Қазақстанның барлық облыстарындағы Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне кемінде бір миллион теңге көлемінде жәрдемақы төленеді. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді, - деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылғы жылы барлық өңірлерде соғыс ардагерлеріне 1 миллион теңгеден кем емес біржолғы жәрдемақы төленіп жатыр, тыл еңбеккерлері мен оларға теңестірілген азаматтарға да материалдық қолдау көрсетіледі.
8-9 мамырда облыс әкімдері деңгейінде соғыс ардагерлерімен және олардың отбасы мүшелерімен жеке кездесулер ұйымдастырылады. Еліміз бойынша «Ардагерлерге тағзым» қайырымдылық акциялары өтеді.
Ардагерлерімізге мемлекет тарапынан барлық қажетті көмек алдағы уақытта да жүйелі түрде көрсетіледі», - деді Руслан Желдібай.
Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қарсаңында қандай шараларға қатысатынын да хабарлады.
Баспасөз хатшысының айтуынша, биыл 9 мамырда Тоқаев елордадағы «Отан қорғаушылар» монументіндегі Мәңгілік алауға дәстүрлі гүл қою рәсіміне қатысуды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы 6 мамырда Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне арналған салтанатты шараға қатысады.
"Адырна" ұлттық порталы