Қырғызстан сапары: Не айтылды, не шешілді?

2659
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 26 мамыр күні Қырғызстанға барды. Қазақ пен қырғыз Құдай қосқан көрші. Жұмыр жердің соңғы күніне дейін, жұлдызды аспанның соңғы түніне дейін солай болып қала береді. Сондықтан шешілуі тиіс түйіндер, реттелуі тиіс мәселелерді дер уақытында анықтап, реттеп отыру маңызды.

Сапар қырғыз басшысының ресми шақыртуы бойынша іске асты. Аталмыш сапар барысында маңызды келісімдер мен хаттамаларға, меморандумдарға қол қойылды. Жалпы саны 13 құжат.

Қазақстан аталмыш сапарда су мәселесін айрықша көтерді. Жыл өткен сайын Орталық Азияда су тапшылығы артты, ал географияға көз жүгіртсек бес елдің үшеуі тәжік пен қырғыз жерін кесіп өтетін өзендерге тәуелді. Трансшекаралық өзендер татулықты бұзбауы тиіс, ал қолайсыздықтар мен мәселелер қарумен емес, келіссөзбен реттелуі қажет. Қырғызстан арқылы келетін өзендермен еліміздің біраз өңірі егін суарып, шаруашылық дөңгелетіп отыр. Әсіресе Жамбыл облысы. Алайда жаз су азайып, өнім қурап қалатын, қыс керісінше су көбейіп, су шайып кететін сәттер аз емес-тін. Міне, осы мәселе кездесуде айтылды. Реттеу жолдары талқыланды. Қазақстан келісімшартты толық орындайтынын айтты, Қырғызстан су жолына бөгет болмайтынын жеткізді. Оның үстіне біз "Қамбар-Ата" ГЭС-ін модернизациялауға қатысып қалуымыз да мүмкін. Суды реттеп алсақ, арамыз суымайды.

Қазақстан Ыстық көл облысындағы күн энергиясымен қуат беретін станцияның құрылысына қаржы құюға дайын екенін жеткізді. Бұл шамамен 300 млн доллардың жобасы болуы ықтимал.

Шекарада қаңтаралып жүк көліктері тұрып қалатын сәт аз емес. Ол бекеттерді модернизациялау мәселесімен де байланысты. Сонымен бірге "біз құжаттары дұрыс емес" деп қырғыз тарапын айыптасақ, "көлікті тексеруді тым ұзақ жүргізеді" деп қырғыздар бізді айыптап келеді. Өзара айыптау абырой әпермейді, экономиканы еселемейді. Сондықтан шекарадағы кезекті азайту үшін жүк өткізу көлемін арттыру шаралары жасалатын болды, келісімге қол қойылды, сықитып мөр басылды. Атап айтқанда, екі ел үкіметтері арасындағы байланыстардың жандануы, жаңғырған «Қордай – Ақ жол» өткізу бекетінің ашылуы, тұрақты гуманитарлық көмек көрсету және электр энергиясымен алмасу жөнінде сөз болып, шарттар жасалды.

Елдер арасындағы қатынас ескерткіш ашумен емес, сауда қатынасымен, тауар айналымымен өлшенеді. Кешегі кездесуде қазақ-қырғыз сауда қатынасын 2 млрд долларға жеткіземіз деп уағдаласты. Бұрын ол 1 млрд доллар еді. Яғни екі есе.

Абайға ескерткіш ашылды. Бұл қазаққа құрметі деп түсінеміз. Біз Манас батырға ескерткіш ашамыз деп мәлімдедік. Манасқа қатысты президент жақсы факт келтірді. Арғысы Шоқан "Манастану" негізін қалағанын, бергісі жырды сақтап қалуда Мұхтар Әуезов барын салғанын айтты. Бұл "қазақ қырғыздың да жырын, құндылығын сақтап қалуда аянбады" дегені ғой. Қазақтың қырғызға деген шынайы пейілін көрсетеді.

"Философ, гуманист тұлға, қазақтың ұлы ақыны Абайға Бішкек қаласында қойылған ескерткіштің ашылуымен баршаңызды құттықтаймын. Екі елге ортақ тұлғаға дипломатиямыздың 30 жылдығы қарсаңында құрмет көрсетіліп отырғаны – ерекше оқиға. Жазда жайлауы, қыста қыстауы қоңсы қонған екі халықтың рухани әлемінің жақындығын Абай мен Тоқтоғұлдың, Мұхтар мен Шыңғыстың мұралары көрсетіп келеді. Абайдың 175 жылдығы кезінде Ұлттық кітапханадан арнайы мәдени бұрыш ашылғанын да еске салғым келеді. Біздің бауырлас қазақ халқымен достығымыз барлық салада дами беретініне сенемін", – деді Қырғызстан Президенті.

Қырғызстан мен Қазақстан арасында әскери техникалық көмек көрсету бойынша да келісім жасалды. Тараптар қысылтаяң сәтте бір-біріне қару-жарақ, әскери техника беруге уағдаласты. Қазақстан жыл сайын Қырғызстанға әскери көмек көрсетіп келеді, енді оның көлемі артуы мүмкін. Бұл аймақтағы қауіпсіздік мәселесін күшейту шарасы, себебі Ауғанстандағы тұрақсыздық Орталық Азияға әсер етуі ықтимал. 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер