Атырауда қант саудасына шектеу қойылды. Әр тұтынушы енді 3 келіден артық сатып ала алмайды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.
Бұл жағдай мұнайлы өңір тұрғындарының арасында қызу талқыға түсіп жатыр. Тіпті айлаға көшіп, бір адам сауда нүктесінен бір күнде бірнеше рет қант сатып алғаны анықталған. Енді тұрғындар қантты тек шектеулі мөлшерде ғана ала алады. Министрліктің өзі тапшылық бар екенін жасырмай отыр. Осындай қысылтаяң уақытта қалтаның қамын ойлап, айлаға басқандар да бар. Бір адамның 1 күн ішінде қаладағы сауда нүктелерінің бірінен 18 рет қант сатып алғаны анықталды.
«Біз бейнебақылау камералары арқылы тексеру жүргізгенбіз. 1 адамның супермаркетке 18 рет келіп, қант алғанын анық байқадық. Олар осы жерден арзан бағада сатып алып, кейін оны қымбатқа саудалайды. Алып-сатарлардың айласын жүзеге асырмау үшін, енді супермаркет сөрелеріне қант белгілі бір уақытқа ғана шығарылады. Тіпті рейдтік шаралар да қолға алынбақ»,– деді қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Алтынай Ерубаева.
Сауда және интеграция министрлігі Ресей Федерациясының қант экспортына салған тыйымының кесірінен тапшылық туып отыр дейді. Министрліктің мәліметінше, енді 31 тамызға дейін елімізге 350 мың тонна көлемінде қант жеткізу жоспарланып отыр.