Берік Әбдіғалиұлы: "Жеке басқа табынушылық тоқтап, жаңа дәстүр қалыптасады"

14517
Adyrna.kz Telegram

"Конституциядан Назарбаевтың тарихи рөлі жөніндегі бап алынып тасталды. Ендігәрі Тұңғыш Президенттің де, екінші Президенттің де, одан кейінгі Президенттердің де есімі Конституцияда жазылмайды. "Президент мәртебесі туралы" Заң қабылданбайды. Осылайша, жеке басқа табынушылықты, мақтанушылықты болдырмау қолға алынып, жаңа дәстүр қалыптасады". Бұл пікірді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы Adyrna.kz ұлттық порталының тілшісіне берген сұхбатында айтты. 

Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, Мемлекет басшысына бұл шешімді қабылдау оңайға соқпады.

"Өйткені, өткендегі жұмыс тобы Мемлекет басшысына “Тұңғыш Президенттің тарихи рөлін көрсетіп, Конституцияда “тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы” деп бекітейік деген ұсыныс білдіргеннен кейін аталмыш шешім қабылданған болатын. Алайда бұл қоғамда қызу талқыға түсіп, көп сыни пікір айтылды. Түрлі келіспеушіліктер орын алды. "Назарбаевтың еңбегін жазатын болсақ Конституцияға емес, кітаптарға жазайық, оқулықтарға жазайық, кино түсірейік. Бірақ, оның есімі Конституцияда болмауы керек” деген пікір көп болғасын Мемлекет басшысы өзі үшін осындай қиын шешімге келіп отыр", - дейді саясаткер.

Саясаткердің сараптауынша, Тоқаев көпшіліктің айтқанымен келісіп, шын мәнінде "Конституция алдында бәрі тең болсын" деп келешек ұрпақ үшін маңызды қадам жасады.

"Ендігәрі Тұңғыш Президенттің де, екінші Президенттің де, одан кейінгі Президенттердің де есімі Конституцияда жазылмайды. "Президент мәртебесі туралы" Заң қабылданбайды. Болашақта да, қазіргі күннің өзінде де бәрі Конституция алдында тең болуы керек. Осындай маңызды шешімге келсе керек. Тоқаев бұған дейін де "Президент туысқандарын лауазымды қызметке тартуды доғару керек, енді ондай қателіктер ешқашан қайталанбасын, кейінгі президенттерге сабақ болсын" деген саяси және моральдік шешім қабылдаған болатын", - деп атап өтті Мәжіліс депутаты. 

Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, Тоқаев осылайша сенім мен адалдыққа негізделген  дәстүр, саяси мәдениет қалыптастырмақшы.

"Ел ішінде ең бастысы тазалық болуы керек, бәрі тең болуы керек, таза болуы керек" деген саяси мәдениет қалыптастыруға бағытталған қадам ғой. Демократия және саяси моральдық көзқарас тұрғысынан алып қарасақ, бұл Конституцияда Назарбаевтың елге жасаған еңбегін сызып тастау дегенді білдірмейді. Әрине, Тәуелсіздік алған жылдары, әсіресе алғашқы онжылдықта шекаралар анықтауда ол кісінің еңбегі сіңді. Бірақ ол тек кітаптарда, оқулықтарда жазылуы керек", - дейді Берік Әбдіғалиұлы. 

Мәжіліс депутатының мәлімдеуінше, бұл ешкімді кемсіту де, жоққа шығару емес.

"Әрине Мемлекет басшысына ренжитіндер табылады. Бірақ мына нәрсені дұрыс түсінуіміз керек. Ол кісі ешкімді кемсітіп жатқан жоқ. Бірінші Президентті жамандап жатқан жоқ. Барлық жауапкершілікті өз мойнына алып, батыл да парасатты шешім қабылдады деп есептеймін. Ертең бұны халық қолдаса, егер Конституция бекітілсе, онда бұл жақсы саяси үрдіс болады. Болашақта Президенттің есімі Конституцияға жазылмайды, оның ерекше мәртебесі Заңда көрсетілмейді. Жеке басқа табынушылықты, мақтанушылықты болдырмау қолға алынып, жаңа дәстүр қалыптасады. Осындай бір маңызды саяси қадам жасап жатырмыз", - деп толықтырды сөзін Берік Әбдіғалиұлы. 

Зарина ӘШІРБЕК,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер