СЕРІК ЕРҒАЛИ: Тіл мәселесі майданға айналып барады...

2856

Жасыратыны жоқ. Бүгін ғана астаналық жаңа ашылғалы отырған 93-мектептің тағдыры көкпарға түсті. Оншақты қазақ келіншегі келіп, өздерінің құқықтарын алға салып, орыс сыныбын ашуды талап етті. Бұл жайтты алдын ала естіген зиялы қауым, бір топ мәжілісмен және қалалық шенділер, тіл жанашырлары бірігіп, іріткіге қарсы тұруға тура келді.

Әлгі оншақты келіншек қазақша жақсы түсінеді, жартысы сөйлейді, бірақ балаларын орыс сыныбына беруге барын салды. Ортасында бір жігіт бар. Байқағаным және бір келіншектің айтуынша, күйеуі офицер екен, соған қарағанда барлығы да қазақ әскерінің қызметшілері секілді.

Кезек пе кезек сөйлеп арындарын басқандай болдық. Әсіресе Аятжан Ахметжанұлының сөзі нақты әрі шешімге толы болды: заң бойынша радиусы 2 шақырымға дейінгі маңайдағы кез келген мектеп таңдай беруге болады екен. Сотта бұл жағынан жеңе алмайсыңдар деп Аятжан маңдайға ұрғанда етіп айтты. Ал бұлар жаңадан салынған Браво тұрғын үй кешенінің жанындағы 1200 орындық мектепті иеленгісі келеді. Үй ішінен үй тіккісі келеді. Төрт келіншектің есімдері - кәдімгі Жәмилә, Самал, Әйгерім, Шолпан! Рулары - уақ, қыпшақ, арғын,біреуі руын білмейді - ресейлікпін дейді. Бұлар - біздің соңғы 30 жылдық тәуелсіздік дәуірінің ұрпағы. Бұларды кінәлауға бола ма?! Меніңше жоқ.

Оларға бір сұрақ қойып, үш аргумент айтуларын сұрадым: Неліктен баласын орысша оқытпақ? 1.Қазақша оқу қиын. 2.Оқулықтарын ұқпаймыз... деген жауап берді.

Шын мәнінде жастардың қазақша оқудан қорқуына 30 жылдағы оқыту көрінісі себеп екені мәлім. Контент жоқ, сапасыз. Оқулық екібастан. Оның үстіне - латыншамен үш рет әліпби ұсынып шошыттық! Бұның бәрі ізсіз кетіп жатқан жоқ.

Бұның бәрін мойындай келе, енді мүлдем басқа өзгерістер басталғанын, бұның бәрі жөнделіп жатқанын келтірдік. Сөйлеген талай шешен қазақтілді оқудың елде анағұрлым сапалы екенін жеткізді, орысша оқытуға жөні түзу мұғалім де жоқ екенін көлденең тарттық.
Қысқасы 30 жыл бойғы бетімен кеткен білім беру саласының әуселесі 50-ге тарта ұлтшылды біршама терлетті. Келіншектердің арыны басылғандай, бірақ ішіндегі бір-екеуі бас тартқысы жоқ. Рухани кері кетіппіз. Билікке ерегесу де бар, өз ұлтынан жеріну де бар. Соған қарағанда бұл салада істелер шаруа шашетектен.
Бетімізден алғандар қақыларын айтып қақылдағасын, фотоға бет-жүздерін түсіруге жасқандық.

Бір атап өтерлігі - қазақтілді қауымның әбден ысылғандығы, біріге түскендігі. Көңілге сенім ұялай түсті. Бұл астананың қақ төріндегі болған рухани шайқастан кішкене ғана репортаж.

 

 

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket