТТІ СӨЗІН БАРЛЫҚ ЖИЫНҒА ЖАПСЫРЫП, АРЗАНДАТТЫ  

 

Бір сөзбен айтқанда, «халық пен биліктің – біртұтас» екендігін көрсетуге күш салады. Ал халықтың өзі өз билігін жүргізіп тұрған жүйеде ондай «кеңестер» мен «комиссиялардың» ешқандай қажеттілігі болмайды. Себебі – ол жерде, сол билікте халық өкілдерінің өздері отыр. Соңғы жылдары Қазақ елінде Құрылтай көбейіп кетті. 2019 жылдан бастап, жаңсақ айтсам, кешірім сұраймын, бес Құрылтай өткен сияқты. Сол жылдың мамыр айында ғана сайлауға бойкот жариялағандар (Қосановқа қарсы, Тоқаевты жақтаушылар) екі Құрылтай өткізіпті. Былтыр бір күнде қазақтың екі Құрылтайы өтіп, тағы да ыңғайсыз жағдайда қалдық.  Әрине, қазаншының еркі бар демекші, ұйымдастырушылардың өз жиындарын қалай атаймын десе – өз еркі, бірақ, қазақтың әр сөзінің нақты мағынасы бар екенін де ұмытпайық. («Асау» деген сөз – тек жылқыға байланысты қолданылады, оны «тышқан» сөзіне қосақтауға болмайды). Қазақтың қасиетті сөзін барлық жиынға жапсырып, кез келген жерде пайдаланып, мазмұны мен мағынасынан айырып, арзандатып, беделін түсіру – ешкімді ұшпаққа жеткізбейтін әрекет.   

«Сынықтан басқаның бәрі жұғады» демекші, Құрылтай сөзін Билік те пайдалануға көшкен сияқты. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға өзінің Жолдауында «сенім комиссиясының» орнына Құрылтай жасақталады деген пікір айтты да, оның міндетіне, жасақталу жолдарына, құзіретіне жан-жақты, терең тоқталған жоқ. Ол түсінікті де, себебі, біріншіден, Жолдаудың форматы ондай кең деңгейдегі түсініктеме беруді көтермейді, екіншіден, Құрылтай Ережесі арнайы құжат ретінде кейін дайындалуы керек.

 

БИЛІК ДАЙЫНДАҒАН ЖОБАЛАРДЫҢ ЖЕМҚОРЛЫҚ ҮШІН КӨТЕРІЛГЕН АҚЫМАҚ ЖОБАЛАР ЕКЕНІН ӨМІРДІҢ ӨЗІ ДӘЛЕЛДЕДІ

Өз басым, президенттің «Ұлттық жобалар мен стратегиялық құжаттарды ашық талқылау керек» деген пікірін толық қолдаймын. Әлеуметтік желіде немесе газет-журналдық беттерінде талқылау бір бөлек те, ашық пікірталастың жөні мүлдем басқа. Сонымен бірге Құрылтай тек қана  биліктің дайындап берген «ұлттық жобалары» мен «стратегиялық құжаттарын» талқылаумен шектелмеуі керек деп ойлаймын. Құрылтай мүшелері өздері өкілеттік алған топтардың (мүмкін, аймақтардың) атынан өздерінің көзқарастарын - жобалары мен қоғамның дамуының басты бағыттарын ұсынуға, оны дәлелдеуге мүмкіндік алуы шарт. Байқайсыздар ма, осы уақытқа дейін билік тарапынан дайындалған кейбір «жобалар» мен «стратегиялық құжаттарды» халықтың көпшілігі қабылдаған жоқ. Қарсы болды. Тоқтатуды талап етті. Алайда билік өзінің бағытынан айныған жоқ. Жерді сату мәселесінде, халыққа «сендер түсінбейсіңдер» деді, министрлерге «түсіндіре алмайсыңдар» деді, жоғарғы сыныптарды ағылшын тілінде оқыту мәселесінде де, халықтың жанайқайына қарамай, миллиардтаған ақшаны босқа шашып, мұғалімдерді ағылшын тіліне оқытты, «Әліппені» алмаңдар дегенге қарамастан, алып тынды, жоғарғы оқу орындарындағы «Қазақстан тарихын» алып тастап, «Қазіргі Қазақстан тарихы» деген пәнді енгізді, «Сбербанкпен» шарт жасасуға ниеттенді, т.т. Бірақ сол жобалардың тиімсіздігін, жемқорлық үшін көтерілген ақымақ жобалар екенін кейін өмірдің өзі дәлелдеді. Қазір сол жобалар тоқтатылды. Бірақ «сол уақытта Сіздердікі дұрыс екен» деп бір де бір билік өкілі айтқан жоқ... Мүмкін, Құрылтай биліктің осы бір «өзім білемін» деген ауруына тосқауыл қоятын болар. Ол үшін Тоқаев мырза айтқандай «жасанды пікірталас өткізіп, көзбояушылық жасауға болмайды».  Ол үшін Тоқаев мырза айтқандай «Келелі жиында айтылған кесімді сөзге алты Алаштың баласы түгел тоқтайтын» болуы керек. Дала демократиясы дәстүрі сонда ғана жаңғырады. Демек, ең басты мәселе – Ұлттық Құрылтайдың құзіретінде.

