"Баскесерлер кітабы": Өлтіру, зорлау, тонау

2419
Adyrna.kz Telegram

Ресей әскерінің Украинаға басып кіргеніне 4 айға жуықтады. Әлемнің "екінші әскері" айтарлықтай әскери жетістікке жетпесе де, соғыс заңдылықтарын бұзу мен бейбіт тұрғындарға қарсы қылмыс жасау жағынан ауыз толтырып айтарлық "жетістікке" жетіп үлгерді. 

Украина ішкі істер министрлігінің ақпаратына сенсек, Ресей әскері Украина жерінде жиырма мыңнан астам адамзатқа қарсы қылмыс түрлерін жасаған.Жақында Украинада "Баскесерлер кітабы" пайда болады. Бұл туралы ел президенті Владимир Зеленский 8 маусымда мәлімдеді. Онда Ресей әскерінің қылмыстары мен оны жасаған әскери қылмыскерлердің аты-жөні, жасаған қылмыс түрі жазылады.

"Қылмыс жасауға бұйрық бергендердің аттарын жазамыз. Нақты фактілер, суреттер, фотолар. Украинада қандай қылмыс жасады, соның барлығы жазылатын болады. Бучада, Мариуполь қаласында. Өзге қалалар мен аймақтарда жасаған қылмыстың барлығы да тайға таңба басқандай нақты көрсетіледі. Ешкімді кешірмейміз, барлығы да жауап беретін болады" , – дейді Зеленский.

Украина қазірдің өзінде қылмыс жасағандарға қатысты сот процесін бастап кетті. Елдің бас прокуроры Ирина Венедиктованың айтуы бойынша, қазір нақты 104 адамға қатысты іс ашылып, оның ішінде сегіз іс сотта қаралып жатыр дейді.  Украина соты үш ресейлік сарбазға сот үкімін шығарып үлгерді. Оның ішінде 23 мамыр күні сержант Вадим Шишимаринді өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.

Украина сотына қарсы процесс ретінде сепаратистер де үкім шығаруда. Мысалы сепаратистер қолындағы Донецк қаласында Украина үшін соғысуға келген Ұлыбритания азаматтарына үкім шықты. Сепаратистер үш британ азаматын өлім жазасына кесті. Бұл шешімді әрине Ұлыбритания үкіметі мен халықаралық ұйымдар айыптап, оларды босату жолын қарастыратынын айтты.

Ресейлік оппозиция өкілдері Украинаның "Баскесерлер кітабын" жасауын қолдайды және оны Путин режимінің негізгі бейнесі ретінде әлемге көрсету керек деген ойда. Олар "Путин түбі биліктен кетеді, ал әскери қылмыскерлер жазасын түбі алады" дейді.

Украина халықаралық ұйымдармен бірлесе отырып әскери қылмыскерлерге трибунал ұйымдастыру жағын ойластыруда. Бұл бойынша Буча және өзге қалаларға халықаралық ұйымдар мен Еуропа елдерінің өкілдері келіп, қылмыс түрлеріне көз жеткізіп, құжатқа түсірген болатын. Бейресми мәлімет бойынша "Буча трибуналы" деген атаумен қазір дәлелдер мен куәгерлерден жауап алу жүріп жатыр. Бір ғана Бучаның өзінде 16-60 жас аралығындағы ер азаматтардың барлығын өлтіру фактісі тіркелгені айтылуда. Бұл тек қана әскери қылмыс емес, геноцид деп танылып, Гаага арқылы өмір бойы бас бостандығынан айыру шешіміне әкелетін қылмыс түріне жатады.

Бүгінде басқыншылар қолындағы Мариуполь қаласында 20 мыңнан астам бейбіт тұрғынның опат болғаны жайлы ақпараттар бар. Оны ғарыштан түсірген спутниктік суреттер, мыңдаған жаңадан қазылған қорым мен қаладан эвакуацияланған бейбіт тұрғындар растап отыр. Қала тұрғындарының 10 пайызы Ресей әскерінің басқыншылығынан қаза тапқаны дәлелденсе, Путиннің қаланы қандай жолмен болса да алу туралы бұйрық бергені нақтыланады дейді сарапшылар. Мариуполь қаласында химиялық қару түрін қолдану фактісі де болуы мүмкін, алайда қалаға тәуелсіз сарапшылар кіре алмайтындықтан, дәлел табу қиын.

Украина Ресей әскері жаппай зорлық көрсету мен тонау бойынша ортағасырлық әдістерді қолданғанын айтып отыр. Ал бүгінгі таңда басқыншылар қолындағы порттар мен қамбалардан астықты Ресей жеріне тасуы, әлемдік астық тапшылығына әкеліп, адамзатқа жасалған қылмыс болмақ дейді. 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер