Петропавлда 19 жастағы студент суицид жасаған. Өмірден баз кешкен жас жігіттің денесі өзі оқитын колледж аумағынан табылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы КТК арнасына сілтеме жасап.
Колледж директорының орынбасары Наталья Бывальцеваның айтуынша, студент мінезі өте ашық, кез келген адаммен тіл табысатын жігіт болған.
— Танысы, досы көп, жүрген ортасында беделді еді. Өзімен бірге оқитын топта сыйлы, сөзін тыңдата алатын студент болды. Сондықтан оны топ басшысы етіп таңдаған, — дейді ол.
Жас жігіттің ағашқа асылып тұрған денесін таңертең оқу орны маңынан өтіп бара жатқандар байқаған. Куәгерлер колледж күзетшісіне хабарлап, ол полиция шақырыпты. Білім ордасының ұжымы үшін бұл хабар төбеден жай түскендей болған. Өзін өлімге қиған Самат құрылыс ғимараттарын пайдалану мамандығы бойынша бірінші курста оқыған. Грантқа түскен жігіт қалада пәтер жалдап тұрған. Оқуға Мағжан Жұмабаев ауданынан келіпті.
— Қылмыстық кодектің 105-бабы – өзін өзі өлтіруге итермелеуге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Жан-жақты тергеледі, — дейді СҚО ПД баспасөз қызметінің өкілі Нұрбек Баекин.
"Адырна" ұлттық порталы