Атырауда масамен күресуге бюджеттен 130 млн теңге бөлінді

2871
Adyrna.kz Telegram
Фото: massaget.kz
Фото: massaget.kz

Биыл Атырауда тендердің кеш өткізілуіне байланысты көшелер мен саябақтарда дезинсекциялау жұмыстары бір ай кеш басталды. Соған қарамастан, масамен күресуге бюджеттен 130 миллион теңге бөлінді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Сәуір айында Атырауда 1100-ден астам көпқабатты үйлердің жертөлелері мен кіреберістерін өңдеу жұмыстары басталды. Олардың көбісі су астында қалып, онда масалар көбейеді. Дезинфекторлардың айтуынша, бұған көктемде жауған жауын-шашын себеп.

«Дезинфекторлар белгіленген сегіз сағат қана емес, үстеме жұмыс істейді. Жабдық пен керек-жарақ жеткілікті. Бүгінгі таңда 23 қызметкеріміздің 20-сы маса аулаумен айналысады. Бұл 10 бригада», - дейді «AG Dezinfection Services» ЖШС директорының орынбасары Нұрлыбек Ахмедияров.

Бүркуге қолданылатын барлық препараттар мемлекеттік сараптамадан және сынақтардан өткен. Эпидемиолог Гүлмира Ходжибекованың айтуынша, химиялық заттардың адамға да, өсімдіктерге де зияны жоқ, жануарлар да зардап шекпейді.

«Тұрғындарға өз аймағындағы жұмыстардың басталуы туралы ескертуге тырысамыз. Өткен жылы адамдар коронавирус сепкен деген жалған хабарды естіп, өңдеуге тыйым салған жағдайлар болды», - дейді Гүлмира Ходжибекова.

Масалардың тағы бір мәселесі - олардың химиялық заттарға тез бейімделуі. Дәрілерді мезгіл-мезгіл өзгерту керек. Мамандар Атырауда масалардың үш түрі кездесетінін атап өтті: Каспий теңізінің жағалауында өсетін өте ірі Caspius aedes, үйдегі Culex pipiens және Pipiens pipiens.

”Адырна” ұлттық порталы

 

Пікірлер