Қостанайда 5 маусым күні облыс орталығындағы сауналардың бірінде әкімші қызметіндегі әйелді келушілер есінен танғанша ұрып-соққан, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы КТК арнасына сілтеме жасап.
Сол күні әйел қонақтарға шекті уақыттарының аяқталғанын ескерткен.
“Олар саунаға тапсырыс берді. Уақыттары таусылған соң серіктесім барып ескертті. Бір айтты, екі айтты. Үшіншісінде өзім бардым. Олар менімен дөрекі сөйлесе бастады. Кейін мен екінші жанжалды шешу үшін екінші администраторға телефон соқтым. Сол кезде қасындағы қыздардың бірі агрессивті болып, шу шығара басталды. Олар маған шабуыл жасады, мен өзімді қорғай бастадым. Мен бұл кісілерді мүлде танымайтынмын. Қазір мұрным сынып, денемде гематомалар қалды”, - дейді жәбірленуші.
Әйел полицияға арыз жазған. Істі ілгерілету үшін денсаулығына келтірілген зиян туралы барлық анықтамалар мен құжаттарды өзі жинауда. Ол екінші соққыдан кейін жерге құлап, есін жоғалтқан. Бейнебақылау камераларынан алынған бейнені көру арқылы әйел оқиғаны есіне түсірген.
“Бұндай жағдай өмірімде бірінші рет. Мен ешқашан ешкіммен төбелеспегем”, - деп қосты әйел.
Әйел соңына дейін барамын деп отыр. Ол ауырып қалуға уақытының жоқ екенін, үйде кішкентай қызы күтіп отырғанын және күйеуі жұмыс іздеп жүргенін жеткізді.
“Біз міндетті түрде көмектесуге тырысамыз. Құқықтық көмек пен дағдарыс психологының көмегін көрсете аламыз”, - деді әйелдер күштері альянсының өкілі Римма Бектұрғанова.
"Адырна" ұлттық порталы.