Оралда 50 қоқыс орнының әрқайсысына екі камерадан орнатылған. Оған 54 млн теңге қаржы бөлінген. Ал биыл бұл мақсатта жергілікті әкімдік тағы 120 камера орнатуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
"Protenge" телеграмм каналының мәліметінше,жергілікті әкімдік бұл камераларды тұрғындардың сұрауымен орнатқанын жеткізген. Айтуынша, адамдар үлкен көлемдегі қоқыстарды тұрмыстық қоқыс контейнерлеріне тастағанына жиі шағымданған.
Ал "Уральская неделя" жазғандай, биыл қоқыс орындарына тағы 120 камера орнатпақшы.
"Надежда" басылымының жергілікті журналистері қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысымен сұхбаттасқан. Анықталғандай, қазір аталған 100 камераның 6-ы ғана жұмыс істеп тұр, қалған 94 камера биыл жаздың соңына дейін қосылады-мыс.
Белгілі болғандай, қоқысты "аңдуға" орнатылған, әлі қосылмаған камералар үшін 2021 жылдың желтоқсанында ТКШ бөлімі мердігерге 54 миллион теңге төлеген.
Қазір жергілікті БАҚ өкілдері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет шенеуніктерінен неліктен жұмыс істемейтін камералар үшін ақша төлегенін тексеруді сұрап жатыр.
"Адырна" ұлттық порталы.