Мемлекет дамудың нақты алгоритмін құрып, алдағы кезеңді болжап отырғаны абзал — Кеңшілік Тышқан

2211
Adyrna.kz Telegram

«Қаңтар оқиғасында» ең негізгі аңғарған нәрсе – саяси, әлеуметтік, тіпті, ғылыми бағытта да реформалар керек екені. Таяуда референдум өтпек,суперпрезиденттік жүйеден арылу жайы сөз болды. Демек, билік осыған дейін бізде суперпрезиденттік жүйе болғанын мойындап тұр. Сондықтан билік пен қоғам арасындағы сәл алшақтық осы жағдайға алып келді. Тергеу нәтижелері толық шықты деуге келмейді, бірақ Мемлекет басшысы меңзегендей,қаңтарда үстем тап – ықпалды бір шоғыр адамның билікті қолына алғысы келіп, мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылғаны анық. Одан қарапайым адамдар, жазықсыз жандар, бейбіт шеруге шыққандар, полиция қызметкерлері зардап шегіп, көз жұмды.

Осы оқиғаның бір зияны – қоғамның билікке деген сеніміне селкеу түсті. Сол себепті күдік келтірушілердің болуы – заңды. Әрине, халықтың жағдайы жаман емес, аштық қысып жатқан жоқ, бірақ қоғамда әлеуметтік төмен таптың деңгейі көбейді. Үлкен тап пен төмен таптың арасындағы алшақтық көбейгенде наразылық шығады. Енді оқиғаны маман ретінде діни жағынан қарап көрсек. 2010-2011 жылдан бастап мемлекет экстремизммен күресті қолға алуға тырысты. Алайда бұл күрес мемлекеттік органдардың қызығушылық деңгейінде ғана іске асты. Бізде радикализм бойынша тіркеуде тұрған адамдардың саны онша көп емес. Олардың басшылығын, басқару жүйесін, қаржыландыру жолдарын тез арада анықтап, бұғаттап тастауға мүмкіндік бар. Себебі халық ішінде дінде тұрақты жүргендердің саны 10-15 пайыз шамасында. Оның ішінде радикализм жолында жүргендердің саны тіптен төмен. Радикализмге қарсы күреске миллиардтаған қаржы бөліне тұра, оның жолын кесе алмау ақылға қонбайды. Осы жерде біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «радикалдар қақтығысқа араласты» деген сөзінің шын екенін ұғамыз. Яғни, билікке мүдделі ықпалды топтар содырлардың жолын әдейі кеспей келуі мүмкін.

Тағы бір проблема – дінді азаматтарға таратудағы мәселелер. «Дінді өз бетіне қалдыру» дедік те, бақылаудан шығарып алдық. Кей кезде діни мәселелерді шектен тыс саясиландырып жібердік. Мысалы, жастарға ақ-қараны түсіндіріп бере алатын мықты дін мамандары жетерлік. Алайда ашылып сөйлеуге саясат кедергі келтіреді. Ал ықпалды топтардың құрамында жүргендердің беделі асып, солардың сөзі өтіп кетті. Діннің шындығын солар айтып жүргендей көрінді. Ал дін саласында жүрген мамандардың көбінің біліктілік деңгейі төмен. Сондықтан мемлекет алдағы уақытта дінді бақылауға алу керек деп ойлаймын. Ұлттық қауіпсіздік комитеті қаңтар оқиғасына қайда қарап отырды? Қақтығысқа қатысты деп бірнеше діни топтарды атады. Нақтысын алдын ала неге болжамады? Яғни, мемлекеттік мүдде мен қауіпсіздік тұрғысында көптеген оңтайлы өзгерістер болуы тиіс. «Қаңтар оқиғасына» сыртқы күштердің де қатысы болуы мүмкін. Өйткені мемлекеттік төңкеріс жасау, радикализм деген бір адамның қызығушылығы емес, ол үлкен саясат, сыртқы күштердің ықпалы болады. Енді мемлекет дамудың нақты алгоритмін құрып, алдағы кезеңді болжап отырғаны абзал.

Кеңшілік Тышқан,

дінтанушы

Пікірлер
Басқа материалдар