Алматыдағы балмұздақ және сүт өнімдерін шығаратын зауытта аммиак төгіліп, жұмысшылар уланып қалды. 5 адам дереу аурухана жеткізілген олардың өмірі үшін дәрігерлер күресіп жатыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Астана" арнасына сілтеме жасап.
Ақ халаттылар 26, 46 және 38 жастағы үш науқастың хәлін ауыр деп бағалауда. Үшеуі де жансақтау бөліміне жатыр.
"Бес науқастың біреуі стационарлық емнен бас тартты. Жағдайы тұрақты болуына байланысты. Төрт науқастың үшеуі қазіргі таңда реанимация бөлімшесінде ем алып жатыр. Жағдайлары ауыр. Тұрақты. Қалған бір науқас таксикиология бөлімінде ем қабылдап жатыр. Жағдайы орташа қалыпты", -деді Алматы қаласы жедел көмек көрсету ауруханасының бөлім меңгерушісі Бауыржан Омаров.
Оқыс жағдай балмұздақты буып-түю кезінде болған. Техникалық ақау шығып, 500 грамм аммиак төгілген. Сол сәтте іште 60-қа жуық жұмысшы болған. Барлығы дер кезінде сыртқа шығып үлгерген. Бірақ 5 қызметкердің жағдайы нашарлапты.
Зауыт басшылары қазір оқыс жағдайдың себеп-салдарын анықтауға кіріскен. Әрі олар зардап шеккен жұмысшыларына 500 мың теңгенің көлемінде өтемақы төлемек.
"Алдын-ала қорытынды бойынша мұздатқыш целиндрдің резинкалық тығыздағышындағы ахауынан осындай жағдай болып отыр. Құзырлы мемлекеттік органдардың тексеруіне көмектесуге дайынбыз және бүкіл ауысымдағы қызметкерлерді осы оқиға болған кездегі толығымен медициналық тексеруден өткізіледі. Кешегі ауысымда дайындалған өнімдерді сатылымнан қайтарылады", - дейді компанияның қоғаммен байланыс бөлімі жетекшісі Бейбіт Құрманбаев.
"Адырна" ұлттық порталы