Әрине, Президенттің Жолдауынан кейін, астананың солтүстік жағалауындағы көлеңкелі кабинеттердің бірінде Ұлттық Құрылтайдың ережелері жазылып жатқаны анық. Олардың алдындағы сұрақтар – қоғамның да алдында тұр. Солардың екеуін талдап көрелік:

 

ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ ЕРЕЖЕСІН ЖАСАУҒА -  ОППОЗИЦИЯ, ЖУРНАЛИСТЕР, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІ ТІКЕЛЕЙ АРАЛАСУЫ ҚАЖЕТ

Бірінші сұрақ. Құрылтайды кімдер жасақтайды, кім ұйымдастырады, кімдер басқарады, қысқасы, «ойын ережесін» кім жасайды? Өз басым, бұл жауапты жұмысты билікке тапсыруды дұрыс деп санамаймын. Олардың халық жиынына нақты құзірет беретініне күмәнім бар. Осы уақытқа дейін осыған ұқсас құрылымдарды ой елегімізден өткізсек, «сөз сөйлеу», «пікір айту», «ұсыныс беру» кезеңінен соң, шешім шығару мәселесі – не тасада, не билікте қалатын. Сондықтан, Ұлттық Құрылтайдың Ережесін жасауға азаматтық қоғамның өкілдері – оппозиция, журналистер, қоғам қайраткерлері, т.т тікелей араласуы қажет. Басты мәселенің бірі – Құрылтайдың мүшелерінің өкілеттігі. Оны кім анықтауы керек? Жолдауда президенттің аузынан «Ұлттық құрылтайдың құрамында  еліміздегі барлық аймақтың өкілдері болады. Сондай-ақ, оған  Парламенттің бірқатар депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Азаматтық альянстың, қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың мүшелері, беделді қоғам қайраткерлері, өндіріс және ауыл шаруашылығы еңбеккерлері, бизнес өкілдері және тағы басқа азаматтар кіреді. Осылайша, сан түрлі қоғамдық пікір иелерін түгел қамтитын  өкілді құрылым қалыптасады» деген сөз шықты.

Меніңше, Парламент пен Ассамблея өкілдерінің биліктің «жобалары» мен «құжаттарына» әсер ететін мүмкіндіктері жетерлік, сондықтан оларға Құрылтайдан орын беру – артық!

 

30 ЖЫЛ ОСЫ ЖҮЙЕГЕ ҚЫЗМЕТ ЖАСАҒАН АДАМДАРДЫ ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙҒА КІРГІЗБЕУ ТУРАЛЫ ЗАҢДЫҚ НОРМА ҚАБЫЛДАУ КЕРЕК 

«Өндіріс пен ауылшаруашылық еңбеккерлері, бизнес өкілдері» деген сөз – бұрынғы Кеңес заманындағы Жоғарғы Кеңеске депутаттарды жасақтауды есімізге түсіреді. Ленин орденді, Социалистік Еңбек Ері деген атағы бар қойшылардың Кремльдің Сьездер сарайында қалғып-шұлғып отыратынын ұмыта қоймаған болармыз. Бұл – еңбеккерлерді, не бизнес өкілдерін жиынға шақырмау деген емес, олардың ішінде де қоғамға танымал, халықтың қамын өзінің қалтасынан жоғары қоятын жандар жеткілікті, бірақ соларды қалай таңдап аламыз? Бір ауыз сөзбен айтқанда, таңдау шарттары қандай болмақ? Бұған дейінгі осыған ұқсас «халықпен пікірлесу» жиындарында таңдауды биліктің өзі жасайтын (Жоғарыдағы сексен де жиырма тәсілі). Егер Ұлттық Құрылтай да осы жолмен жасақталатын болса, қандай нәтижеге жететінімізді білу үшін балгерге барудың қажеті жоқ деп есептеймін. Егер Құрылтай мүшелері азаматтық қоғамның негізгі көрсеткіші болып табылатын Үкіметтік емес ұйымдардан жасақталса, жиырма мың қоғамдық ұйымның ішінен таңдап алу да оңай жұмыс болмайды және оны кім таңдайды деген сұрақ тағы да алдымыздан шығатыны анық. Меніңше, Ұлттық Құрылтайды жасақтау мәселесін шешкеннен соң ғана, бұл – Жаңа Қазақстанның белгісі болып табылады ма, әлде Ескі Қазақстанның бұрынғы «халықпен жақындасу» ойынының жалғасы ма деген сұраққа жауап бере аламыз. Өз басым, 30 жыл бойы осы жүйеге қызмет жасаған, оның атқарушы билігі мен идеологиялық бағытына беріле жұмыс жасаған адамдарды Ұлттық Құрылтайға кіргізбеу туралы арнайы шарт, заңдық норма қабылдау керек деп есептеймін.

Осы шарт арқылы мен оларды екіжүзділік пен тұрақсыздықтан құтқарып алғым келеді. Құрылтайда «заман өзгерді – мен де өзгерейін» дегендер емес, «заманды адамдар өзгертеді» деген жандар отыруы керек.  Назарбаев пен оның іс-әрекетінің «сабақтастығын» (президенттің өз сөзі) ұстанып отырған Тоқаев мырзаның жүйесіне қызмет жасаған адамдардың Ұлттық Құрылтайда отырғаны – президентімізге сын.

 

БІР ТОЙДА ЕКІ ЖАР ЖОҚ. НЕ ҚҰРЫЛТАЙ, НЕ ПАРЛАМЕНТ, ЕКЕУІНІҢ БІРІ ҚАЛУЫ КЕРЕК

Екінші сұрақ. Ұлттық Құрылтайдың құзіреті қандай болмақ? Бастама көтерген Президентіміздің сөзіне қарағанда, бұл – президенттің жанындағы ондаған кеңесші органдардың бірі сияқты. Бірақ, аты – дардай... Егер оған мүше болатын адамдарды (жоғарыдағы сұрақтың бірінші тұруының себебі де осы болар) халық таңдайтын болса, Парламенттің жағдайы қиын болады... Онда не Құрылтай, не Парламент, екеуінің бірі қалуы керек. Парламентте халық қалаулылары отырған жоқ, қолдан жасалған партиялардың, сол партияны ойынға қосқан биліктің таңдаған адамдары отыр. Бір тойда екі жар жоқ..  Егер қазақ дәстүріне сай құрылған Құрылтай болса, оның шешімдері – талассыз шындық, нақты ақиқат, заңды шешім! Парламенттің міндеті – сол шешімге сай заңдарды қабылдау. Бұған бүгінгі билік көнеді ме?  Бұл да сұрақ. Құрылтай халыққа жақпайтын заң жобаларын қалайша тоқтата алады? Құрылтайда дауыс беру арқылы қабылданған шешімді Президент не Парламент бұза алады ма? Бұл да сұрақ. Ұлттық Құрылтай – жаңа бастама. Мен үшін бір мәселе анық - бұл құрылымның қандай болуын тек биліктің шешуіне беріп қоюға болмайды. Өзіміздің пікірлерімізді білдірейік. Егер көңілімізден шықпаса, қарсылығымызды көрсетейік. Ережені жасайтын жұмысшы тобына кірейік. Шақыра қалса...

 

Сұхбаттасқан Зарина ӘШІРБЕК,

"Адырна" ұлттық порталы 

 

Пікірлер