Шымкентте Балалар күні тойланды

1813
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ш.Мұқанның фэйсбук парақшасынан алынды
Фото: Ш.Мұқанның фэйсбук парақшасынан алынды

Шымкентте Балалар күні аясында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Бес жүз оқушы Әл-Фараби алаңындағы аллеяда асфальтке сурет салды. Ал қолөнермен айналысатын оқушылар көрме өткізді.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов балалардың шығармашылығымен танысып, республикалық, халықаралық байқаулар мен олимпиада жеңімпаздарын құттықтады. Сондай-ақ «Барлығы балалар үшін» тақырыбында бала дағдысын, шығармашылығын дамытуға бағытталған әдістемелік көрме ұйымдастырылып, онда балаларды дамыту бағдарламалары таныстырылды.

— Балаларды бүгінгі ерекше мереке, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2022 жылды Балалар жылы деп жариялады. Биыл Шымкентте осы мақсатта 84 тармақтан тұратын арнайы іс-шаралар жоспары бекітілді. Биылдан бастап Шымкентте бастауыш сыныпта оқитын барлық оқушы бір реттік тегін ыстық тамақпен қамтылды. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруда жан басына қаржыландыру жүйесі енгізіліп, балаларымыз тегін үйірмелер мен спорттық секцияларға қатысып жүр. 2021-2022 оқу жылында қаламыздың 500-ден астам оқушысы республикалық, халықаралық деңгейдегі түрлі сайыстарда топ жарды. Бұл біз үшін мақтаныш. Бұл – ең алдымен ұлағатты ұстаздардың ерен еңбегінің жемісі. Сондай-ақ, оқушылардың дамылсыз білім алып, оқып-үйренуге жұмсаған алтын уақытының қайтарымы деп білемін, - деді қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы.

Жиын барысында халықаралық, республикалық пән олимпиадасының және өнер байқауларының жеңімпаздары марапатталып, оларға жазғы сауықтыру лагерьлеріне жолдама берілді. Салтанатты шара концертке ұласып, балабақша бүлдіршіндері мен мектеп оқушылары өнерлерін паш етті. Концертті ҚР еңбек сіңірген қайраткері Майра Мұхамедқызы бастаған қалалық опера және балет театрының солистері қорытындылады.

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер