НҰРБЕК БЕКБАУ: Отарлық сана: Мұсылман бола тұра өз бауырымен қалай соғысты?

21667
Adyrna.kz Telegram

Алжирді француздар 150 жылдай билеп-төстеген уақытта жергілікті арабтар арасында 3 тап пайда болды.

1) Толық французданған арабтар. Бұлар французша сөйлеп, христиандықты ұстанды. Метрополия бұларды (черноногие) қара сирақтар,-десті. Немесе эвалюе (эволюцияланған) деген. Элита осылар болды. Бұлардың саны тым-тым аз болды.
2) Мұсылман дінін сақтаған, бірақ французтілді арабтар. Бұларды харка деп атады. Кішкентай кәсіпкерлерден, аздап капиталы бар адамдардан тұрды. Қалаға көшіп келген арабтың көбісі ақырындап харкаға айналушы еді. (Харка — арабтың харака яғни әрекет етуші, пысық,-деген сөзінен шыққан.)
3) Ассимляцияға ұшырамаған, діні-тілін сақтаған арабтар. Халықтың 90%. Ең төменгі кедей-кепшік тап. Ешқандай билігі жоқ.

1954-62 жылдары ұлтшыл арабтар Алжирдің тәуелсіздігі үшін соғыс бастайды ғой. Осы азаттық айқасында французтілді харка-лар отаршы армияға жақтасып кетеді. Жақтасып қана қоймай, тәуелсіздік үшін күресіп жүрген арабтың ұлтшыл жасақтарын аяусыз талқандаумен айналысқан да, негізінен осы французтілді арабтар еді.
Кейін әлеуметтанушы ғалымдар, осы феноменді зерттейді ғой. Мұсылман бола тұра, араб бола тұра харкалар қалайша өз бауырларымен, өз халқымен соғысты,-деп. Сөйтсе, тілі француз арабтар бөгде ұлтқа айналып үлгерген екен. Менталитет тұрғысынан да, басқа тұрғыдан да өздерін жергілікті арабтардан жоғары санайтын, “амалсыз арабтар” еді, бұлар.

Алжир тәуелсіздік алғанда, харка-лар Франция билігіне өздерін алып кетуді сұрап, жалынумен болады. Не болды дейсіз? Алжирдегі 2 миллион французтілді араб — Париж үшін кәдімгі арабтан айырмасы жоқ еді. Тек 10 мыңын ғана көшіріп алады. Оларға азаматтық бермей, лагерлерде босқын сияқты ұстайды. Гетоларда, кедей райондарда тұрып келді. Тек биыл ғана әлгі харкаларға ардагер мәртебесін беріп, компенсация төлей бастапты.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер