«Күркіреп күндей өтті ғой соғыс» деп Қасым ақын айтқан алапат соғысқа биыл 77 жыл. Жеңіс күні қарсаңында белгілі эссеист жазушы Мақсат Тәж-Мұратқа хабарласып, соғыс тақырыбында жазылған алғашқы туындысы – Мәншүк Мәметованың 100 жасқа толу мерейтойына орай әзірленген кітабының жайын білген едік.
— Ал, Мәке, ахуал нешік?
– Бір әнші қызымыз айтпақшы, өте жаман емес. Соррентодан сәлем дейін десем, Қаскелеңде жатырмын ғой. Бұрын «тунеядец» деуші еді, қазірше әліптегендефрилансерміз.
– Жай жатпай, жазу үстелінің үстінде шапқылап жатыр деп естиміз. Батыр апамыз жайлы бір кітап пештен жаңа шыққан таба нан сияқты алдымызға келмекші екен, ұзағынан болсын!
– Айтсын. Толғағы ащы болды десем артықтау болар, дегенмен, бүгін қарап отырсам, осы тақырыпқа өткен ғасырдың өзегіндегі 80-ші жылдары-ақ ауаланған екенмін. Менің алғашқы мамандығым – «труженик газеты» ғой, білетін боларсыз, Есақа?
– Білгенде мен білейін да оны. «Журналист деген қара нар, аздау бірақ гонорар» деген сөз екеумізге әбден қатысты ғой.
– Сол журналистік жолдағы тәу іссапарым Ордадан басталған екен. 1983 жылы қыста сондағы атақты музейге келдім. Журфакты бітіріп жатқан кезім, диплом жұмысым – «Қазақстан» газетінің тарихы жайында материал жинамақпын. Жетекшім – Мамытбек Қалдыбеков «Сонда барғын, ырғын дерек бар» деп болмай жіберген, келсем бір беттен басқа дым да жоқ. Ол кезде музейдің директоры Темірболат Махимов марқұм. Сол кісінің рұқсатымен төменгі қабаттағы мұражайға түсіп, жиналған материалдарды қарадым. Бір қор Мәншүкке арналған екен. Батыр апамыз жайлы сонау 50-ші жылдардан бастап жарияланған мақалалардың библиографиялық тізбесі, Ғұмар Зарипов сияқты біліктілер қалдырған түпдеректік мәліметтер. Тізбесін көшіріп жазып алдым. Кейін Мәншүк жайында кітап жазбақ болып Ұлттық кітапханадағы электрон қорды қарағанымда, әлгі тізбедегі көптеген материалдар онда болмай шықты.
Содан, Орал өңіріне араға үш жыл аралатып қайта келдім. Колбиннің тұсында «аға газеттің аудандық газеттерге көмегі» дейтін науқан болды, соның дүмпуімен «Социалистік Қазақстаннан» Жалпақтал (Фурманов) аудандық газетіне жіберілген көмекшімін де. Арасында Оралға соғып тұрамын. Бір жолы сондағы Мәншүк музейіне баруға ниетім кетті. Директоры Ұрқия Ершораева екен. Сол жерде маған жақсылап тұрып тарихтан сабақ берді апайымыз. Ап-май, осы күнге шекті Мәншүкті соншалықты жақсы білетін яки соншалықты жақсы көретін адамды көрмедім деуге аузым барады.
Сүйтіп, Мәншүк хақында советтік мифологиямен әуейі боп, аспанда «Байрақтар» не «Свичблейт» сияқты қалықтап жүргенмен енді қара жерге түскендей болдым. «Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады» демекші, Алматыға оралғасын Мәриям Хакімжановаға хабарластым. Апай сырқастанып жатыр екен, сонда да телефонмен біраз әңгіме айтып берді. Ол кісі 1932-1934-інші жылдары «Әйел теңдігі» журналында Әмина Мәметовамен бірге қызмет атқарған ғой, содан бастап екеуі дос-жар боп кеткен. Еркек қозының маңырағаны сияқты жуандау қоңыр дауысты адам екен, әңгімені тамылжытып, көркем кестелеп айтады. «Алғаш Мәншүкті көшеде, Ахмет пен Әминаның ортасында тұлымшағы желбіреп қарғып-секіріп келе жатқанында көрдім» дегенінде жерге «окончательно» түстім ғой, ал «Бір күні редакцияға келсем, Мәншүк үстелдің астынан бантигі селтиіп «Баһ!» деп атып шықты, зәрем ұшып құлап қала жаздадым» дегенін естіп, жүрегім елжіреп кетті. Сол елжірегеннен әлі елжіреулі...
Қазір әлгі адамдардың біреуі де жоқ, құдай меншігіме бұйыртқан мезгілдер екен ғой, қарап отырсам. Әлбетте, Ұлытаудың басына шыға алмай, қасынан қайтқандай болдым, бірақ сол жылдар бір нәрсені – Мәншүк Мәметованың тағдырлы өмір жолы оң жамбасыма жығылып тұрғанын сездірген секілді. Сездім деп те, сезбедім деп те түйіп түсуден аулақпын, десе де сондай бірдеңе болды. Сонда-дағы ұзақ уақыт бұл тақырыпқа жолай алмадым. Оның бірінші себебі, әлгі жылдары жазушы Мереке Құлкенов Мәншүк жайында үлкен бір нәрсе, – сірә, көркем шығарма, – жазбақшы боп дайындалып жүрді. Әмина апаймен, Мәншүктің Фаузия құрбысымен, тағы да басқа көз көрген адамдармен кездесіп, әңгімелерін жазып алды. Бірақ, сәтін салмады ма, әйтеуір бір эссе-мақаладан өңге ештеңе бермеді. Сонда да жазушылықтың әдебіне салып, ағамыздың алдын орамайын деп күттім, болмағасын ғана кірістім. Екіншіден, жазушылықта тақырып көкіректе ұзақ жыл жатып, тап болып пісетін «түйе толғақ» жағдай да кездеседі. Мысалы, шығарманытез жазып тастайсың, ал бірақ оның көкірегіңде неше жыл жазулы хаттай болып мәністеле сызылғанын тап басып айту мүмкін емес. Уақыты келгенде ғана алға тартылған сыбағалы табақтай еріксіз бой ұсындыра береді. Ердің жасы елуді белінен бір бүктеп, алпысқа жасты шегелеп, қазақша қайырғанда «Хватитработатьнадядю!» деп алып, «Абай да қырықтан кейін жазған ғой» деп және үстеп, құйрық-жалды шарт түйіп, жазу үстеліне алаңсыз отырған бертінгі жылдары ғана Мәншүк туралы кітабымның сағаты соқты десем, қателесе қояр ма екенмін. Шардақ тартсақ та шау тартпаған сияқтымыз – қалай болғанда да жылына бір роман беріп отырған Ілияс Есенберлинге, үш жылда үш өлеңді роман – қырық мың жол – жазған Әбулақаптарға ілесе алмасам да, соңғы жеті жылда «жетіжылдық жоспарды артығымен орындап», бес мың жолдай жазып тастаппыз, қалжамызға қарамай. Менің жазушылық бағытым – не жазсам да адамды, оның тағдырын жазу, дәлірегі, тарихты адам тағдыры арқылы зерттеу, мұны ғұмырнамалық, персоналистік эссе дейді, ал қаламгерлік кредом – белгілі бір тақырыпқа телініп қалмау, соны, тіпті бір жанрды тұяқкешті қып малшылай бермей, тақырыпты, соған сай тональдылықты өзгертіп отыру. Сонда сөз өзінен өзі құйылып келе бастайды. Айталық, әлгі жеті жылда атақты жас әншіміз Димаш Құдайберген жайында дырау кітап жазып бітірдім, оған бес жыл отырдым, бұл мен үшін рекорд, ал Мәншүк кітабыма небәрі біржарым ай уақыт кетті, бұл енді –антирекордым. Бәрі де зейін қуатыңды қаншалықты сарп етуіңе байланысты болар. Идея айналаңда қаңғалақтап жүреді, іштен бір кернеу кернейді, әлгі кернеу бүткіл зейін қуатыңды меңгеріп алады. Өнердегі шабыт дейтініміз осы шығар. Мәншүкті жазғанымда сондай бір алапат кернеу болды. Әруақ көтерген болуы... Әйтпесе, әдетте қос малтаны көже қатыққа үш күн езетін алдыңыздағы пендеңізді соншалық тез жазуға не бастап әкелуі мүмкін?! Керек десе, кезінде менің соғыс жайлы білім-білігім әлгі балықтың аспанда ұшуды армандағаны сияқты болымсыз бірдеңе-тұғын– майдан тұрмақ, тіпті екі жыл солдат болып, саусылдап сапқа тұрып көрмеген адамның верболизмге салып, соғыс психологиясын, майдан диалектикасын, қарасуық-қатқақ «окоп шындығын» беруі, не десе де оңай шаруа емес. Соғысты жазғаннан кейін, оған баға беру керек. Ал өзіңнің моральдық құқың жоқ нәрсеге қалай, қандай баға бермексің?! Мәншүк – кие. Ал киеге, киеліге баға берер алдында сен алдымен әлгі киені өлшеу, мизан-шеккі қылып өзіңе өлшеп көруің керек...
Оның үстіне менің алдымда көп фактіні, жағдай-жағдаятты ой елегінен қайыра өткізіп, пісенттеп-пысықтап, жаңа тұрғыда тұрып пайымдау міндеті тұрды. Бір қолымда қалам, екінші қолымда жітайна (лупа), әр деректі қадағалап, әр сөзді төңкеріп қарап отырғандай едім. Әйтеуір түбі хайыр, сірә, авторды бас кейіпкер өмір сүрген тарихи мезгілге қарай кері аударып жіберетін контрамоция қозғалысына іліге алсам керек.
– Жаңа «Айналамда қаңғалақтап бір идея жүрді» деп қалдың. Құпия болмаса, сол не идея?
