Бүгін, 4 маусымда, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің ресми бекітілгеніне 30 жыл толып отыр. Бұл мереке 2007 жылдан бері елімізде Мемлекеттік рәміздер күні ретінде атап өтіледі, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
1992 жылы 4 маусымда Тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. Бұл күн ел тарихында жаңа мемлекеттік рәміздер күні ретінде мәңгі есте сақталады.
Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұран — мемлекеттің негізгі рәміздері. Көгілдір түсті туымыз бен ортасында шаңырақ бейнесіндегі алтын сәулелі күн орныққан Елтаңбамыз бүкіл әлемге Қазақстан Республикасы аталатын тәуелсіз мемлекеттің бейнесін паш етті. 1992 жылы суретші Шәкен Ниязбеков салған Мемлекеттік Ту бекітілді. Егемен Қазақстанның бүгінгі Елтаңбасы екі танымал сәулетші – Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың қыруар еңбегінің жемісі.
1992 жылы республикамызда Әнұранның әні мен мәтініне конкурс жарияланды. Нәтижесінде тұңғыш Қазақстан Әнұранының авторлары — Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский мен Латиф Хамидидің жазған нұсқасы қабылданды. Бұдан кейін 2006 жылы жаңа Мемлекеттік әнұран қабылданды. Бақытты тағдыры өткен ғасырдың елуінші жылдарының екінші жартысынан басталған халық арасында кең танымал патриоттық ән «Менің Қазақстаным» жаңа Әнұран негізіне айналды. Қазақстан Республикасы жаңа Мемлекеттік Әнұранының авторлары — Шәмші Қалдаяқов, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы
Ту – мемлекеттің егемендік пен біртұтастықты білдіретін басты рәміздерінің бірі. «Флаг» термині «vlag» деген нидерланд сөзінен шыққан және белгіленген көлем мен түстегі, әдетте елтаңба немесе эмблема түрінде бейнеленген, діңгекке немесе бауға бекітілген мата ұғымын білдіреді. Ту ежелден елдің халқын біріктіру және оны белгілі бір мемлекеттік құрылымға сәйкестендіру міндетін атқарып келеді.
Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік туы ресми түрде 1992 жылы қабылданды. Оның авторы – белгілі суретші Шәкен Ниязбеков.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында тік жолақ түрінде ұлттық өрнек нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы – 1:2
Тудың көк түсі ашық аспанды, бейбітшілікті, игілікті білдірсе, түстің біркелкілігі еліміздің тұтастығын меңзейді. Күннің бейнеленуі еліміздің жалпыадамзаттық құндылықтарды қастерлейтінін дәлелдейді және жас мемлекеттің жасампаздық күш-қуатын, серіктестік пен ынтымақтастық үшін әлемнің барлық еліне ашық екенін айғақтайды.
Қыран (бүркіт) бейнесі күн астында қалықтаған бүркіт мемлекеттің қуат-күшін, оның егемендігі мен тәуелсіздігін, биік мақсаттар мен жарқын болашаққа деген ұмтылысын танытады. Бүркіт бейнесі еуразиялық көшпенділердің дүниетанымында айрықша орын алады және олардың түсінігінде бостандық пен адалдық, өрлік пен ерлік, қуат пен ниет тазалығы тәрізді ұғымдармен ұштасып жатады. Алтын бүркіт кескіні жас егемен мемлекеттің әлемдік өркениет биігіне деген ұмылысын көрсетеді.
Мемлекеттік тудың сабының тұсына тігінен ұзына бойына кескінделген ұлттық өрнектер – оның маңызды элементі. Қазақ ою-өрнектері – дүниені көркемдік тұрғыдан қабылдаудың халықтың эстетикалық талғамына сай келетін ерекше бір түрі. Түрлі формалар мен желілер үйлесімін танытатын өрнектер халықтың ішкі әлемін ашып көрсететін мәнерлі көркемдік құрал болып саналады. Тудың сабын жағалай салынған ұлттық өрнектер Қазақстан халқының мәдениеті мен дәстүрін символдық тұрғыда бейнелейді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы
Елтаңба – мемлекеттің басты рәміздерінің бірі, «герб» термині немістің «erbe» (мұра) деген сөзінен шыққан. Мемлекеттің мәдени және тарихи дәстүрін бейнелейтін символдық мәні бар үйлесімді пішіндер мен заттардың мирастық ерекшелік белгісін білдіреді
Қазіргі Қазақстан аумағын мекендеген қола дәуірінің көшпенділері кейін графикалық ұғымы «таңба» деп аталған ерекше символ-тотем арқылы өздерін танытқанына тарих куәлік етіп отыр. Алғаш рет бұл термин Түрік қағанаты тұсында қолданыла бастаған.
