Алпысқа ат байлау

3737
Adyrna.kz Telegram

Бір кезде кеншілер қаласында шахтер болып жұмыс істеген Жұмекен ақын қайладан қолы босағанда қаламын алып:

Қарағанды бір қараған секілді,
Күйе басқан кірпіктерін сәл ашып.
Содан кейін менің қоңыр бетімді,
Сүйді желі күн нұрымен таласып,

-деп жырлаған еді.

Сол Жұмекен ағамыздың шабытын оятқан қазыналы Қарағандының кірпігіне күйе жұқтырмай, көшесіне кір шалдырмай, аяулысындай аялап жүрген ардақты азаматтар көп-ақ.

Ілгеріде даңқты дәрігер, ділмар шешен Ғабдолла Құлқыбаев біздің бағдарламамызға берген бір сұхбатында "Әл-Фараби: "Егер қалада терең білімді, аса зиялы бір адам тұратын болса, ол қаланың бақытты шаһар екеніне дау жоқ" депті. Ал біздің Қарағандыны дәл сондай бір емес, екі адам мекендеді. Олар - Евней Букетов пен Жайық Бектұров. Демек, біздің Қарағанды екі есе бақытты", - деп еді...

Шынында да кеншілер қаласы - зиялылардан бағы жанған қала. Сол зерделі зиялының бірі - ғибратты ғалым, білікті басшы, зиятты заңгер Нұрлан Дулатбеков.

Ақыл-ойдың алыбы Евней Букетов негізін қалған Қарағанды университетінің бүгінгі ректоры. Үнемі ізденеді. Тыным таппайды. Ешқашан қол қусырып, қарап отырмайды. Біресе, өз отаны Жапонияны жерсінбей, қазақ жұртына қайтып оралған Ақтастағы Ахикомен сырласып тұрады, біресе Сергей Есениннің бел баласы Александрды іздеп, АҚШ-қа жол тартып кетеді. Енді бірде тарихтың ақтаңдақтарын ақтарып, архивте жүреді. Тағы бірде қала қонақтарын іргедегі Карлагқа бастап алып бара жатады.

Қарағандыдағы Карлаг музей-кешенінде одан көп болған адам жоқ шығар. Осымен нешінші рет бара жатыр екен сол ғимаратқа? Бәлкім, жүзінші, бәлкім, мыңыншы...
Көп жылдан бері Алаш арыстарының мұрасын жан-жақты зерттеп келеді. Бұған сол дәуірдегі ел ардақтыларының біразының мамандығы заңгер екендігі де әсер етпей қойған жоқ. Заңгер ғалым заңғар тұлғалардың ғибратты ғұмырнамасы мен миятты мұрасын жеріне жеткізе зерделесе несі бар?!

Жауынгер жырау Доспанбеттің:

Азаулыда аға болған ерлер көп еді,
Әйтсе де алмаға ат байлағаны жоқ еді, -

деп келетін жорық жыры естеріңізде болар. Сол дүлдүл жырау айтқандай, өз жұртында аға болған Нұрекең алмаға ат байламаса да, бүгін алпысқа кеп ат байлады!

Алпысыңыздың алтын қазығы берік болсын, Нұрлан дос! Орта толсын, Алпыстың ауылы!

Бауыржан  ОМАРҰЛЫ 

Пікірлер