Иқбал Лахури – дара тұлға

3428
Adyrna.kz Telegram

Мұхаммад Иқбал Лахури (1877-1938) саяси тұрғыдан шиеленіскен ауыр кезеңде өмір сүрген ақын, философ, саясаткер және ғалым. Ағылшын отарлау кезеңін көзбен көрген адам ретінде ұлтқа, тілге және дінге қарамастан адамдарды біріктіріп тұратын фактор адами қасиет екенін жырлаған қостілді ақын. Үндістан субконтинентінде парсы тілі бірнеше ғасыр сарай тілі ретінде қолданысты болғандықтан бұл аймақта парсы тілінде өлең жазатын ақындардың болуы ешкімді таң қалдырмаса керек.

Ортағасырлардан бастап Үндістан субконтинентінде қос тілді ақындар (парсы және урду) өмір сүрген және бұл дәстүр әлі күнге дейін жалғасуда. Бірақ Мұхаммад Иқбалдың орны бөлек. Үндістан континентінде туған ақын осы елде өмір сүретін мұсылмандардың болашағы үшін қам жеген және оларды қалың ұйқыдан ояту үшін күрескен қайраткер. Жастайынан Құран Кәрімді жаттап өскен Мұхаммад Иқбал Лахорда әдебиет, философия, ағылшын және араб тілдерін оқиды. Осымен тоқтап қалмай оқуын Англиядағы Кембридж университетінің Тринити колледжінде философия мамандығын бойынша магистратурада оқып жалғастырады.

Философия ғылымына мықтап кіріскен Иқбал Мюнхенде докторлық жұмысын «Персиядағы метафизиканың дамуы» атты тақырыпта қорғайды. Батыстан еліне оралғанда Иқбалдың атағы жер жарып тұрады, бірақ ол ешқашан материалды байлыққа, атаққа қызықпаған. Сондықтан өте қарапайым өмір сүріп негізінен шығармашылықпен айналасады. Ақын ретінде өлеңдерінің жартысынан көбісін парсы тілінде қалған бөлігін урду тілінде жазған. Философия, саясат және қоғамға қатысты зерттеулерін ағылшын, урду тілдерінде жазған.

Жалпы 19 ғ. соңы мен 20 ғ. басында әлемнің барлық елдерінде үлкен өзгерістер орын алғаны белгілі. Алайда субконтиненттің жөні бөлек болатын. Ағылшын отарлауы субконтинентттің бірнеше елге бөлінуіне алып келді әрі орны толмас трагедияға толы оқиғалар орын алды. Бірінші дүниежүзілік соғыс пен қазан төңкерісін көрген Иқбал Лахури дүниеде орын алған барлық оқиғаларды жіті қадағалап әрбір тарихи оқиғаға баға беріп, пікір білдірген. Мысалы кеңес одағы туралы жазған өлеңінде ылғи «лә» яғни араб тілінен аударғанда «жоқ» деген сөзден тұратын ел пайда болғанын, бірақ оның болашағы жоқ екенін жырға қосқан. Шіркеу жоқ, құдай жоқ, пайғамбар жоқ, яғни жоқтан жасалған елдің ғұмыры қысқа болады деп пікір білдірген. Орыс жазушысы Л.Толстойға арнаған өлеңдері ақынның сол кездегі ақын-жазушылардың көбісінің шығармашылығымен жақсы таныс болғанын көрсетеді. Одан басқа сол кезде өмір сүрген француз философы Анри Бергсонмен (1859-1941) таныс болғандығын айта кеткен жөн. Бергсонның ойынша: «Жизнь – это непрерывное творческое становление. Материя – косное начало бытия, сопротивляясь, подчиняется жизни. Эволюция природы благодаря этому становится творческой эволюцией». Басқаша айтар болсақ Анри Бергсонның ойымен Иқбал Лахуридың ойы жақын келген. Осыған өте жақын ойды Иқбал Лахури «Адамның шығармашылық қабілеті» атты өлеңінде жан-жақты жырлайды. Иқбалдың ойынша адам баласы үнемі ізденісте жүретін, жаңа дүниелерді жасауға ерекше қабілетті ерекше құбылыс. Сондықтан Иқбал Лахури өз өлеңдерінде барлық адамдарды, әсіресе мұсылман жамағатын жаңаруға, өзгеруге, өзін-өзі тәрбиелеуге шақырды. Адамзат баласының ой-санасының жаңаруымен қоғамдық ой-сана жаңарады. Ал қоғамдық ой-сананың жаңаруына қарай мемлекет дамиды және ілгерушілік болады деп есептеген. Адамдар әрдайым жаңа нәрсені жасаумен, өзгеріске талпынумен қоғамды дамытады деп ойлаған Иқбал Лахури әрдайым адам баласын қай кезде болмасын ғылым мен білімді игеруге, өнердің түрлі салаларын үйренуге, шығармашылықпен айналысуға жетелейді.

Иқбал Лахури ортағасырларда өмір сүрген парсының классикалық ақындары секілді барлық жанрда өлең жазған. Сонымен қатар ол парсының танымал ақындарына, әсіресе Жәлаладдин Мұхаммад Румиге еліктеген, пір тұтқан және оған арнап өлең жазған. Румиге арнап жазған өлеңдерінің саны жиырмадан асады. Ақынның жиі-жиі Руми ақынмен ақылдасқаны өлеңдерінен анық байқалады. Ұлы Жавидке арнап жазған өлеңінде Иқбал Лахури бірқатар ақыл-кеңес береді де Руми сынды пірді ұстазы санау керектігін тапсырады. Себебі Руми секілді пірге сенсең онда құдай сені бос әуре сарсаңнан сақтайды және өміріңе бір кірсе шықтайтындай мықтап орналасады деп пысықтайды. Сонымен қатар Руми дән мен сүйекті қалай ажыратуды білсе, адамның жаны мен тәнінің арасындағы байланысты та жақсы біледі дегенді меңзейді. Демек тән мен жанның ара қатынасын білу үшін, арасындағы тепе теңдікті сақтауды игеру үшін Румиге жүгіну керек деп оймен қорытындылайды. Мұхаммад Иқбал Лахури ең көп мән берген тақырыптың бірі – адам бейнесі немесе адамның осы өмірден алатын орны.

 Мұхаммад Иқбал адамның күрделі де таңғажайып болмысы туралы «Милади адам» (Адамның туылуы) атты қысқа ғана ғазалында ерекше шеберлікпен жырлайды. Бұл ғазалда Иқбал Лахури Адам атаның жаратылысы туралы айта отырып бүкіл адамзат баласына ортақ маңызды мәселені ортаға салады. Адам жаратылғанда бүкіл әлемнің таң қалады, әсіресе періштелер. Себебі адам ешбір жаратылыс иесіне ұқсамайтын таңғажайып жаратылыс. Адамның таңғажайып болмысын Иқбал адамның ерік бостандығы мен тағдыры арқылы түсіндіруге тырысады. Бұл туралы көптеген философтар өз пікірлерін ұсынған. Ал ислам дінінде калам ілімі пайда болғанда адамда ерік бостандығы бар ма деген өзекті сұрақ қойылады, әлде адам тағдырына не жазылса сол тағдырды сүруге тиісті ме? Бұл сұраққа әрбір ғалым өзінше жауап іздеген. Иқбал Лахури өзінен бұрын өмір сүрген философтар мен ақындардың сөздеріне көз-қарастарына сүйене отырып, ойын былай деп түйіндейді. Иқбалдың ойынша адамды құдай жаратқанда барлық жаратылыс иелері келіп таң қалып тамашалаған, әсіресе періштелер. Ал адамның Иқбалдың ойынша еркі өзінде емес жердің топырағынан алып жаратқан. Бірақ жаңадан жаратылған адам өзін өзі қайта тәрбиелей алатын, сағы сынса қайта тұра алатын, өз әрекетіне жауап бере алатын, ерекше қабілетті жаратылыс болатын. Табиғаттың бұны көріп таң қалғандығы сондай көкірегі қарс айрылып ах ұрады. Ал перде артынан тамашалайтын періштелер енді перденің арғы жағындағы құпияны ашатын жаратылыс пайда болды деп қалшылдап дірілдейді. Бұл хабар көкке қарай кетеді, ал бұның бәрінен хабары жоқ адам болса өмір сүруін жалғастырады. Осы топырақтың үстінде көнеден бері өмір сүріп келеді деп саған кім айтты, бұрын басқа жақта өмір сүрдім дегені жан мен тәннің екі бөлек болмыс екенін меңзегені. Топырақтан жаратылған тәнге жанды үрлеп кіргізгенше адамның жаны әлемдік жандар жинақталған жерде болды, бірақ алланың бұйрығымен жаңа өмірін жер бетінде жалғастырды. Бұл жердегі ең басты фокус ол Адам. Адамның жаратылысында өзін өзі қайта құра алатын, тәрбиелейтін, бақылайтын қабілет бар. Және ол үшін адамның еркі өзінде. Табиғаттың ерік бостандығы жоқ, бірақ сондай ерік бостандығы жоқ жерден ерік бостандығы бар адам пайда болады. Яғни діндегі адамның ерік бостандығына келетін болсақ, Иқбалдың ойынша адамның табиғатында (тәнінде) ерік бостандығы жоқ, бірақ оның жанында ерік бостандығы бар. Адам осы ерік бостандығын пайдаланып ерік бостандығы жоқ тәнін тәрбиелей алады. Сонымен қатар, адамда алланың жарату, туынды жасау қабілеті бар. Адам бүкіл мейірім, ынта-жігерін пайдаланып өзін өзі тәрбиелей алады, дұрыс жолға сала алады, қателігін түзей алады, әрекеттерін бақылап оған жауап бере алады. Бұл қабілеттің ешқайсысы жануарларды басқа жаратылыс иелерінде жоқ деп санайды. Сондықтан да Иқбал Лахури көптеген өлеңдерінде адамның жаңару, жаңаша өмір сүруі, өзін өзі тәрбиелеуі, эгоизмімен күресуі және т.б. көптеген жаңашылдыққа қатысты қабілетін ерекше атап көрсетеді және адамдарды өзін өзі тәрбиелеуге, қателіктерін жөндеуге, жаңаша дүние жасауға үндейді.

Жалпы алғанда Мұхаммад Иқбал Лахуридың өлеңдері екі тілде жазылғанын атап көрсеттік. Урду тілінде жарық көрген өлең жинақтары: Банге Дара, Бал-е Жебрайл 1935 (Жебрейлдің қанаты), Зарбе Калим 1936, Шукух 1911 (Салтанат), Жавабе Шукух 1921 (Шукухке жауап). Парсы тіліндегі өлеңдері: Асрари худи 1918 (Өзімшілдіктің сыры), Румузи бихуди (Өзін-өзі жоққа шығару аллегориясы), Пейами машриқ 1923 (Шығыстың жолдауы), Забури аджам 1927 (Парсыша Забур), Жавиднама 1932 (Мәңгілік кітабы-Жавидтың кітабы), Пас че баяд кард ақвами шарқ (Шығыс халқы енді не істеу керек), Мусафер 1933 (Жолаушы), Армағани Хиджаз 1938 (Хижаздың сыйы). Парсы тіліндегі өлеңдерінің көлемі 9000 жол, ал урду тіліндегі өлеңдерінің көлемі 6000 жол.

Жуырда ғана Фараби және Иқбал халықаралық форумы Әл-Фараби ҚазҰУ өтті. Осы орайдаИ.Лахуридың шығармалары Қазақстанда қаншалықты зерттелді, еңбектері қазақ тіліне аударылды деген сұрақ туындары сөзсіз. Иқбал Лахуридың шығармаларының жартынсынан көбі парсы тілінде екендігін ескере отырып бұл тақырыппен ирантанушылардың айналысуы қажет екендігін айта кеткен жөн. Алайда И.Лахуридың өлеңдері қазақ оқырманына жан-жақты таныстырылды дей алмаймыз. Орыс тіліне біршама еңбектері аударылған. Олар: Иносказания о самоотречении, Послание Востока, Книга вечности, Крыло Гавриила, Дары Хиджаза. Ал қазақ тіліне Ө. Күмісбаев бір өлеңін тұпнұсқадан, яғни парсы тілінен аударған. Ол Фатима анаға арналған өлеңі «Күншуақты, жарқын Фатиманың бейнесі» деп аталады.Бұрынырақта Т. Жұртбай бірер өлеңін орыс тілінен қазақ тіліне аударған. Бірақ И.Лахуридың ешбір өлеңдер жинағы толықтай қазақ тіліне әлі аударылмағаны шындық. Олай болса алдағы уақытта аударма мәселесімен қатар Иқбалтану мәселесімен айналысатын мамандар керек. Ең басты әрі салмақты ойларын парсы тілінде жырлағандықтан парсы тілінің мамандары осы тақырыпқа назар аударады деген ойдамыз. Иқбал Лахури сынды ғасырында бір-ақ рет өмірге келетін тұлғаның еңбектерімен қазақ оқырмандары танысатын уақыт жақын деп үміттенеміз.  

Ғ.Ә.Қамбарбекова

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Шығыстану факультеті

Таяу шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы

Пікірлер