Егеменді Қазақстанның Елтаңбасы 1992 жылы ресми түрде қабылданды. Оның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Qazaqstan» деген жазу бар.
Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Qazaqstan» деген жазу – алтын түстес.
Елтаңбада қолданылған негізгі түс – алтынның түсі. Бұл – байлықтың, әділдіктің және кеңпейілділіктің символы. Сонымен қатар, көгілдір аспан түстес тудың түсі алтынның түсімен үйлесім тауып, ашық аспан, бейбітшілік және бақуат тіршілік ұғымдарын танытып тұр.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні
Әнұран – мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. Гректің «gimneo» сөзінен шыққан «гимн» термині «салтанатты ән» деген мағынаны білдіреді. Әнұран ел азаматтарын тиімді әлеуметтік-саяси тұрғыдан топтастырып, этномәдени тұрғыдан теңдестіру үшін негізгі мәнге ие, маңызды дыбыстық рәміз саналады.
Төл тарихымызда Әнұран екі рет қабылданды (1992 жылы және 2006 жылы). Алғашқы әнұранның сөзін Т.Молдағалиев, М.Әлімбаев, Қ.Мырзалиев, Ж.Дәрібаева жазғаны белгілі. Ал оның әуені бұрынғыша қалған болатын. Сегіз жылдан кейін 2000 жылы 9 мамырда Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев Әнұранымызды өзгерту қажеттігін қадап айтты және үкіметке нақты тапсырмалар берді. Нәтижесінде 2006 жылы қаңтарда «Менің Қазақстаным» Әнұран ретінде ресми бекітілді. Оның әуенін жазған Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазған Жұмекен Нәжімеденов болды. Бұл әннің тарихы 1956 жылдан басталады. Тың игеру жылдарында марш сарынында дүниеге келген, қазақтың рухын көтеру, намысын ояту мақсатында жазылған. «Менің Қазақстаным» 1986 жылдың желтоқсанында да жаңғырды.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасының эталондары Қазақстан Республикасы Президентінің Резиденциясында сақталады.
Мемлекеттік рәміздерді қабылдауда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі ерекше. Әнұранның сөзіне бүгінгі еліміздің мақсат-мұратын айқындайтын түзетулер енгізіп, бірлескен авторлардың қатарын толықтырды.
«Тәуелсіздіктің тұңғыш рәміздерін қабылдау кезінде мен Елбасының мемлекеттік тілге, қазақ тіліне, қазақ тіліндегі терминдерді кең қолдануға деген ерекше ілтипатты көзқарасын танытатын мысалдарды да байқап, жадыма түйдім, – деп еске алады ту авторы Ербол Шәймерденов. — Тұсаукесер сәтінде сөйлейтін сөзінің жобасын әзірлеп жатқан тұста «герб», «гимн», «символ» деп жазылған жерлерді өз қолымен «елтаңба», «әнұран», «нышан, рәміз» деп түзетті».
Мемлекеттік рәміздеріміз бүгінде шартарапқа кеңінен танылды. Қазақ Елін әлем жұртшылығы мойындады. Біздің Көк байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының ғимараты алдында тұр, Қазақстан Республикасының шетелдердегі Елшіліктері ғимаратының маңдайшаларына тігілген. Қазақтың Көк Туын ғарышкер Талғат Мұсабаев көк аспанда самғатты, әлемдік спорт додаларында еліміздің олимпиада жеңімпаздары Әнұранымызбен бірге Көк Туымызды биікке көтерді.
"Адырна" ұлттық порталы.