–Түк құпиясы жоқ, айтайын. «Атақты үкімет береді, абыройды халық береді» деп Қадекең (Қадыр Мырза-Әли) айтпақшы, Мәншүк есімі қашанда ұлықтаудан да, құрметтелуден де кенде болған емес. Қазақ халқы, – сонымен бірге басқа халықтардың өкілдері де, – батыр қызын шын жүрегімен жақсы көрді және көріп те келеді. Оған мыңдаған сіңлілерінің Мәншүк деген абыройлы бренд-сөзді өздеріне ат-есім қылып тағынып отырғаны бір куә. Осыншама уақыт даңқ пен құрметке үздіксіз, үзілмей бөлену – ең ұлығ бақыттың бірі. Сонымен бірге Мәншүкті ерлік ісі жазып қалдырылуымен де нағыз бақыт иесі батыр деу жөн. Ия, бұл жағынан алғанда да ол арманда емес. Басына ұрып санаған кім бар дейсің, дегенмен, менің консервативтік есебім бойынша Мәншүк жайындағы материалдардың саны шамамен 600-ге жуықтайды. Көбісі түпдеректемелерге және кезінде онымен, отбасы мүшелерімен тонның ішкі түгіндей араласқан адамдар жазып қалдырған яки ауызша айтудан аутенттіқұралдарға түскен жадығаттар. Осы тұрғыдан келгенде қазірге дейін Мәншүк Мәметованың толық ғұмырбаяны жасалды деп санауға әбден болады. Жазу, соның ішінде естелік жазып-айту әркімнің көңіл талғамына байланысты нәрсе ғой, соған сай әлгі жадығаттарды үш-төрт тармаққа бөлуге болар. Ашалап айтсақ, оның біріншісі – архив деректері және артық бояусыз, дәлдікпен берілген естелік әңгімелер. Екіншісі – Мәншүкке деген қалтқысыз адал, қалтарыссыз ашық көңілден, үлкен де шынайы жақсы көруден, ғажаптанудан туған және соған сәйкес пікірді, ойды көркем тұлғалауға бейім мемуарлық және очерктік новеллалар, өлең-жыр, дастандар. «Строчи, пулемётчик, засинийплаточек» деп келетін сергітпе мантраның шеңберінен шыға алмай қалғандары да аз емес. Іштерінде білгенін оқыған «молдалар» да, кейде Мәншүк атын малданып, тақырыпты төске салып таптап өте шыққандар да болмай қалған жоқ. Бұлар ештеңе емес, ең қиыны – беделден береке жинамақ болып, Мәншүкті көзбен көргендей, бірге соғысқандай жазып-сызғандар. «Аңшыға асырып айту айып емес, өтірік айту айып» демекші, асырып айтса ештеңе емес, бірақ әлгілердің кейбіреуі әңгімені Тазша баладан өткізіп соғады ғой. Сөйтіп, жүре-бара әу басқы пропагандалық штамптармен шалаптанған «жалпы мақтау – түгел өтірік» (Өтежан Нұрғалиев) бір нәрсені қайталап айта бергеннен сәні кететін татымал шындықпен тұтасып, күрегейлене кеп, «Мәншүк Мәметова» деген сөз айтылса болды, орта мектептің әдебиет бағдарламасы қолдан қалып қиып, әбден сүргілеп тастаған сана дереу белгілі бір образды көз алдыға әкеп тарта қоятын рефлексия пайда болды. Екінші сөзбен айтқанда, адамның жеке өмірбаянынан оның образдық биографиясы озып кетті. Осы бір идеологиялық қалып 70 жыл бойы еш қырғы тигізбей тұрды. 1980-інші жылдар соңында, кеңестің жағасы жыртыла бастаған сәттен бастап қана бірқатар автор өздеріне дейінгі бұл тақырыпты бастандырып, кеңейтіп қалыптастыруда алғашқы қадамдар жасады. Соның аршындысы – Мәншүктің майдандас сырдескі құрбысы АлександраПрокопенко мен оның жұбайы ӘкентайХалимулдиннің қаламдарынан қорытылып шыққан «Мәншүктің жұлдызды сәті» дейтін өмірдеректік кітап. Онда Мәншүкпен бір жертөледе тұрып, баспана мен асты бөліскен Александра жеңгеміз батыр құрбысы жайында бізге құнды мол дерек ұсынып қана қоймай, жалпы оның майдандағы өмірін мөлтілдетіп, дәл де әсерлі жеткізген. Әдебиеттанушылардың тілімен айтқанда, характер шындығын берген.
Одан кейінгі ауыз толтырып айтарлық дүние – журналист Гүлзейнеп Сәдірқызының1990-жылдар өресінде «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған ашылым-жаңалықтарға толы зерттеу мақалалары. Айн момент, Мәншүктің сіңлісі Айман Мәметова мен оралдық қаламгер ағамыз Тихон Әліпқали бірігіп шығарған «Мәңгілікке маздаған қыршын ғұмыр» кітабын да тұшына оқисың, бұл – осы тақырыпта Невель сапары негізінде жазылған тревел-бук.
Бұлардың барлығы да көзбен көрген нәрселерге негізделген, арасында құжатпен шегелеп тұрып жазылған туындылар бар, сонда-дағы, –Есақа, құлағыңызды бертаман әкеліңізші, сыбырлап айтайын, – сонда-дағы, Мәншүк жайында оқып отырғанымдамен жазған әйтеуір бірдеңе жетпегендей еріксіз жұтынып қаламын. Ашығы, қоңылтақсимын. Сірә, мұның себебі бір Мәншүкке ғана байланысты болмас. Жалпы біздің ғұмырнама түзу ісімізде жүйелік қателіктерге орын беріліп, соның салдарынан тарихымызда, уфологтарша айтсақ, танымсыз ұшақ-дәлеңкелер көбейіп кеткендігінде болса керек.
Дүние жүзінде, соның ішінде Батыста жағдай біраз басқаша. Әрине, оларда да әлі келетіні де, әлі келмейтіні де қызыл көргендей жабыса кетіп, тақырыпты сұйылтып кететіндер жоқ дей алмаймыз, десек-дағы еуроамерикандық өркениетке тиесілі елдерде кітапшыл талмудист тарихшылардан ой ойлайтын тарихшылардың басы молырақ болып келеді. Бұл жерде мәселе тақырыптың масағын қалдырмай, түгел айтуда, сол негізде мол мағлұмат беріп, терең сана қосуда ғана емес, гәпжүйелі негізбен зерттей білуде. Бұл жерде жүйе дегеніміз – бірінші кезекте адамға, тұлғаға ден қоятын интеллектуалдық тарих жасау. Мұны «жаңа тарих, жаңа тарихнама» дейміз. Мүбәда дүние тарихындағы жауынгер әйел-қыздардың өмірі жайында жазылған осындай жаңа көзқарастағы еңбектерге келетін болсақ, алдымен Д’АннКэмпбеллдің «Әйелдер шайқас үстінде: Екінші дүниежүзілік соғыс тәжірибесі» дейтін зерттеуін айту лазым. Сондай-ақ белорус жазушысы Светлана Алексиевичтің2015 жылы Нобель сыйлығын алған «У войны не женскоелицо» атты эссе кітабын айтамыз. Американ киноөндірісінің үздігі – «Солдат Джейн» фильмі де осы қатарда, онда Деми Мур америкалық алғашқы жауынгер әйелдің бейнесін шынайы сомдайды. Жоғарыдағы кітаптар модернистік ыңғайға құрылған, яғни оларда өтірік жазу, ойдан қосу деген болмайды. Тақырыптың басын бас, бақалшағын қаратас қылып, шиқанын шығарып айтады, ал Алексиевич сынды эссеші қаламгерлер кейіпкерлер басындағы хал-күйді сөзбен жіліктің майындай ұйқастырып, тоғыстыра кеп, қан-тамырға, жұлын-мойынға түсіретін бөлекше жазу машығын табады. Соның арқасында зерттеу нысаны – кейіпкер тұлғаланады (персонификацияланады).
Алексиевич кітабы тап-таза инсайдерлік деректерге құрылған, ал менде Мәншүкті көрген-білген адамдармен кең отырып әңгімелесерлік мүмкіндік болмады, себебі бұл тақырыпқа дендеп кіріскенімде әлгі адамдар бұл дүниенің жүзінде жоқ еді. Оны айтасыз, «күнде ертеңмен» жүріп, Айман апаймен де жүздесе алмай қалғаным нендей өкініш – апай бұрнағы жылыковидтен қайтыс болып кетіпті. Сан соқтым да қалдым. Әсіресе Мәншүк жанындай жақсы көрген Мәдина әжесіне (Әминаның шешесі), Жауһарға (Әминаның сіңлісі), Әжіғалиға (Әмина апайдың екінші ері) қатысты т.б. сұрақтарыма жауап ала алмай қапыда қалдым. Неге десеңіз, маған алдымен Мәншүк өмірінің көптеген авторлар басын аяғына келтіріп, былықтырып жіберген көмес тұстарын анықтап, сабанды тозаңнан тазарту, яғни бүткіл өмірдеректерді жүйелеп біріздендіру маңызды міндет болды. Сонда ғана терең талдауға, кеңінен мәністеуге жол ашылады.
Онан соң бұрынғы авторлардың қателігін қайталамау, назарды нәтижеге емес, процеске шоғырландыру ылғи да миымның бір бұрышында тұрды. Осылай еткенде пазл атаулы жиыла кеп бір арнаға сарқады, нәтижесінде фактілер өзара байланысқа түсіп, идеяға айналады. Кейіпкердің шын, шынайы өмірі, жасампаздық еңбегі, болмыс-бітімі мифологиядан аршылып, бөлек шығады. Жарқын сөздердің аржағына жасырынған шын өмірімен кезігесің. Айдың, ондағы кратердің таса бетіне үңілгендей боласың. Мен үшін фактілерді өзара қабыстырған әлгіндей түпөзек идея – қолға алған тауарихтың отыз бүктеу, қырық қаттауында жасырынған мотив-себептерді ашып, салдарларды түптеу болды. Яғни, Мәншүк майданға өз еркімен неге барды? Неліктен көре-біле тұра өзін ажалға байлады? Неге ерлік жасады? Жалпы адам неге айналдырған бірнеше минутта, тіпті қас-қағымда көзсіз ерлік жасауға бел буады? Бұған қандай жағдаяттар әсер етуі мүмкін? т.б. сауалдар. Кітабымның аты да осы түпөзек идеяға байланысты. «Қаһармандық анатомиясы. Мәншүктің мәлімсіз майданы» деп қойылды. Орысша нұсқасында – «Анатомия героизма. НеизвестнаявойнаМаншук».
–Жаңа «Мәншүк тақырыбы жазылудан кенде емес» деп қалдың. Дегенмен, бұл тақырып деректемелік жағынан төрт аяғы түгелденген бе, әлде «ақтаңдақтар» онда да кездесе ме?
–«Ақтаңдақ» жоқ, бірақ ақпараттық парадокс түріндегі біраз «бозтаңдақ» бар. Сырт қарағанда, қынаға бояғандай анық-қанық тарих, ал ішіне түсіп көрсең, білмекке құштар ашқарақ көңіл бірқатар сұрақтың қоршауында қалады. Мысалы, соңғы жылдары Мәншүктің ересектеу шағында Орда мектебінде оқығаны жайлы дерек шыға бастады. Бұған дейінгі мәліметтерде ондай сөз кездеспейді. Мәншүктің медицина институтында оқығаны жайлы да анық-қанық мәлімет жоқ. Қолда бар деректер рабфакта және институттың даярлық курсында білім тиянақтағанын, одан әрі Наркоматқа жұмысқа орналасқанын көрсетеді. Бұған 1940 жылдан бастап үкімет қаулысымен ЖОО және орта мектептің жоғары кластары ақылы оқуға көшірілуі себеп болуы да мүмкін. Студент әр семестрге 200сом төлеуі тиіс еді, ал ол кезде тәуір айлық 250-300 сомды төңіректегенін ескерсек, жұмыссыз студент үшін бұл едәуір ақша. Сол себепті оқуға түсіп тұрып, ақысын төлей алмай елдеріне қайтып кеткендер де аз болмаған. Сондай-ақ Мәншүкті қыз бала болуы себепті майдандағы әскерге алмаған деп келдік. Ал Алматы мединститутының музейі қызметкерлерінің айтуынша, Мәншүк малярия (безгек) ауруымен ауырғандықтан әскери қызметке жарамсыз деп табылған. Сырқаттың бұл түрі Еділдің Жәнібек (Ояң) өңіріне таяу аймағында жиі ұшырасады екен, мысалы, Саратов маңындағы Камышин жерінің тумасы атақты ұшқыш Маресьев маляриядан сарып ауруына ұшырап, әскерге шақырылмай, майданға біраз қиындықпен барған. Голливуд «жұлдызы» ЭрролФлинн де Жаңа Гвинеяға экспедициямен барғанында жұқтырған безгек ауруы тосқауыл болып, соғысқа алынбаған. Мұны айтып отырғаным, безгек – адамға сулы-батпақты жерлерде, аң-құстан, масадан жұғатын зооноздық ауру екенін ескерту.
Сондай-ақ Мәншүк құрамында болған 100-інші жеке атқыштар бригадасы қатысқан белгілі «Марс» әскери операциясының, – дұрысы, қырғынының, – материалдары архив құлпының астынан толық алына қойған жоқ. Батыр апамыз Невель жерінде екі рет жерленгені жөнінде мәліметтер бар, бірақ ол да мемуарлық-архивтік эвристика жүргізуді тілейді. Майданда Мәншүк сүйіп қалды дейтін Нүркен Құсайыновтың да өмірдерегі таптырмай отыр. Майдангер қазақ қыздарының тағдырларын зерттеп жүрген Дина Игісәтованың жазуынша, батырлық атаққа Мәншүкпен қатар 100-інші бригаданың бір медбикесі де ұсынылған, бәлкім содан атақ Мәншүкке кешіктіріліп берілген... Міне, жауабын күтіп тұрған осындай-осындай бірқатар жағдай бар.
–Хайыр, енді қотанымызға қайтып оралайық. «Бәрін қойып, Манасты айт» демекші, жиырмаға енді толған жап-жас көкөрім қызды қанқасап майданға өзі тіленіп барып, ерлік көрсетуге не итермелеген деп ойлайсың?
–Бисмилла дегенде-ақ сөздің басын ашып алатын бір мәселе бар: Мәншүктің бойын осыншама құлшыныс, соншалықты жігер неге биледі? Соғыс жағдайындағы моральдық-психологиялық рух – жауыңды мерт қылуға дайын болу ғана емес, сол жолда өзін құрбан етуге де әзір болу дейміз ғой, сонда-дағы Мәншүк неге өлімге бақұл болды? Не үшін? Кім үшін? Осы сұрақтар бүгінгі бізді мазалауын қояр емес. Арада талай жылдың жүзі жаңғырса да оларға тұшымды жауап ала алмай отырмыз. Анық жауап өзін таптырта да қоймас. Сонда да бұл сауал өзін барынша жан-жақты қарастыруды қажет етеді дер едім. Меніңше, тіпті осы жолда Михаил Бахтиннің «Философия поступка» кітабы секілді жоталы зерттеу еңбектерді қарап шығу артықтық етпейді. Бір нәрсенің басы ашық: Мәншүктің ерлік жасау себебі – жалғыз-жарым емес, оның сабаудай-сабаудай бірнеше себебі болуы әбден мүмкін, яғни ол қатқабат, көпмағыналы нәрсе. Соған орай себептік-салдарлық байланысы да тереңде жасырулы. Оны факті-деректерді құм ішінен алтын жуғандай екшеп, іріктеп, таразыға тартып барып қана таба аласың.
— Аштың ба енді сол себеп-байланысты?
— Солай деуге ықтиярлымын.
— Айтсаңшы енді, үздіктірмей.
– Айтсам, былай: Мәншүктің ерлігі – Мәншүктің өмірінің өзі екен, ал ғұмыр жолы объективті және субъективті жағдай-жағдаяттарға толы болғандықтан қаһармандық ерлігі де соған сай отандық, отансүйгіштік сезімдермен, сондай-ақ жеке өміріндегі және дүниетанымындағы драмалық, трагедиялық жағдайлармен қалыптасады. Яғни Мәншүктің соғысы, Мәншүктің майданы – бір мезгілде әрі бүкілхалықтық соғыс, Ұлы Отан соғысы, әрі өзіне ғана тән жеке соғыс.
– Беу, не депті-ау! Сонда манағы сабаудай себептер осы жалпы мен жалқыдан келіп шығады ғой?
–Өтежан ағамызша жіберсек, «метко» айттыңыз. Жалпы мен жалқы. Мұның алғашқысына келсек, Мәншүк семсерін сертке байлаған жұрттың өкілі екенін алдымен есте ұстау жөн. Батыр қашанда халықтың қанасынан жаралады. Қазіргіше айтқанда, зәузат қоры рөл ойнайды. Ал қазақтың зәузаты – негізінен батырлықтың зәузаты, жауынгерлердің ДНҚ-сы. Елдің шетін жауға бастырмау, жеріне көз алартып егесе келген дұшпанды мұқату біздің қанымызда бар және ол қан кезі келгенде ұйқысынан оянып, орыс «поступок» дейтін экшн, яғни батыр батыл қадам жасататынына тарих турашы. Кешегі соғыста орыстардың жазуынша, ұрыс басталған кезде қазақтар шамалы қорқасоқтап тұрады екен де, шайқас қызған шақта екі көздері шоқтай жанып от болып кетеді екен. Содан кейін-ақ оларды ештеңе тоқтата алмаған. Орыстардың айтуымен жіберсек, «Казахдолготерпит, нопотом, накопивгнев, не спустит». Яғни қан көргесін қандары долырған. Бұл – қазақтың экстрим тарихты халық, шынайы сапа қасиеттері экстремал жағдайларда ашылатын жұрт екендігіне ыспат.
Осы сөз біздің қыздарымызға да әбден қатысты. Толық емес мәлімет бойынша, Екінші дүниежүзілік соғысқа Қазақстаннан 5183 әйел заты қатысқан. Соның басым көпшілігі қазақ қыздары. Яғни, қиын-қыстау күндерде қазақ әйелінен үлкен қайсар-қайрат шыға алады. Өңменіңнен өтер өткірлік жігіттерде болғанда сүйсінтеді, ал қыз баланың қасқырдай өжеттігі қаншалықты жарасымды, әйелдің мықты қаруы нәзіктігі, сынықтығы емес пе дейсің ғой. Әйел генетикалық тұрғыдан бейбітшілік ұрығын себуші екендігі бүгінде дәлелденген. Бірақ бұрынырақта қазақ сахырасын аралаған орыс және Батыс саяхатшы-ғалымдарына айтқызсаң, қазақ әйелдері атқа мініп, найза-сойыл алып жаумен соғысуға келгенде еркектермен тең түскен, ал тасшайнардолықтылық жағынан тіпті ерлерінен асып кеткен. «Смерть до тогопрезирают, чтоохотнеесоглашаютсяумереть, нежелиуступитьнеприятелю, и будучиразбитыгрызуторужие, еслиуже не могутсражатьсяилипомочь себе», – деп жазады Д.Флэтчер. Қасқырдың құртқасы жаны барда қолға түспеуге тырысатыны сияқты.
–Мұхит бабаң шырқаған «Бала Ораз» әнінің тәу аты – «Жылқышы» екен. Кедей жылқышы жігіт байдың қызын алып қашады. Қуғыншылар жетіп, сойыл ұрыста жігіт өледі. Қыз ілгері кеткен екен. Қайтып келіп, қуғыншының біреуін қосауызбен атып түсіреді де, қанжарын қақ жүрегінің тұсына тіреп, өліп жатқан жолдасының үстіне құлайды...
–Байсал байдың қызының хикаясы да осыған ұқсас – атақты Шұбыртпалы Ағыбай батырдың басынан кешкен уақиғасы. Таңқаларлық нәрсе, шынында да. «Әлі екі көзіне ғана жететін әйел» деп жатамыз ғой әдетте. Онымыз еркектік шовинизм, бәлки басқа халықтардың әйелдерін көріп айтылған сөз сияқты, меніңше. Мысалы, ала топылы ағайындарымыздың арасынан майданға барған Мәриям Юсупова ғана белгілі. Сірә, соғыс Шығыстың езіліңкі әйелдерінің салтына қарама-қайшы, табиғаты жат нәрсе болса керек. Ал қазақ өз қыздарын құлындай ерке, құстай еркін қып өсірген. Объективті түрде, өжеттік сол еркіндікпен келген. Ал оның арғы жағында сақ, ғұн замандарындағы «дала амазонкалары» дәстүрі жатыр. Қазақтар отырықшы өмірге өзге түркі халықтарымен салыстырғанда көп кейін көшті ғой, соған сәйкес Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін де қазақ қыздарының бойында көшпелі амазонкалардың жауынгерлік оты сөне қоймаған деп ойлаймын. Ілгеріде «батыр көптің қанасынан жаралады» дедік қой. Бірақ оның жаралған, туған сәтін көрген адам некен-саяқ. Ал Мәншүк, Әлия, Хиуаздар жиырмасыншы жастарында-ақ тұтас бір халықтың намысы болып жарылып, қанмайданның өтінде найзағай отындай жарқ етті. Біздің аталарымыздың көз алдында жарқ етті. Ертек емес бұл. Батыр қыздардың тап осылай тобымен намысты сәтте көз алдыңда төбеден түскендей болуы жалпы Шығыс елдерінде ілуде біреу. Сондықтан үш шолпанымызды және олармен бірге ат-ерлігі әлі толық мәлім бола қоймаған Алтыншаш Нұрғожинова секілді қаһармандарымызды қазақ қыздарының баяғы батырлық дәстүрін жалғастырушылар дейміз. «Қарағай, басын кессең, түбі қалар» демей ме Мәди әнші.
– Мәншүктің осы Оралдағы музейінен тобылғы сап қамшысын көріп едім. Атқа еркін шапқан, қыз сияқты бұлданшақтық, әсемсу, паңсу жат, тура сөзді, өткір мінезді болыпты апамыз...
–Қарап отырсаң, өмір жолдары қамшының таспасындай қатар өрілген үш қызымыздың – Мәншүк, Әлия, Хиуаздың (үшеуі бірін-бірі білген, әкелері өзара аралас-құраластықта болған), шақпақ тастай үш торымыздың бітім-болмыс, мінез, тіпті түр-әлпет жағынан бір-бірінен алыс-қалысы шамалы. Хиуаздың аяқ киім өлшемі 33 см, ал Мәншүктің аяғы 35см, салмағы 46 кг екен. Ал батырлықтары, табандылықтары, ерік-жігер, өжеттік, намысқойлықтары тау қопарып, арна бұзардай. Мұның асыл құпиясы: үшеуінің де тұқымдарында «тоқал әже» болмаған. Қандары сұрыпталған, таза, текті жерде өсіп-өнгендерді бұрын қазақ солай деген. Көңіл күйін ашық білдіретін, ойындағысын жасырмай айтатын, алған беттен қайтпайтын, біліп тұрып, білгенін істейтін қайсар-қасқыр мінездері бүгінгі бізге «Қаһармандық қашанда өрлікпен, намыспен, өзінің бағасын білетін арлылықпен біте қайнасып келеді» деген белгілі қағидаттың әбден дұрыс екендігін де ұқтыра кетеді.
Мәншүк өте арлы, намысқой болған. Үйінен жатақханаға кетіп, жағдайсыз жүрген шақта оқуға екі көйлегін кезек ауыстырып киіп келеді екен. Шоқтай жасанып жүрген құрбылары мұның себебін сұраса, «Осы екі көйлегімді бек ұнатамын» дейтін көрінеді. Жағдайын айтып шағыну онда атымен болмаған. Не десе де батыр адам сұрамайды, «берсе – қолынан, бермесе – жолынан» алады ғой.
Сонымен қатар апамыз пікірін де көпке бермепті. Көзі жеткен нәрсеге табандап тұрып алған. Өзінің шын ныспысы – Мәнсия (арабша мән+сия= мән, мағына, білім-білік) кейін Мәншүк болып өзгергені мәлім. Соңғы есім де арабта бар, «белгілі, мәшһүр жан» деген сөз. Бірақ, негізінде, Мәншүк – үйдегі үлкендер баланы еркелете, ықшамдап айтудан шыққан гипокористик (Мәнсия – Мәншүк), ал ел аузындағы одан да дұрыс ілкі нұсқасы –Мәншөк. Батыс қазағы Мәнсияны кішірейте-еркелете осылай дейді. Батыр апамыз жайлы кітап шығарған марқұм Исатай Кенжәлиев те Мәншөк деп айтып-жазып кетті, бұл пікірге құлақ асуымыз керек. Жуылған қарақаттай дөңгеленген бадам көзіне қарап Моншақ атаған деген сөз – жаңсақ параллель.
Айтайын дегенім, Александра Прокопенконың куәлік етуінше, 100-інші бригада майданға кетіп бара жатқанда вагон ішінде славян текті қыздар үйреншікті «үлкен ауылдықтарына» салып, Мәншүкті Машаатықтыра бастайды. АртёмдіТёма, Анастасияны Тася, Александраны Ася, дейтіндері сияқты. Бірақ Мәншүк бұған болмай, «Я – не Маша, я –Манчук!» деп тұрып алады. Қыздар құйтақандай қыздың мына қайсарлығына таң қалып, айтқанына келісуге мәжбүр болады. Айтса айтқандай еді. Қыз тұрмақ, оның көкесіндей Ыбырай Алтынсарин өзін Иван Алексеевич, Әлихан Бөкейханов Алексей Николаевич деп атағанға, тіпті Әлия–Лияға, Хиуаз–Катяға келіскенін ескерсек.
– Ия, ұрқына тартпайтын зат жоқ. Қазақ халқы жүзден құралған, ал «Кіші жүз қазақтарының 250 жылдық тарихы қанмен жазылған», – деп жазыпты профессор Халел Досмұхамедов. Сол айтқандай, Мәншүктің майдан даласында денесі қалған ата-бабасы да аз болмаған шығар. Басқаша айтқанда, қайтпас қайсарлықты, батырлықты, ұрыс алаңында ерлікпен жан беруді табиғи өлім деп білушілік апамыздың өз арғы зәузатында да болуы мүмкін бе?
–«Құлмамбеттен қалған құлын» демекшісіз ғой?! Ия, бұл солай. Соған орай жоғарыдағы «ұрқына тартпайтын зат жоқ» деген сөзіңізді «ұрығына» деп шамалы өзгертсе де болар еді. «Мен – бір ысыққа сыймайтын адаммын ғой, мен – қазақтың Зейнолласымын ғой» деуші еді Зекең, Зейнолла Қабдолов. Сол айтқандай, Мәншүк – алдымен мұқым қазақтың Мәншүгі. Дегенмен, «руға бөлме, руды сұра» демекші, осы жерде Рақаң (Рақымжан Отарбаев) айтатын «кішкентай рулық көрпенің» де шетін аздап сыпырып өткеннің артықтығы болмас. Бұл орайда Мәншүктің өз руы –шеркештігін жоғарыда сөз болған ерекше мінез-темпераментімен, арлылық қасиеттерімен, сосын қара қылды қақ жарған әділетсүйгіштігімен ғана шектеп қоюға болмас. «Шеркеш» ру атауын өз дегенін істейтін, яғни сарқаш (шәлкес) сөзімен шендестірушілер бар. Десе де, баяғыда бір шал айтты екен деп, шеркештердің сапалық қасиеттерін билікпен, оқымыстылықпен шектеп тастау тарихи әділеттілік болмас еді. «Қойыс пен Дербіс серт еткен, / Серт еткен жауын мерт еткен, / Шеркештен батыр көп шықты, / Ол заманда ерте өткен» деп келетін ескі сөздің төркіні шындықтың ауылында жатса керек. Айта берсе, «шеркеш», «серкеш» бинарының түбі «берсерк, серк», яғни «берсеркиер» сөзімен аталас. Бағзыда «берсерлер» («бөрісерлер») деп құтырған қасқырдай жауынгерлер тобын, айрықша әскери кастаны айтқан. Осы «бөрісұрлар» – «бөрі терісін жамылғандар» ұғымы скандинавтарда «берсерлер» болып сақталып қалған, мысалы, олардағы Байғұт, Өтрөк, Қылдыр есімді берсерлер. Шеркеш таңбасы бақан – көшпелілік пен жауынгерліктің символы. XVIII ғасырда жасаған сүйініш қойыс Шағырай батыр Жәдікұлының аты шеркеш руының ұранына шыққан. Ұлы Отан соғысында бір ғана Батыс Қазақстан облысы ішінде Мәншүктен бөлек жақаушеркеш Ерденбек Ниетқалиев пен шумақ шеркеш Темір Масин бар үш бірдей Кеңес Одағының Батырын берді. Шеркеш жайындағы қалған әңгімені жуырда баспа бетін көрген Нұрлыбек Бірманов ағамыздың «Большойпутьславногонарода» дейтін кітабынан табуға болады.
— Ал нағашылары жағынан қалай Мәншүк?
–Ол жағынан да қамшы салғызбайды апамыз. Өз әкесі Жеңсікәлі нәті жуастау, биязы, шаруаның адамы екен. Ал анасы Тойылша– беріш руынан, оның ішінде бегіс бөлімі, ауылға ықпалды, пысық, қайратты кісі болыпты. Қазақ бала жақсы болса өзінен, жаман болса нағашыларынан көреді ғой, бірақ ол әдет бұл жерге жүрмейді. Мәншүктің көптеген қасиеттері әкенің қуатымен және бірқатар қасиеттері ананың сүтімен дарыған деу жөн. Дана халқымыздың «Алып – анадан, ат – биеден» деген сөзі, «Әр алыптың артында әйел адам тұрады» деген ислам лұғаты осы жерге дәл. Тойылша анасы батыр туатын алтын құрсақ болғанда, беріш атасы заманында жүрген жерін талқан қылған батыр жұрт болғандықтан да Мәншүктей қаһарманды бұл дүние тіршілігіне келтірген.
Құдай-ау, жиырмаға жаңа шыққан жасында қай жерде жүріп, қандай жағдайда мінез қалыптастырып үлгергеніне қабағат қайран қаласың. Мәншүк мектепті бітіргенде-ақ ешқандай бұралаң жолды білмейтін бүтін бітім ретінде қалыптасып үлгерген. Мақсаткер, алғыр және төзімді болып ерте жетілген. Майданға бел буған алғашқы сәттен-ақ ол Т-34-85танкісі сықылды тосқауыл атаулыны бұзып-жарып өтетін бөлекше характерін танытады. Салғыласып емес, серттесіп, өзінің қалайда майданға баруын дәлелдей алған. Сол кезде оның бұл шешімталдығын айналасы, тіпті Әмина шешесі, іс басындағы адамдар, аяушылық білдірген мейірі асқан ағалары да түсінбей дал болады, кейбіреулері тіпті ессіздік көріп, шекелерін бұранда жасап көрсеткен. Біреуін де пысқырмады. Айтты – бітті. Үзді – кесілді.
Бұл– мақсаткерлігі, ал енді алғырлығына, төзімділігіне келсек, ол да өз алдына бір жыр. Таланттының талаптысы Мәншүк өзін алдағы өмір асуларына дәл бір спартандарша дайындаған. Жоғары сыныптарда-ақ ол республикадағы болашағынан үміт күттіретін жас спортшылардың қатарына қосылып, тапаншадан, мылтықтан нысана көздеу бойынша үздік нәтижелер көрсетеді. Ол нысана көздеуден республика құрама командасының мүшесі болған. Осы алғырлығының арқасында және әскерге «көңілді болып жазылуы», яғни өз еркімен баруы себепті жауынгерлік-әскери өнерді кейбір жігіттерден де тез меңгеріп кетеді. Оқыған мамандығы медик болғандықтан медсанитарлық курсты үздік аяқтауы таңдандырмайды, ал 100-інші бригадаға алынғасын Тоқмақ маңында радистер курсынан өткен кездегі әскери жіткірлігін құрбылары айта алмай отырады екен. Негізі Морза әліппесінің өзі үйренушіден жоғары есте сақтау қабілетін қажет етеді. Ал Мәншүктің есте сақтау қабілеті өте жоғары болған.
Сол сияқты Мәншүк майданда да медсанитарлықты, штаб ісін шемішкеше шағып тастаған, құжатпен тез, ұқыпты жұмыс істеп, мәшіңкені жүгері қуырғандай бытырлатқан. Сол күндердің бірінде атақты мерген Ыбырайым Сүлейменов Мәншүк екеуі штаб жұмысымен алғы шепке бара жатқандарында жап-жас қыздың винтовканың оқжатарынан затворына жып-жып еткізіп оқ жытырып, қаруын жауды қарсы алуға заматта дайын қылғанын көріп құлап қала жаздайды. Ал Мәншүктің таңдап алған «ғашығы» –пулемётпен жұмыс істеуі қаруластарының арасында аңызға айналады. Ол өзі майданда өткізген 424 тәулік ішінде пулемётпен шайқасқа аса жиі түспеген, алайда осы мардымсыз ұрыс тәжірибесіне қарамастан ол оқу-жаттығу кезеңінде-ақ бүткіл армиядағы санаулы шебер пулеметшінің қатарына қосылады, ал 3-інші екпінді армия бойынша алғанда бұл таза «еркектік» девайсты қапысыз меңгерген жалғыз жауынгер қыз атанады. Тіпті тәжірибелі еркек атқыштардың өзі Мәншүктің гашетка үстіндегі жинақылығына, есту және көру перифериясына сүйсінген. Ол флангіден жанасалап, қиғаштап қиып атудан үздіктердің қатарында болған. Сөйтіп аз уақытта пулемет расчётінің командирлігіне жоғарылатылып, сержант, кейінірек аға сержант әскери шені беріледі. Расчётінпулемёт ісіне баулуы да өзінше бір хикая. «Максимнің» ату бөлігін сарт-сұрт бөлшектеп, тез қайта жинап, нысананы туралап қырқып атып та, қиғаштап, кесіп атып та көрсеткен кезде қарамағындағы пулемёт ата алмай, маңқасы ағып жылап отырған өзі құралпы жігіттер әлгі «тра-та-та-та»-ны көріп қарадай жасиды екен. Бірақ мен керіммін деп мақтану, асқақтау Мәншүкте атымен болмаған. Аспай-саспай, салқынқанды шыдамдылықпен үйретуден жалықпаған. «Бөлекше болмысына қарамастан, ол өзі айырықша сезімтал, сыпайы, салмақты, тыңғылықты жан болатын» деп жазады қаруластары.
Ие, шаруаны шамалы ұзартып алатынымыз болмаса, қолға алған ісіне жан-тәнімен берілу, жұмысты өмірдің мәніне айналдыру жалпы біздің қанымызда бар нәрсе. Құдайдың сәулесі түскен адамдар алғыр, тез үйренгіш ұғымтал болатын көрінеді ғой. Мәншүк те сондай Алланың сансыз нығметімен жарылқануы себепті қай істе болсын бірінші сұрыпты шебер, таңдаулылардың ішіндегі біріншісі дәрежесіне көтерілген. Соғыс – өзінше бір оқу, жаттығу өткелегі, майдан – практика, тәжірибе жинау кезеңі ғой, осы орайда біз Мәншүктің жауынгер ретінде де, командир ретінде де тез жетіліп, тез өскелеңдегенін көреміз.
Изоча стансасы түбіндегі соңғы шайқасын алайық. Қараңыз, станса маңындағы 173.7-інші төбе басында бір өзі қалғаннан кейін оқпананы бойлай қойылған үш пулемётке кезек-кезек ауысып соғысады. Неге десеңіз, зеңбіректегі сияқты пулеметтің де ең осал жері – ұңғысы, ол үздіксіз атыста қызып, істен шығып кетіп отырады. Су құйып салқындатқанша талай уақыт. Бұл – бір. Екіншіден, бір атып болғасын хронометраж іске қосылады, әдетте бұл шамамен 5-6 минутты құрайды, сол аралықта атқыш қаруымен жаңа ұяға көшіп үлгеруі керек, әйтпесе жаудың снаряды төмпешінің астында қаласың. Мәншүк осы орайда үш пулемётке кезек жүгіріп позициясын көлбеу ауыстырып қана қоймай, бір сәт оқпанадан шығып, өз оқшашарымен жонды беткейлей алға жетпіс метрдей жылжып барып, атысты жаңа, бойлау позициядан жалғастырған. Бұл экспозиция пулемётшінің алдын ала ойластырылған динамикалық қорғаныс тәсілін қолданғанын көрсетеді. Яғни ұтқыр, маневрлік қорғаныс. Осы қалпында бұл тәсіл заманауи тактикалық соғысқа тән жаһаткерлікпен шайқасу, яғни бір орында қалып қоймай, үнемі қозғалыста жүріп соғысу әдісін еске түсіреді. Бейнелеп айтқанда, Мәншүктің «Максимі» қазірде украин әскері сәтті қолданып отырған, иыққа қойып ататын «Джавелин» ракетасына, «Стрингер» зенит комплексіне айналған десе лайық.
Сонымен бірге Изоча маңындағы жон үстіндегі Мәншүктің ақтық айқасы жан саны мол, қаруы күшті жауға аз күшпен, өз коэффициентіңмен-ақ ұтымды қарсы тұруға әбден болатынын көзапара көрсетуімен де құнды. Осы қалпында гвардия аға сержанты Мәншүк Мәметова imperator–әскери командир. Екінші дүниежүзілік соғыстың үлкен бір сабағы – алғы шепте сержанттар мен кіші командирлердің жоғарыдағы бағдаршы-басшылар не айтады деп күтіп отырмай, қиын кезде өз беттерінше жалтақсыз жол тауып кетуі. Ол кездегі майдан жағдайында қазіргідей рация яки GPS болмаған, телефон ғана, оның өзі штабта, командалық пунктте. Жау болса саған штабтан бұйрық келіп түскенін күтіп отырмайды, кәлләңді шырт еткізіп қиып алып, окоптан асыра лақтыра салады. Міне, әлгіндей жан алқымға келген сын сәтте кіші офицерлер алғы шепте бастамашылдық танытып, ұрыс тағдырын өз қолдарына алған. «Жоспар қолбасшының шатыры астында емес, аспан шатырының астында ойластырып жасалған» дейтін қытай метафорасы осы жерге дәл. Яғни, кешегі соғыста Мәншүк сияқты бастамашыл, батыл, талантты сержанттар, старшиналар мен кіші құрам командирлері алғы шептегі негізгі бірлікке айналады. Бұлар болмағанда кеңес әскерінің Еуропадағы ең жауынгер халық –дойчты еңсеруі екіталай-тын.
Ғажап емес пе, Мәншүктердің осы ұтқыр маневрлік тәсілін кейін Батыс елдерінің әскерилері қолданды: бүгінде НАТО альянсы өзіне кеңінен енгізген бір орталықтан басқармау философиясы бойынша шешім қабылдау еркі жоғары командалық буыннан алғы шептегі офицерлерге –сержант, капрал, басқа да кіші шенділерге ауыстырылған. Ал кеңес әскерінде бұл деңгейдегі шешімді шені лейтенанттан жоғары офицерлер ғана қабылдай алатын, сол себепті жоғары шенді командирлердің қазаға ұшырау пайызы да жоғары еді. Мұны біз сол кеңестік тәртіптің мирасқоры – Ресей әскерінде Украинадағы арнайы соғыс операциясы кезінде полковник, генерал шеніндегі әскербасылар арасында өлім-жітімнің шамадан тыс жиі кездесуінен де көріп отырмыз.
Қызығы сонда, жоғарыдағыдай әскери амалдар Мәншүктерге көктен аяғы салбырап түсе қалмаған. Еуропалық зерттеушілер көне түркі әскерінде өздері «вагенбург» деп атаған, Батыс армиясы үшін мүлде тосын әскери маневрлік қимылдар кешені қолданылғанын жазып жүр. Әлгіндей алқақотан жасап қорғану, яғни жаяуланып алып, ат-мат, арба, нәрсе қараны үйіп, арқау-күзеу жасап, өздері соны айнала қорғанып, кейінгі жақтан көмек жеткенше беріспей соғысу қазақта соңғы кезге дейін қолданылып келген. Мәншүктер осы мирасты мұраны жаңғыртып, жаңа тұрпатты соғыс тәсілдерін модельдеуге таған қылып тартқан десе лайық.
