Ішкі істер министрінің бұйрығымен Ұлттық ұлан бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары қызметіне полковник Қайрат Үмбетов тағайындалды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Кандидатураны министр және оның орынбасарлары бір ауыздан мақұлдады.
“Өздеріңіз көріп отырсыздар, ол бүкіл сатыны өтті. Біздің ұландарға дұрыс тәрбиені “Халық қаһарманы” бермесе, басқа кім береді? Қайрат Жарылқасынұлы, ұландықтардың моральдық-психологиялық жағдайын шыңдап, сарбаздармен тәрбие жұмыстарын жүргізу қажет. Сіздің ерлігіңіз оларға үлгі болады деп ойлаймын. Бұл тағайындаумен біз Ұлттық ұланды нығайтамыз деп үміттенемін”, – деді ведомство басшысы.
Еске сала кетейік, 2016 жылы Қарағанды құрамасының оқу орталығында жаттығуды орындау кезінде жарылған жауынгерлік гранатадан полковник сарбазды өз денесімен жауып, құтқарып қалған болатын.
«Адырна» ұлттық порталы