Байбота ағамның балконы

3726
Adyrna.kz Telegram

Байбота шал отырады балконда,
Қай пәтерде қалды екен деп жас күнім.
(Есенғали)

Бірден басын ашып алайық, бұл әңгіме тіпті де балкон туралы емес. Бұл балкон – басқа балкон... Есенғали ағамыз кезінде осы бір ауыз өлеңге сыйғызып, ұлт басындағы әлеуметтік кеселді айтты деп білеміз. Себебі, балконға қол жеткізу дегеніміз – Алматының қуыс-қуысында пәтерден-пәтерге көшіп, әбден қажыған ақындардың тұрақты қоныс табуы, тіршілігінің түгелденуі, тұрмысының түзелуі... Ал сол балконда отырып, өткен-кеткенді еске алып, емініп-емірену – көңілің бірленгенінің, жаның жайланғанының белгісі. Алатаудың етегіндегі арман қаланың толыққанды тұрғыны атанғаныңның бұлтартпас дәлелі.

Балкон... Баяғыда жалаңаяқ жалаңтөс жас шайыр боп жүрген кезіңде саған көлденең келімсекке дейін шекесінен қараса, енді сен биікте шылымыңды бұрқыратып тұрып, ары-бері ағылған жұрттың төбесінен қарайсың. Бұрын балконы бар үйге қолың жетпесе, қазір сол шаңырақтың иесісің, сені бұл құтханадан ешкім де оңайлықпен қуып шыға алмайды.

«Барған жерің – балконтау, Ол да біздің көрген тау!», – деп тоғызыншы қабаттан зеңгір көкке көз салып, «Жоғарыда жұлдыздардың съезі, Болып жатыр мен білсем», – деп Есенқұлдың өлеңін шаттанып оқып, шіреніп, шырт түкіріп тұрасың.

Міне, саған керек болса, балкон философиясы...

Тегінде, балконды жырламаған ақын кем-де кем. Қазақ поэзиясының алыбы Қадыр Мырза Әли:

«Айнала қызыл гүлден кілем төсеп, Күтесің қонағыңды, келем десе... Біздердің жайлауымыз – балкон ғана, Ал саған бүкіл жайлау – өлең төсек», – деп, балконға телінген тіршілігімізді ұлттық үрдіске бейімдеп жырлады.

Қалада тұратын ақын Күләш Ахметова:

«Қалайша қырда өскен боп түс көрмейін, Қалайша оянғанда тістенбейін. Таңғы нұрға тапшы екен батыс балкон, Күннің нұры түседі түстен кейін», – деп даланың кеңдігін аңсады.

Аңсағаның не, «Айтылмады әңгімем желге менің. Жапырағым жетпеді жерге менің. Жағадағы қайықтай балкондарда, Жалғыздықтан қалтырап, тербелемін», – деп торықты һәм жабықты. Өлеңнен өрнек сала білетін Ертай Ашықбаев:

«Біздің балкон жұлдыз жаққа жақындау, Жоқ ол жақта еркек-ұрыс, қатын-дау. Тыныш. Тынық. Сондай жерге жіберген, Жұлдыздардың әкелері ақылды-ау», – деп арайлы Ақтөбедегі пәтерінің балконын да ептеп дәріптеп жіберді.

Сұрапыл шайыр Светқали Нұржан болса,

«Сол қалпында – сол терезе, сол балкон, Шаш тарап тұр перде артында қыпша бел. Менің қазір тұрпатыма балбал тең... Бара жатыр аяулыма ұқсап ол», – деп баяғы «халықтық балконды» – КазГУ-дің әйгілі сегізінші жатақханасының белтемірлі балконын тіліне тиек етті.

Балконды арқау етіп, жыр жазған өзге ақындар да аз емес. Бауыржан Қарағызұлы:

«Өз-өзіңе кектендің, Жүрек мұңын илейді. Балконыңда өткен күн, Жылап тұрып, билейді»,

– деп жұртына жан сырын ақтарса, Жанаргүл Қадырова:

«Анау ақ үйдің балконы бүгін қараңғы, Арманым менің сол үйде қалып барады», – деп өзгеше көңіл-күй әуеніне беріледі.

Қазақ поэзиясын әрлеп-әспеттеген бедерлі балкон парасатты прозаны да еркін жайлады. Мысалы, «Біздің балкон жаққа жалқы мәрте жанарыңызды аударсаңыз, ештеңеңіз кетпес еді ғой. Бірақ көз қиығыңызды да қимастан өтіп бара жаттыңыз. Мен балконның пердесінен сығалап, маңдайыңыздың сәл-пәл тершігеніне дейін байқадым», – деп кейіпкерінің аузына сөз салып қояды әншейінде балкон-салконыңмен шаруасы жоқ менің бекзат мінез Мархабат Байғұт көкем «Сізді сүйген қыз едім…» деген әңгімесінде. Сондай-ақ бүгінгі белгілі ақын Мәди Қайыңбаевтың баяғы студент кезінде жатақханада төменгі курс балаларымен бірге телевизор көріп отырып: "Міне, "Три богатыря" деген үй. Біздің декан осында тұрады. Әне, Қожакеев балконнан қарап тұр", - деп қалжыңдайтыны, сол сәтте ту сыртынан: "Әй, Қайыңбаев, Қожакеев балконнан емес, желкеңнен қарап тұр!", - деген деканның әмірлі даусы шығатыны туралы әңгіме де бар екен ғой... Ой, балконым-ай, сені жырлап тауыса алармыз ба?!

Мұның бәрі – көп қабатты үйдің балконы біздің өміріміздің айнымас атрибутына айналғанының дәлелі.

Биік үйдің балконын жырлаудан орыстың классик ақындары да қалыс қалған жоқ. Марина Цветаева: «Балкон. Сквозь соляные ливни, Смоль поцелуев злых. И ненависти неизбывной, Вздох: выдышаться в стих!», – деп толғанса, Самуил Маршак: «Стояло море над балконом, Над перекладиной перил, Сливаясь с бледным небосклоном, Что даль от нас загородил», – деп тебіренді. Ал Николай Асеев: «У меня на седьмом этаже, на балконе, – зелёная ива. Если ветер, то тень от ветвей её ходит стеной; Это очень тревожно и очень вольнолюбиво – беспокойство природы, живущее рядом со мной!» – деп ақтарылса, Афанасий Фет: «На балконе золоченом Ряд цветов кругом перил, Я любуюся балконом, И цветник мне пестрый мил», – деп ағынан жарылды.

Бірақ бүкіл орыс классиктері жабылып жырласа да, Байбота ағамның алтыншы қабаттағы бес бөлмелі пәтерінің берекелі балконының табиғатын дәл айшықтап бере алмайды. Өйткені, бұл балконның орны бөлек.

Қазақтың көрнекті ақыны Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғайдың болмыс-бітімі мен тұрмыс-тіршілігінің нәрі – оның үйіндегі жұмыс бөлмесі. Атақты Ли Куан Ю әлемге танытқан Сингапурды «қала – мемлекет», «астана – мемлекет», «арал – мемлекет» деп түрліше атай береміз ғой. Байбота ағамның осы кабинеті де бір емес бірнеше міндет атқарады. Біріншіден, күнделікті жұмыс орны. Екіншіден, шеберлігін шыңдайтын шығармашылық лабораториясы. Үшіншіден, тұрақты әрі тағылымды кітапханасы. Төртіншіден, қатарлас қаламгерлермен кездесу орны. Бесіншіден, өзіне арнайы келген жас ақындармен сырласатын сұхбат алаңы. Алтыншыдан, немерелері атасын іздегенде қиналмай табатын қасиетті құтханасы. Осылай кете береді...

Мұндағы ең басты байлығы – өмір бойы жинаған кітаптары. Бұл шағын кітапхананы Байбота ағамның өзі ұлттық кітапханадан кем көрмейді. Кабинетте әбден шырмалып, балкон мәселесін сәл ұмытыңқырап бара жатқан жоқпыз ба осы?! Тоқтай тұрыңыз, өзіміз де солай қарай жылжиын деп отырмыз қазір.

Міне, енді келдік. Байбота Қошым-Ноғайдың «ұлттық кітапханасы» арқылы балконға өтесіз. Бұл жерде кітап дегенің жетіп артылады. Яғни, мұны Бәкеңнің берекелі кітапханасының «филиалы» десек те болар. Ілгеріде бір танымы терең ағамызды «Жанына оның жат емес, Ғылым мен БАҚ, медиа. Басы оның бас емес – Энциклопедия!», – деп кейіптегеніміз бар-ды. Байбота ағам да құдды сол. Кез-келген дерек-дәйекті лезде қойны-қонышынан суырып алып бере қояды. Аса білімдар ағамыздың бүкіл өмірі осы кабинеттегі «негізгі кітапхана» мен балкондағы «филиалдың» арасында өтеді. Кітапханада жұмыс істейді, филиалда тынығады. Оқиды. Ойланады. Тургеневті түрткілейді. Толстойды түгелдейді. «Соғыс және бейбітшілікті» қайта сүзіп шығады. Қысқасы, Байбота ағам балконда отырып Андрей Болконскийдің тағдыры туралы толғанады. Өлеңдерін өреді, талайды таңдай қақтырған "Тіл ұшындағы тарих" секілді танымдық еңбектерін жазады... Бұдан соң бұл балконды қаладағы қисапсыз көп балконның бірі ғана дей аламыз ба?! Жоқ!

Байботаның балконы – қазақ поэзиясына Есенғали Раушанов орнықтырған сәулетті символ болса, біздің дәуіріміздегі студенттер арасында ең кең тараған ұғымның бірі – «жетінші пойыз» еді. Кәдімгі Байбота ағам жырлайтын, Алматыдан Мәскеуге қатынайтын жетінші нөмірлі жүрдек пойыз. Алматыдан ытырынып шыққанда жетінші пойыз боп кетеді де, Мәскеуден шаршап-шалдығып, сегізінші пойыз боп қайтып келеді. Бір ғажабы, сонда да оны ешкім сегізінші пойыз деп атап көрген емес. Жетінші пойыз. Болды! Сол жетінші пойыз күллі қазақ студентінің ары-бері қатынайтын мініс көлігі еді. Жетінші пойызбен сабағына келеді, ауылына аттанады, өзге қалаға қыдырады, тойға барады, тіпті келіншек алып қашады, т.б.

Біздің тым жас кезімізде Байбота ағам «Вокзалда» деген өлең жазды. Оны біз жаппай жаттадық. Осы өлеңде «Жетiншi пойыз бiр жарым сағат кешiгедi!» – деп есiттiм. Секундқа дейiн тұрғанмын санап. Қалқам, сен неге кешiктiң?..» – деген жолдар бар еді. Бұл екі жолды зердеңнен өшіру мүмкін емес. Дәл осы қос өрімге бола пойызға мініп, жол шегуге құмартқан курстастарымызды да көрдік. Шынында да, бұл өлең жүйткіген пойызды, дөңгелектің дүрсілін көз алдыңа елестететін. Тіпті ақынның өзі сарт-сұрт етіп рельс үстінде заулап келе жатқан вагондардың ырғағына әдейі үйлестіріп отырып жазғандай әсер қалдыратын. Өйткені, мұнда бәрі бар еді. Арман да («Пойыздар қашан жетедi бiзге көз жасы менен күлкiнi ап?..»), аңсар да («Самал да, шiркiн, күбiрлеп естi, рельстiң үнiн тыңдадым»), өкініш те («...Күлдiм мен кiлең, жыладым кiлең, көкiрегiмде күрсiн көп»), күйініш те («Рельске тостым құлағымды мен: жатыр-ау ол да дүрсiлдеп!..») жеткілікті еді. Жалпы, вокзал мен перронды жырлаған ақындар көп. Ілгеріде «Айқын» газетінде бірге жұмыс істеп жүрген кезімізде талантты ақын Танагөз Толқынқызының "Ақындар мен вокзалдар" деген керемет мақала жазғаны есімде. Бұл енді өз алдына бөлек тақырып.
Байбота ағаның мынадай да бір өлеңі бар:

Ақшамда ашқан Ақандай перiге сырын
оңаша қалсам,
Ай қадап желiге сұғын,
Алатау жақтан самалдың лебi келедi,
оның да қайталайтыны –
сенiң есiмiң...

Бұл шумақ Байбота ағаның іні-досы, қазақтың тағы бір талантты шайыры Шаһизада Әбдікәрімовтің бір өлеңін еске салады. Кезінде осыған орай, «Өзiмiздiң Сырдарияның ай қараңғысы түгiлi, күн шақырайып тұрған сәскедегi сәтiн де сирек жырлайтын Шаһизада шайырдың «Түнгi Ыстықкөл» деген өлеңi бар. Туған топырағындағы парасатты перизаттардан бойын аулақтау ұстайтын арқалы ақын ай нұрын төгiп тұрған шақта, әйгiлi көлге түсiп, қиялындағы қырғыз перiсiнiң қызымен бiрге шомылады. «Айдаладағы Ыстықкөлдiң пәтуасыз перiсiн өлгенше қуып неңiз бар едi, өзiмiздiң Бекторылар ел жақта да өрiп жүр емес пе?!» – деймiз. «Әлде өзiңiз «Өшер ме жүрек төрiнен, Оянған осы жыр-аңыз?! Ашына болған перiмен, Ақан серiден сұраңыз!» деп жырлаған әйгiлi жыр жүйрiгiнiң жолын жалғағыңыз келдi ме?» – деп тиiсемiз. Тiптi одан да тереңдеңкiреп, «Күйеу баласы перiнiң, Бажасы Ақан серiнiң», – деп қылжақтаймыз. Жоқ, ол бәрiбiр қайтпайды», – деп жазғанбыз.
Байбота ағам Шаһизада секілді әріге кетіңкіремей, перінің қызымен ақшамда ашылып сөйлескен Ақан серіні мысалға келтірумен ғана шектелгенге ұқсайды. Тұрсын жеңешемнің көзін бақырайтып қойып, жеті түнде жер түбіндегі Ыстықкөлде перінің қызы Бекторымен бірге шомылып жүрген Шәкеңнің ерен ерлігі өзімен кетсін...
Мұның бәрі қалжың, әрине. Тегінде осы екі ағамның сыйластығы керемет. Шаһизада ақын оған деген құрметін былайша түйіндеген: «Басымды Байбота ағам бағалаған, Қазақтың таңғажайып ақыны деп». Екеуінің ұқсастығы да көп, ұқсамайтын жақтары одан да көп... Мысалы, Байбота ақын балконда біраз уақыт, тіпті күн ұзаққа байыз тауып отыра алады, ал Шаһизада шайыр балкон түгілі Балқантауға байлап қойсаң да, бір минут та тұрақтамайды...

Балкон демекші, біраз жыл бұрынғы тағы бір жолжазбамызда былай деп жазыппыз: «Аланияның төрiндеміз. Тереземiз теңiз беткейге қараған. Айналаның көрiнiсi ғажап! Сәл әрiректе толқыны таудай Жерорта теңiзi жер дүниенi алып, керiлiп жатыр. Соның бәрi көңiлiн көтердi ме, Шаһизада ақын балконға шығып, сонау Алатаудың бөктерiндегi Байботаға телефон шалды: «Анау баяғы «Тұңғыш кiтап» сериясымен шыққан алғашқы жинаққа өлеңдерi енген Мұқаев деген ақын бар едi ғой. Соның аты кiм едi өзi?». Байбота асықпай тыңдап, аспай-саспай жауап бередi: «Төлеген ғой ол. Әлдеқашан өмiрден өтiп кеткен». Шыдамсыз Шаһизада мен байсалды Байботаның еларалық диалогы ұзаққа созылды.

Әдебиеттiң әңгiмесi түркi дүниесiнiң қос мемлекетiн тербетiп тұр. Сырттай қызыға қараймын. Байбота ағам да бiздiң Шәкең құсап балконда сөйлесiп отыр ма екен?!».
Осылайша өзіміз ерекше қадірлейтін екі ағамыздың суретін сөзбен салыппыз. Сонда аңғартқанымыздай, Байбота ағамыз өте зерделі, аса ұқыпты, ерекше ұғымтал әрі сондай ұстамды. Ол кісімен жарты сағаттай әңгімелескеннің әсері ме, әншейінде қолды-аяққа тұрмайтын Шаһизада ағамның да аяқ астынан айрықша бір сабырлы кейіпке түскені... Алайда артық-кемі жоқ бір-ақ сағат шыдады. Аюдай ақырып, жолбарыстай жалы күдірейіп шыға келді ғой сосын...

Біздің буын бала кезінен қадір тұтқан Байбота ағамның бейнесі кейінгі ақын інілерінің де бірқатар өлең-жырларына өзек болды. Бір кезде Светқали Нұржанның Кеңсайдағы Мұқағали қабіріне тағзым етіп кеп:

Сұрар ол менен: «Туды, - деп, - қай бота дарын?»,
Әбубәкірін айтар ем, Байботаларын, –

деп күңіренгенін айтсақ та жетер... Бәріміз де Байбота ақынға қарап бой түзейміз. Қара өлеңін құрметтейміз, алтын басын ардақтаймыз, сырының сапасын, жырының бағасын білеміз. Атақты ақын, абыройлы азамат, абзал аға.

Енді Байбота ағамның уақыт тынысы туралы тағы бір өлеңіне кезек берейік.

Жыртылды беттер күнтiзбедегi,
Ғұмыры бiтiп бiр күнгi.
Жыртылды Айдың iлкi iз, бедерi,
Сөзжұмбақтар да жыртылды.

Жыртылды жұмыс күндерi талай,
Жыртылды сенбi, жексенбi.
Асықтық тағы iлгерi қарай,
Ертеңге бiр дем жетсе ендi!..

Жыртылды күндер жылымық, тымық,
Айналды «ертең» «бүгiнге».
Бiр ғана тәулiк iлiнiп тұрып,
Жыртылды туған күнiм де...

Иә, жыртылған тек өзіңіз жазғандай, күнтізбедегі туған күніңіз ғана. Ал жыл сайын келетін нағыз туған күніңіз жыртылмайды, қайта жаңара, жаңғыра түседі.

Міне, бүгін де сіздің туған күніңіз кеп қапты. Баяғы жыртылатын күнтізбелер әлдеқашан жоғалған. Ал жыртылсақ, ағамыз бұл туған күніне де аман-есен жетті деп қуанғаннан жыртылатын шығармыз. Деніңіз сау болсын, жүрегіңізді сақтаңыз. Балконыңызда көп отыра бермей, «Жүрегіме стенді, Қойдырам деп тістенді. Таңғы ас ішіп Аралдан, Қармақшыдан түстенді», – деген өлең жолына өзек болып, үнемі жол үстінде жортып жүретін Шаһизада шайыр секілді көбірек қимылдап тұрғаныңыз да дұрыс-ау...
Балконнан бастаған әңгімемізді балконмен аяқтайық. Дүбірлі дүниені дүрмекке салған пандемияның кезінде мынадай анекдот шықты. Бірде әйелі күйеуіне телефон шалыпты: «Әй, сен қайда жүрсің?». «Қайда болушы еді? Үйдемін. Балконда жүрмін де...». «Болды, қаңғыра бермей, кір үйге!». Бұл – балкон жөнінде мәлімет беру үшін оқырман үшін айтылған, сізге еш қатысы жоқ әзіл. Сіз онсыз да құт-мекеніңіздің алтын діңгегісіз! Шаңырағыңыз шаттықтан арылмасын!Немере-шөберелеріңіздің үні алысқа жетсін! Өмірдегі және өлеңдегі сапарыңыз ұзаққа созылсын!

Туған күніңізбен құттықтаймын! Балконыңыз берік болсын, Байбота аға!

Бауыржан Омарұлы

Пікірлер