Қазақстан Республикасының Мысырдағы Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Лама-Шариф мемлекет атауын өзгерту туралы ұсыныс тастады. Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Бүгінгі таңда 193 мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып табылады. Олардың қатарында 7 мемлекеттің атауы «стан» жұрнағымен аяқталады: Afghanistan, Kazakhstan, Kyrgyzstan, Pakistan, Tajikistan, Turkmenistan және Uzbekistan.
Стан – парсы сөзі, ел деген мағына береді. Сөздің шығу төркініне үңілсек, жер (land) деген ұғымға да сай келеді. Ирандықтар провинцияны («Остан») дейді. Остан мен Астана - түбірлес сөздер.
Ирандағы 31 провинциясының бесеуі «стан» жұрнағымен аяқталады: Күрдістан, Лурестан, Хузестан, Систан мен Белужистан, Голестан.
Оның үстіне Иран тұрғындары аудан орталықтарын «шахрестан» дейді. 324 шахрестанның алтауы да «стан» жұрнағын жалғап алған: Такестан, Дештестан, Тенгестан, Ларестан, Эрдестан, Бажестан.
Ауғанстанда – Нуристан, Пәкістанда – Белужстан, Гилгит-Балтистан провинциялары, Ирақта – автономды Ирақ Күрдістан аймағы, Әзірбайжанда Гобустан қаласы бар. Сонымен қатар Ресей Федерациясында – Татарстан, Башқұрстан мен Дағыстан республикалары, Өзбекстанда – Қарақалпақстан республикасы бар. Осы 7 ел, 20 ірілі-ұсақ елді мекендердің атауларына көз жүгіртсек, «стан» ұғымы БҰҰ-ның ресми терминімен айтқанда – «мемлекет» (State) мағынасын бермейді. Сондықтан, менің пікірімше, Ата Заңымызға өзгерістер енгізгенде ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ, КАЗАХСКОЕ ГОСУДАРСТВО (орысшасы), STATE OF QAZAQ (ағылшын тілінде) деп, «тайға таңба басқандай» жазуымыз керек»,– деді елші.
Сондай-ақ ол «republic» сөзіне де тоқталып өтті.
Республика дегеніміз елде халық сайлауы арқылы билік жүргізу. Сан ғасырлық тарихи бар «республика» сөзі XX және XXI ғасырларда негізгі мағынасынан айрылып, жауыр болып кеткенге ұқсайды.
Қазіргі уақытта БҰҰ-ға мүше 193 елдердің 125-і мемлекеттің толық ресми атауына «республикасы» деген сөзді қосып жазады. Дей тұрғанмен, осы тізімде атына заты сай келмейтін, демократиялық құндылықтарын жоғалтқан, бір супер президентке жылдар бойы табынған «республикалар» жеткілікті.
Сондықтан State of Israel, State of United Arab Emirates, State of Kuwait, State of Qatar, State of Libya, State of Eritrea секілді мемлекеттігімізді көрсететін State of Qazaq атауын көпшіліктің пікір таласына саламын. Осы ретте БҰҰ-на мүше 36 мемлекет ұлтына латын тілінен енген «ia» сөз тудырушы жұрнақты қосып, қысқа атауын береді: Albania, Romania, Serbia, Slovakia, Slovenia, Somalia, Tunisia. Біз де осы үрдістен қалмай, Қазақ мемлекетінің қысқа атауын QAZAQIA дегеніміз жөн болар. Қазақ мемлекеті мен Қазақия атауларының мәні барабар.
Әрине, референдум кезінде ұсыныс-пікірлерімізге төрелікті халық береді. «Халық айтса, қалт айтпайды» деген атадан балаға мұра болып қалған даналық сөзге мойын ұсынамыз»,– деп сөзін қорытындылады Қайрат Лама-Шариф.
«Адырна» ұлттық порталы