– Ілгеріде қазақтан шыққан батыр қыздардың аз еместігін айтып өттің. Шыны да сол ғой, мәселенки, кейінгі уақытта Жәмиля Бейсенбаева есімді радист-пулемётшінің болғаны, Ұлы Отан соғысы тарихындағы бірден-бір әйел танк экипажы қарағандылық қазақ қыздарынан жасақталғаны, т.б. соны фактілер айтылып-жазыла бастады. Десе де, солардың ішінен Мәншүктің ерлігі неге айырықша бағаланған?
–Мұның сыры Мәншүктің, қалай десе де, өзгеге ұқсамайтын ерекше болмыс-мінезінде, бөлекше өжеттігі мен ерен батырлығында ма деймін. Егер оның әскери қаһармандығына сол кездегі қаруластары, майдандастары қарағандай көзқараспен қарайтын болсақ, оның ерлігі бүгінде үрмелі оты оқтын-оқтын лап ете қалатын соғысты «қаһармансыз» жайдақтау, «ерліксіз» құнсыздандыру әрекеттерінің ешбіреуінің сабасына сыймайтынын көреміз. 3-інші екпінді армияның, тіпті Калинин майданының әскери құрамы сол кезде Мәншүкке Батыр атағын беру жағында болған. Мәншүк қаза тапқаннан кейін жауынгерлер арасында «Кек аламыз!» – «Отомстим!» ұраны ортаға тасталды. Айта кетейік, Кеңес Одағының Батыры атағы – Одақ гүп етіп құлағанға дейін КСРО-ның ең жоғары айрықшалау дәрежесі болған-тұғын. Қолбасшылық құрам осы жаппай ыңғаймен келісуге мәжбүрленген деп ойлаймын. Мәншүкке батыр атағын беруге ерекше күш салған Мәлік Ғабдулин де әлгі көңіл-күйді жіті сезінсе керек. Халық қалап тұрса хан түйесін соймай ма?! Анық, даусыз ақиқат сонда, Мәншүк 21 жасында абсолютті қаһарман, батыр қызға айналды және ат-есімі шын мәнінде бірден жасындай жалт етіп барып «жұлдыздық» биікке шықты. Қазір бізде қит еткен инста-періште оқып болғаныңша кофе суып үлгермейтін посттарымен «жұлдыз» болып жатыр ғой, жоқ, нағыз Жұлдыз – Мәншүктер. Жай жұлдыз емес, намысқой жұлдыздар.
– Ақыры бір мұртымызбен қазіргі заманды қақтық қой, осы орайда кейінгі кездегі саяси жағдайларға байланысты жұртшылық арасында ара-тұра көрініс беріп қалатын кешегі соғысты, оның символы – Жеңіс күнін басқаша, жаңа тұрғыда тұрып бағалағысы келетін белгілі бір көңіл-күй Мәншүк сияқты батырларымызға да өз көлеңкесін түсіруі мүмкін бе?
–Медиялықмейнстрим әзірге үнсіз, дегенмен жұртшылықта сондай бір көңіл-күйлер жоқ емес сияқты. Саяси ахуалдың шиеленісуіне қарай алдағы уақытта бұл эмоциональдық климат ширыға түсуі ықтимал, сондықтан орайы келген сәтті пайдаланып, өзім байқаған жайттарды ортаға сала кетейін.
Мәншүктің өмірбаянымен танысқан Батыс зерттеушілері оның өз туған өлкесінен пәленбай шақырым қашықта жатқан Ресей жеріне барып, оны жаудан қорғаймын деп қаза тапқан қылығына таңырқайды. Өз тілдерінше айтқанда, сателлит елдің сюзереніне қатысты мұндай апсетін олар түсіне алмайды. WhoisMsManshuk дегеннің мәнісін ұққысы келеді. Алдында Халел Досмұхамедовтің Кіші жүз тарихының қанмен жазылғаны жайлы пікірін келтірдіңіз ғой, Есақа. Сол сөздің жалғасы мынадай: «Әлгі қанды төккен – орыстар» дейді Халекең. Былай қарағанда, халқыңды бодан етіп, талай қырғынның тезінен өткізген жұртты қорғаймын деп, «өлкесін тастап орысқа келу, бала да болса болыса келу», тіпті құрбан беру шынында да абсурд болып көрінеді. Борис Ельцин мен Владимир Путиннің бұрынғы кеңесшісі, саясаттанушы Сергей Караганов осы мәселеге байланысты былай деп жазған-ды: « «...» Ең қызығы, Совет өкіметі 30-шы жылдары қазақтарға жасаған сұмдық геноцид бұл халықтың ғасырлар бойғы бізге [орыстарға] жасаған ықпалын бәрібір бәсеңдете алмады. Соғыс жылдары қазақтар баяғы бабалары сияқты [Кресшілерге қарсы соғыста Московияға көмекке келген ордалықтарды айтып отыр] тағы да атқа қонып, майданның алғы шебінен көрінді. Әрбір он оқтың тоғызы Қазақстанда жасалғанын қалай жасырамыз? Мәскеуді қорғағандар, атақты партизандар, тіпті адамзат шежіресіндегі ең алапат айқаста да аты аңызға айналған қыздардың көбі осылардың арасынан шығыпты. Ген деген өзі қызық нәрсе ғой. Ол түбі бір жерден жарқ етіп шыға келеді...»
Шетелде тұратын этникалық орыстардың құқы жөніндегі доктринаның және «Путин доктринасы» деген атпен мәлім «сындарлы (конструктивті) талқандау» қағидатының, тіпті Украинада war-ға әкеп соқтырған көптеген идеялардың авторы болып саналатын белгілі идеологтың өзі осылай деп отырса, не шара, келісеміз де. Мұның аржағында Караганов ұсынып жүрген «Үлкен Еуразия» тұжырымдамасының исі шығатынын мен ғана емес, итім де сезіп отыр, сөйтсе-дағы тарих докторының қазақтың Ресей жағында соғысуы жайлы айтқандары тарихқа шалыс емес. Ақыры бастан қан шықты ғой, соңына дейін барайық: біз білерде «ордалықтар» Московияны ғана құтқарып қоймаған, бағзы бабалары – көшпелі сарматтар брит жері үшін, сақтар герман жері үшін, түркілер Ислам жері үшін өз елі үшін соғысқандай шайқасқан. Сонау 1748-жылдың өзінде-ақ орыс әскерінің құрамында Берлинді алуға қатысқан қазақ жасағы, солар кейінірек, 1812 жылғы соғыста башқұрт кавалериясымен бірге француз әскерін Смоленск жолымен тырқырата қуып, Парижге садақ кезене кірген. 1914-жылғы соғыста қазақ тыл жұмыстарына қатысты. Ал 1941-де 1812-жылғыдай тағы да көмектерін берді өзін құлданушы орысқа. Бұлардың барлығы да қазаққа тікелей қатысы жоқ, өзге екі елдің арасындағы прокси-соғыстар болатын. Соған қарамастан талай «жас қазақ, мұрттай ұшып уралап», ақыры Ресей мен Еуропаның қаратопырағын тыңайтып жатыр. Сондықтан бүгінде бағзы біреулердің «Мәншүктер кімнің жері үшін қанмайданға түсіп жан берді: Русь үшін бе, әлде Алтын Орда үшін бе?!» деп сауал қоюы бір жағынан қисынды да.
Біз бұған «Қазақ өзі үшін соғысқан» деп жауап берер едік. Қазақтың Отан қорғау түсінігінде талысқа таңба басып, бодан болған, яғни одақтас еліңнің шетіне жау келсе, ол өз үйіңнің алдына пәле келгенмен бір бәс. Оның үйіне от қою – сенің де үй-өтеніңе от қойғанмен бірдей. Әлгі елдің жерін алам деп келген дұшпанды жер жастандыру үшін кекке аттану – қазаққа сондықтан да бір үлкен міндет, намыстың ісі болып көрінген. Қаһармандық эпосымыз сыртқы қауіп-қатерге қарсы ерлікпен күресуге құрылған және сол батырлық жырларымызда Қобыландылар күресетін эпикалық жау қазақ жерінің ғана шетіне келмеген, қазақ ұлысымен шектес, әрі одақтас елдердің де іргесіне дауыл боп тиген деп көрсетіледі. Осы түсінікті ислам күшейтеді. Усама ибн Мункыз айтты дейтін бір сөз бар, шамамен алғанда былай: қорқақ майдан даласында басын қалдырып қашады, ал жаужүрек бөтеннің де басын қорғап қалады. Ендеше сұрақ туады: бұдан кім зарар шекпек, кім пайда көрмек? Кім номинал, кім бенефициар?
Әлбетте, бізге де тарихымыздың күрделі, тіпті өзіміздің айтуымызға, мойындауымызға қиындау тиетін көлеңкелі жақтарына неғұрлым ашық пікірмен назар салу керек-ақ. Десе де, ата-апаларымыздың кешегі соғыста Совет Одағы, яғни Ресей жағында соғысқанынан өз басым трагедия көрмеймін. Қайта, кеңінен орағанда, халқымыздың бұқараның, әлеуметтің жаппай қарсылығы қозғалысының қатарынан іркілмей табылуы, ұл-қыздарының майданда жаппай ерлік көрсетуі, тылдағылардың жанқиярлықпен еңбек етуі объективті түрде алғанда қазақтың халық ретінде өскелеңденіп қана қоймай, дәл соғыс қарсаңында ұлт ретінде ұйысып қалғанын көрсетеді. Қазақ майдан жылдары кеңес халқымен ғана емес, өз ішінде де бірлікке келген. Қазірде Украинадағы warукраин халқын тез біріктіріп отырғаны сияқты, ұлтанды мемлекетке айналғанын байқатқан. Қажет болса Ресейдің ғана емес, Қазақ елінің де тәуелсіздігін қорғауға бір кісідей аттанып, жауларын сілки алатынын, орыстың жерін қорғап құрбан бергеніндей өз жерін де қорғап құрбан бере алатынын аңғартты (осының өзі сол кезде кеңес идеологтарын тіксінткен де). Шынтуайтында, халқымыз бүгінде бағзы біреулер бізге мін қылып тағатын, мемлекет ретіндегі тарихы шектеулі, мемлекет құраушы элитасы жоқ ел дейтін тезистің негізі бос, далбаса екендігін сол соғыстың нәтижесімен-ақ көзапара көрсетіп тастаған. 1986-ның желтоқсанында қазақтың талай жасын әлгі ата-апаларымызбен қатар тұрып соғысқандардың немерелері аяусыз соққыға жыққаны рас. Мүбәда, сол сіңлілерінің қанға боялып, зорлыққа таңылғанын Мәншүк көрген болса, Жұбан ағамыз сияқты «Мен ақымақ болыппын – бекер қан төгіппін, сол жақтан аман оралғаным бекершілік екен. Сол солдаттардың балаларының менің бауырларымды қорлағанын көргенше майдан даласында қалсам нетті!» дер ме еді, демес пе еді деп ойлайсың. Меніңше, айтпас еді олай деп. Неге десеңіз, Мәншүк сияқты рухы күшті self-madepeople – нағыз батыл, көшбасшы жандар болмағанда 1986-ның Желтоқсаны болмас еді, одан соңғы жер мәселесінде намыстанып батыс қазағы, кешегі Қаңтар уақиғасында ашынып бүткіл қазақ бас көтермес еді десек шындықтан адаса қояр ма екенбіз. Мәншүк – біздің жаңа дәуір тарихымыздағы әлгіндей кешкекті сын сәттердің символы, айтулы өзгерістердің ізашары. Сондықтан апамыздың Ресей жерін қорғап қазалануына ақтаушы іздеп әуреленудің, тіпті соны ойдай проблема етіп өңезеленудің еш қажеті жоқ. Ер – елдікі. Мәншүк – қазақтікі. Болды, бітті.
– Паһ, кірпіш қалағандай соқтырдың-ау! Десек те, кешегі соғысқа қатысқан бір миллион екі жүз мың қазақстандықтың майданға ерікті аттанғаны бар, әскерге алынғаны бар, жартысынан астамын құраған қазақтың жаппай ерлік көрсетуін Отан қорғау түсінігімізбен жалпылап шектеп тастау біржақты көзқарас болатын шығар...
–Әлбетте. 1916-жылдың дүрбелеңінде солдат түгіл қара жұмысқа жігіт бергісі келмеген қазақ қауымы арада небәрі жиырма бес жыл өткенде тіпті басқа қырынан танылса, онда осы уақыт аралығында санада күшті бір өзгерістер жүргені де. Соғыс үстіндегі сияқты, соғыс алдындағы тұманды кезеңде де, әсіресе қоздырғыш әскери психоз жағдайында ой-пікір, мақсат үнемі құбыла өзгеріп жатады. Адамдар қоғамды меңдеген жалпы ырық, ортақ жауынгерлік көңіл-күйге бой алдырмай тұра алмайды. Оның үстіне соғыс өзіңе, етжақын, тума-туысыңа суық таңбасын басқан кездегі әсер басқаша болмақ – соғыстың бүкіл қасіретін оның өрті өзіңді, жақын айналаңды шарпығанда жіті түйсінесің. Қараша ауылдарды қара жамылдырып «қара қағаздар» келіп жатты, олардың ішінде Мәншүктің ағасы, ағайындары, құрбы-достары бар-ды. Ол қаралы хабарлар, жалпы соғыстың алғашқы айларындағы сәтсіздіктер Мәншүкке өте қатты әсер еткен, оған әлгі жеңілістер майданға өзі бармағаннан кейін орын алып жатқандай болып көрінген. Осы жайды әскери комиссариатқа жолдаған арыздарының бірінде келтіреді. «Майданда отандастарым қарумен күресіп жатқанда мен қалай тылда бой балап, бас бағып отырмақпын?!» – деп жазады. Әрбердесін Мәншүк өзі өмір сүріп жатқан елдің – КСРО-ның азаматшасы еді, ал қай елдің де саналы азаматтары майдандағы әскер қатарына баруды Отан алдындағы борышын өз еркімен өтеу деп біледі.
Виктор Астафьевтің «Соғысты романтикаға айналдыру – қылмыс» деп жазғаны бар. Майдан көрген жазушы ғой, білгесін айтады да. Сонда-дағы жалпы ерлік көрсетуде, қаһармандық танытудың астарында романтикалық әлде бірдеңе бар екендігін жоққа шығара алмайсың. 1930-1940-жылдары әскери адам болу КСРО-да ғана емес, жалпы дүние жүзінде беделді іс болатын, мысалы, Кеннедилер әулетінің тұңғышы әскери ұшқыш болған, жаңа ұшақ түрін сынақтан өткізу кезінде қаза тапқан. Черчиллдің ұлы Рендольф әуе десанты сапында қызмет атқарған, Сталиннің ұлдарының бірі ұшқыш, екіншісі артиллерист... Жалпы біз 30-40-ыншы жылдарды өте аз білеміз, білсек те үстірт, қате түсініп жүрміз. Бүгінде сол кезеңнің жастары ресми идеология еріксіз саналарына құйған жалған романтиканың құрбаны болды деген пікір айтылудан, жазылудан кенде емес. Әлбетте, асқақ пафосты кітаптар мен ән-жырларда жалған бояулы романтика болғанын жоққа шығара алмайсың және оның біздің Мәншүкке де әсер етуі заңды. Ол өз заманына сай, өзін мектепте, институтта оқып-тоқытқандай не нәрседе болсын кітап канондарын басшылыққа алған, жалпыинтернационалистік құндылықтарға берік типтік қалалық романтик және идеалист болып өсті. Сонымен бірге романтикамен суарылған осы идеалистер дүрмегі арасынан кейін өздерінің қаһармандығымен, материалдық мақсаттан ада жінтіксіздігімен, өмірдің аса ауыр сәттерінде өздерін сынап көруімен айналасын таңқалдырған аршылан тұлғалар да шыққандығын ұмытпауымыз керек. Солардың барлығын көзсіз романтизм, сырқаулы патриотизм дертімен ауырған деп айта алмайсың. Ендеше «Бізді өмір сүруге емес, тізеңді бүкпей өліп кетуге үйретті» дейтін сөз жартылай ғана шындық. Басқаша айтқанда, жоғарыдағы адам табиғатына тән аршылан мінез, ер құлықты соғыс қарсаңындағы кеңестік идеология тереңнен тайызға қалқытып шығарып, өзінің насихаттық көрігіне салып өңдеп, биік патриоттық серпін берген.
Қалай десе де, біздің тарихымыздағы қанша тырысса да ешкім жұлып тастай алмайтын бір бет – Ұлы Отан соғысы қазіргідей шешімі жоқ соғыстардың қатарынан емес еді. Бұл соғыстың идеологиясы алғашқы күндерде-ақ алға айқын, нақты қойылған. Ол – опасыздықпен басып кірген жаудан Отанды қорғау. Ал сол соғысқа дайындық ертерек, 1927 жылдан басталып, Мәншүк мектепте жүрген 1930-жылдардың ортасында қарқындаған болатын. Бұл идеология өзінің насихаттық қолтума құралдары тұрпайы, дөрекі жасалғанына қарамастан адам психологиясын аса жетік білетін және сана сапырылыстыру технологияларын шебер меңгерген-ді (оны бүгінгі «останкиндік» шприцтен де көріп отырмыз). Осынау алып та әккі насихат машинасы ең алдымен кеңес өкіметі орнағасын дүниеге келген буынға құрық салды, сол жастарды жаңаша тәрбиелеп, бойларына мүлдем соны, советтік базалық құндылықтарды егумен айналысты. Осы Мәншүктер буыны –сталиндік «жас қырандар» – кейін, 1980-інші жылдар өресінде толыққа жуық жасақталып қалатын «кеңес халқы» дейтін жаңа этникалық қауымдастықтың негізін қалады. Стахановтар мен Челюскиндер адам өмірін, қоғам тіршілігін қаһармандырудыңсталиндік нұсқасын бастап қана берді, ал әлгі нұсқамен түгелімен ауаланған және соны алдағы соғыста толықтай жүзеге асырған Мәншүктердің буыны болатын. Жаңадан қаһарман жасаудың рецепт-ішірткісі– кешке төсекке қатардағы біреу болып бас қоясың да, таңертең «жұлдыз» болып оянасың. Стахановтық, челюскиндік, т.б. идеологиялық қозғалыстардың қуатты жинақтағыш, жұмылдырушы күші де осында, яғни адамды бір-ақ сәтте жоғарыға, биікке ырғыта шығарып жіберетіндігінде еді. Әлгі идеологияның жемісі Мәншүктің әбден толысып, піскен уағы кеңестік жасампаз батырларды даңққа бөлеудің соғыс жағдайындағы жаңа парадигмасына шаппа-шап келген. Ерлік және тағы ерлік көрсету – кешегі елеусіз «пролетар» жігіттер мен қыздарды заматта зау биікке алып шығатын заман эскалаторы, әлеуметтік лифт, күлікті көтеретін ду.
Осы өреде Мәншүк кішкентайынан Николай Островскийдің «Құрыш қалай шынықты», «Дауылда туғандар» тәріздімотиваторлық әскери-соғыс тақырыбындағы кітаптарды оқып, фильмдерді көріп, балалық қиялына серік етті. «Чапаев» фильмін қайта-қайта қарап, Ер Шапай суға кететін Жайықтың иінін барып көрді. Анка сияқты пулеметші болуды армандады. Алматыға келгесін ГТО, БГТО, ГСО, ПВХО комплекстері мен «ворошиловтік атқыш» нормаларын үздік тапсырды (бүгінгі хипстер жастар үшін ашалап айта кетейік: ГТО – «Готов к труду и обороне СССР», БГТО – «Будьготов к труду и обороне СССР» нормативтері, ГСО – «Готов к санитарнойобороне», ПВХО – «Противовоздушная и противохимическаяоборона» комплекстері, ал «Ворошиловскийстрелок» – осы аттас төс белгісіне тапанша мен әскери бесатардан нысана көздеп тапсыратын норма, бұлар біріге келіп, 1934 жылы енгізілген, жастарға патриоттық тәрбие берудің мемлекет қолдауындағы бірыңғай жүйесін құраған). Ұшқыш болғысы кеп, ОСОАВИАХИМ-нің («Қорғанысқа, авиация және химия құрылысына көмек беру қоғамы») табалдырығын тоздырды. Бір сөзбен айтқанда, әскерге (майданға) барып, жаумен бетпе-бет шайқасуға өзін дода күткен пырақтай арнайы әзірлеген. Онысын майданда қарамағындағыларды соғыс өнеріне үйретуінен де аңғаруға болады. Аналар да мылтық, не пулемётті ата алмай қапалақтап жатқанда «Убейврага, еслиты не убьёшь, он тебяубьёт!» деп қайраған. Сол жылдарғы жалынды публицист, соғыс идеологы, бүгінгі Соловьёвтердің рухани атасы Илья Эренбургтің лұғаты ғой. Немесе: «Пуля–дура, штык –молодец!» Суворов айтты дейтін афоризм. Қысқасы, Отан үшін жан беру қиын емес, абзалы – жауыңның көзін құртып барып жан бер деген Мәншүк. Жыланның белін бастың ба, басын да езіп өт, әйтпесе қайрылып келіп өзіңді өлімші етеді деп үйреткен. Соғыс кеше ғана мектеп бітірген көкөрім жастардың жүрегін көкпеңбек мұзға айналдырып, онымен бірге келген кеңестік идеология жас жүректерде осыншалық өшпенділік отын тұтатқандығын көріп түшіркенесің. Екінші жағынан алғанда, қатыгез, бірақ әділ соғыстың балалары ретінде қатыгездеу ұрпақ болып жетілуге мәжбүрленген. Қалай болғанда да соғыс қарсаңында жастарды қаһармандық рухта тәрбиелеудің және идеологиялық мақсатқа жаппай жұмылдырудың кеңестік моделі кейін майданда өз тиімділігін көрсеткен. Осынау жас буынның мақтұлдық ерен ерлігі көп жерде әскери командованиенің осалдығының орнын жауып, «қырғи» командирлердің өрескел қателіктерін түзетіп отырды және сонысымен де олар жеңісті күнді жақындата түсті. Майданға саналы комсомол мүшесі ретінде барып, идеялы коммунист болып өлген Мәншүк те осы қатардан табылды.
– Идея дегеннен шығады. Мәншүктің майдандасы Әзілхан Нұршайықов бір естелігінде оның «Мен – жеңістің Анасымын!» деген сөзін келтіреді. Солай деп айтуы мүмкін бе, осының өзі жазушылық көріктендіру емес пе? Қалай ойлайсың?
–МенӘзекең куәлік еткен әлгі орман ішіндегі эпизод көріктендіру яки ойдан шығарылған пафос деп ойламаймын. Біз білетін, біз таныған Мәншүктің ішкі конституциясына ондай қылық, ондай сөз сай келеді. Егер осыны шындық деп қабылдасақ, онда ілгеріде айтылған сталиндік буынның кісі өлтіруге моральдық құқы болды деген сөз де ақтаушысын табар еді. Жоғарыда Мәншүктің майданға кетем деп салған қиғылығын, майдандағы алғы шепке барам деген ұмтылысын көп адам түсінбей, біразы шектен шығу, бірқатары ессіздік ретінде қабылдағанын айтып өттім ғой. Бүгінгі адамтану іліміне салып және тарих жүзіндегі әлгіндей өзгеше қалыптағы тұлғалардың өмірін саралап көрсең, Батыс peacemaker– бейбіт өмір сақшысы, Гумилев пассионар атайтын, ал кеңінен алғанда өзіне осы өмірде бір маңызды міндет жүктелген деп түсінетін мессиялық (даға) көңіл күйлі адамдар аз болмағанын байқаймыз. Бұған жарқын мысал – он жеті жасында бойына ғайыптан сәуле дарығандай болып, елін басқыншылардан қорғап қалған, сөйтіп, Францияның қорғаншы әмбиесі атанған Жанна д’Арк. Бізше салиха, ақ өліммен кеткен әулие жан. Өздерін грек өркениетінің заңды мирасқорымыз деп танитын еуроамериканцивилизациясындағы әлгіндей көңіл-күй Ахиллестен бастау алады. Ажалды Пелей мен теңіз құдайы Фетиданың асыл рухынан жаралды делінетін Ахил Олимптің айырықша алқауына іліне тұра ұзақ та барақат бейбіт өмірді талақ етіп, орнына қысқа, бірақ ерлік пен жауынгерлік даңққа толы ғұмыр жолын таңдаған-мыс. Осыған ұқсас тағдырлы жанның біреуі –АмелияЭрхард, ол әйел ұшқыш та құрлықаралық ұшуларға қабілетті екенін дәлелдеймін деп, әрі тарихта өз ізін қалдыру мақсатымен 1935 жылы қос құрлық арасын жалғыз өзі ұшып өтеді де, екі жыл аралатып дүние айналған сапары кезінде ұшағымен мұхитқа құлап өледі. Өзі «Сірә, мен көп жасамаспын» дейді екен. Яғни мессиялық көңіл-күйдегі бұл тұлғалар өз оттарына өздері өртеніп өлетіндерін алдын ала сезген.
Қаруластарының айтуынша, Мәншүк майданда «оққағарлы» жауынгер атаныпты. Талай қанды қырғыннан оқ дарымай, дін аман шығады екен. Өзі оқ тескен бөркін көрсетіп, күлетін көрінеді. «Періштем қақты» деп. Алғашқы қарсаңда өзінің өлмейтініне, тіпті ажалсыздығына сенген тәрізді, бірақ жүре-бара әлгі сенімінің таянышы жұқара берген-ау.
1942-нің тамызында 100-інші бригада Алматыдан Мәскеу түбіндегі Бабушкино қаласына келіп, сонда қалың орман ішінде оқу-жаттығу өткізген ғой. Самсаған қарағай, бұтағы толған құс. Біреуі «көкек-көкек» деп дамылсыз шақырады. Қазақ ұғымында адам келе жатқанда көкек даусы оң жағынан естілсе бай болады, сол жағынан шықса сәтсіздікке ұшырайды, қарсы алдынан естілсе денсаулығы жақсы болады. Далалықтардың көкек жайлы ырым-жырымы осымен тынады, ал батыстағылардың түсінігінше, айталық, орыстың «кукушкасы», латыштың «дзегузитесі» саған қарата қанша шақырса, сонша жасайсың. Мәншүк бірде қарулас құрдас жігіттің көзінше ағаш басындағы сондай бір көкектің сұңқылын санайды. Уақыт өтіп жатыр, көкек құрқылдап тұр, онымен бірге Мәншүк саусақтарын бүгіп, алТұраш Әбуов іштей санап тұр. Сонда көкегі түскір жиырма бір рет шақырып барып тоқтапты. Мәншүк сыр бермей, сөзді әзілге бұрып жіберіпті, ал жігіттердің іші қылп ете қалады. Мәншүктің жасы жиырма бірге қарап тұрғанын олар жақсы білетін...
Арада жыл өткенде Мәншүк анасына жолдаған хаттарының бірінде: «...» Менің жағдайым шатқаяқтау. Білмеймін, алдағы шайқастан тірі шығамын ба, жоқ па...» – дейді. Ішінде әлденеткен құйын ойнап жатқан адамның жан сырындай қабылданады әлгі сөз. «Менің жағдайым шатқаяқтап тұр...» – өлім қатері төнген шақта қорқынышқа бой алдырудан қорқу ма мұнысы, әлде өлімнің өзінен қорқу ма? Меніңше, мұның екеуі де емес. Эрнст Хэмингуэй бір көзіндегі ақауға байланысты әскер қатарына алынбай, ақыры майданға американ Қызыл кресі отрядының сапында санитар болып келген. Ұрысқа түскенде бойын қорқыныш билепті. Оны романтик жазушының өзі «Бұл өлімнен қорқу емес еді, сірә, ой-қиялым сомдап қойған ерліктің, өрліктің, ар-ожданның биігінен табыла алмай қаламын ба дегеннен туған қорқыныш сезімі еді» деп сипаттапты. Соғыс психологиясын жақсы білген сергек қаламгердің бұл жан ақтарылысына екіұшты емес, толық сену жөн. Егер жарақат алып қалмағанда, Эрнст те бұл дүние тіршілігінде жиырма жыл ғана қонақ болар ма еді, қайтер еді. Су ішерлігі бар екен. Ал Мәншүкке ажал оғы туралап тиді. Ол өлімнен қорықпады. Ол үшін соғыс, war – бар болғаны экзистенциалистік қауіп-қатердің үлкені. Өмірін тамсандырып қана қысқа үзілген ән секілді үзген қорғасын ғана. Біздің санамызда, ойымызда оны мәңгі жас, мәңгі пәк бейнеде қалдырған тағдыр оғы. Жеңістің Анасы емес, ерліктің, өрліктің, отансүйгіштіктің үлгісі етіп қалдырған тарихи тағдыры. Ол енді ешқашан өз жасынан ересек болмайды. Ақ өлімнің, салиха өмірдің белгісіндей мәңгі жас болып қалады.
Мен бұл жерде «салиха» деген сөзді қайта-қайта бекер айтып отырған жоқпын. Менің нық сенімім бойынша, Мәншүк – Жанна д’Арк сияқты құдайдың сәулесі түскен жан. Оның әруағы риза болмаса, кепиет киесі шалады. 1973-те Алматыны қарық қыла жаздаған тасқын сел Алатаудағы Мәншүк мұздағынан, дәлірегі, әлгі мұздақтың жылжуымен етектегі ойпаңға толған көл суынан басталған ғой. Сол жылы өлім-жітім де төтенше көп болды. Сәбит Мұқанов, Мәлік Ғабдуллин, Әнуарбек Үмбетбаев, Меңдекеш Сатыбалдиев... Биыл да жер-жерде су қатты келіп, әбігершілік болып тұр ғой, байқайсыз ба, Есақа?
— Өй, қайдағыны айтпашы!
— Сақ болайық, әруақ сыйлап жүрейік дегенім ғой...
— Жақсы, есте болсын. Сұқбатыңа рақмет.
Әңгімелескен Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ.