Нығматулин династиясы құлады ма?

3635
Adyrna.kz Telegram

Нығматулин деген фамилияны естісе көпшілік Парламент мінберіндегі депутаттарды «қуырып отырған» шенеунікті елестетеді. Ол заңды да. Ұзақ жылдар бойы Нұрлан Нығматулин Парламент мәжілісінің төрағасы лауазымын иемденіп келді. «Қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейін елімізде саяси өзгерістер басталды. Бұрынғы биік қызмет, былғары креслода отырған талай шенеунік қызметінен алынды, өз еркімен кетті, кейбірі ұсталды, темір торға қамалды. Қызметінен кеткендердің арасында Нұрлан Нығматулин де бар.

Ақпанның алғашқы күнінде Нығматулин өз еркімен қызметінен кететінін айтты. Ол Мәжіліс төрағасы қызметінде он жылға жуық жұмыс атқарған, салмағы басым саясаткердің бірі болатын. «Ұзақ жылдар бойы түрлі саяси қызмет атқарған сәтте, мен мемлекет басшысының қолдауын сезініп келдім. Дауыс берушілерге ерекше алғыс айтқым келеді, олар осынша жыл бойы Парламентте өз мүдделерін бізге тапсырып, сенім артты. Сонымен бірге барлық депутаттарға, барлық үш шақырылымдағы депутаттар өкілдеріне шын жүректен алғыс білдіргім келеді», деді ол. Сөз арасында ол президентпен қоса, Назарбаевқа да алғыс айта кетуді жөн санады. Нақтырақ айтсақ былай деді:

«Әр заң ел дамуына ықпал ететін сондай бір өте қызу тартысқа толы маңызды, жауапкершілігі мол жылдар болды. Бүгін мен ең алдымен алғыс сөзін Елбасымыз, Nur Otan партиясының негізін қалаушы Нұрсұлтан Назарбаевқа және қазіргі мемлекет басшысы мен партияның төрғасы Қасым-Жомарт Кемелұлына білдіргім келеді, олар маған сенім артқаны үшін көп алғыс»,-  деді экс Мәжіліс төрағасы.

Нығматулинге қатысты артынша сан түрлі ақпарат шықты. Мамыр айының ортасында Нұрлан Нығматулин елден кетті деген ақпарат пайда болды. Алайда артынша Нұрлан Нығматулиннің Нұр-Сұлтан қаласындағы сауда үйлерінің бірінде, кинотеатрға келген видеосы жарияланды. Ол кинотеатрға кірер алдында телеграм арналардың біріне кішігірім пікір білдіріп, «елден кетуге себеп жоқтығын, ендігі уақытын немерелері мен отбасы жанында өткізетінін» айтқан болатын.

Алайда наурыз жаңалыққа толы болды. Атышулы Қайрат Сатыбалды ұсталып, тергеуге қамалды. Ол Назарбаев әулетіне жақындардың бірі және елдегі теріс діни бағыттың бейресми көсемі саналады деген де ақпараттар бар. Артынша Қайрат Сатыбалдының жұбайы мен Қайрат Боранбаев та ұсталды. Боранбаев Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы құдасы. Осы ақпараттардан кейін Нұрлан Нығматулин елден кетті деген ақпарат тағы шықты. Бұл жолы нақты деректермен. Нұрлан Нығматулин наурыз айының соңында Атырау қаласына жеке ұшағымен ұшып барып, артынша Әзербайжан астанасы Бккуге аттанды деген мәлімет тарады. Ол Comlux компаниясының бортына отырып, Бакуге ұшқан делінеді. «Осылайша Нұрлан Нығматулин Әзербайжан арқылы өзге елге кетуі мүмкін және Атырауға ұшу тек із суыту әдісі» деген жандар да болды. Нығматулиндер әулетіне жеке ұшақтың тиесілі екенін ескерсек, бәрі де мүмкін.

Нығматулиндер әулеті демекші. Нұрлан Нығматулиннен бөлек Ерлан Нығматулин де ел аузында жүрген адам. Өткен жылы Қазақстанның ең беделді кәсіпкерлерінің ішінде Форбс рейтингі бойынша 32 орынды иемденген ол, «Сарыарқа Нан ​​Қарағанды» ЖШС, «Балқаш Нан» ЖШС, «Пульс» ЖШС (бөлшек сауда, қонақ үй бизнесі, қалааралық жолаушылар тасымалы), «Өркен Медиа» ЖШС және «Trend Capital» ЖШС наубайханаларының жалғыз құрылтайшысы болып табылады.

Өзге екі тұлғамен бірге «YDD Corporation» ЖШС Қарағанды ​​ферроқорытпа зауытына иелік етеді. Ол «Қаражыра» көмір өндіруші АҚ акционері, Давид Кемертелидземен бірге «Qaz Carbon» ЖШС-нің иесі. Бұл кәсіптен бөлек өзге де бизнес түрлеріне ие екені айтылып жүр.

Атадан байлық, әкеден мирас қалмаған соң (КСРО заманында жеке кәсіпке тыйым салынды), мұндай асқан байлықты, сансыз кәсіп орнын қалай ашқаны, қалай қол жеткізгені көпшілікке күмәнді.

Нұрлан Нығматулинің ұлы Нұржан Нұрлановоңай-оспақ адам емес. Ол осыған дейін«ҚазМұнайГаз-Аэро» компаниясының бас директоры қызметін атқарған еді, ал күні кеше ғана оның қызметтен кетіп, орнына Ильдар Шамсутдинов есімді азаматтың келгені жайлы ақпарат тарады. Осылайша әкесі төрағалықтан кеткен Нұржан директорлықтан кетті.

Нығматулиндерге қатысты пікір көп. Бірі Нұрланды тісқаққан саясаткер санап, «оның саяси амбициясы орасан еді» десе, екіншісі ескі биліктің жарқын өкілі дейді. Алайда бір қызығы қызметтен кеткен Нығматулиндерге қатысты қоғамды елең еткізер қандай да бір ақпарат әлі шықпады. Қаңтардан кейін биліктен кеткен саясаткердің соңынан сөз бен антикор еретінін көз көрген қоғам, бұл жайтқа таңырқап отыр...

Мақсұт Саматұлы

Пікірлер