“Миллиардтаған қаржы қайда?”: Заңгер Президентке Ақмола облысындағы ауыл жайлы үндеу жолдады

3622
Adyrna.kz Telegram

Заңгер Әлібек Алмабаев есімді азамат өзінің Facebook парақшасына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Заңгер видеода Президентке Ақмола облысына қарасты Ақшалы ауданы Жібек жолы ауылының жағдай мәз емес екенін және бөлінген қаражат тиімді қолданылмайтынын айтқан.

Әрі қарай бейнеүндеудің толық мәтінін ұсынамыз:

ПРЕЗИДЕНТ МЫРЗА!

Сіз «Қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейін Қазақстан халқына «Жаңа Қазақстан» құрамыз деп жариялап, кейбір жемқор лауазымды қызметкерлерді қамауға алғанда, қарапайым халықтың көңіліне қуаныш ұялап, заман түзелетін болды деп қуанған едік.

Алайда сол уақыттан бері үш айдан астам уақыт өтті, біз қарапайым халық ештеңенің өзгермегеніне және өзгермейтініне көз жеткіздік.

Себебі бүгінгі уақытта біз құқықтық, зайырлы және демократиялық мемлекет болса да, халқының заң аясындағы бейбіт әрекеттері тозаққа айналған, ел басына зобалаң туған заманда өмір сүрудеміз.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 40-бабының 2-тармағындағы нормаға сәйкес Президент - халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі.

Ата заңымыздың 3-ші бабының 1-тармағында  мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – ХАЛЫҚ, деп нақты көрсетілген.

Ал шындығында біз осы нормалардың 100%кереғарлығының куәгеріміз. Біздің бұл тұжырым келесі уәждермен дәйектеледі.

Ақмола облысына қарасты Аршалы ауданы Жібек Жолы ауылы Елордамыз Астанадан 12 шақырым қашықтықта орналасқан, ресми түрде 10 500, бейресми түрде 24 000 тұрғыны бар ауыл. Осы ауылдың көркейіп, инфрақұрылымының дамуына бюджеттен жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлінеді. Алайда тұрғындарға түсініксіз жолмен сол миллиардтаған бюджет қаржысы сағым құсап жоғалып кетеді. Нәтижесінде біздің ауылда свет, жол және ауыз суы мүлдем жоқ. Басқадай әлеуметтік нысандар туралы айтпасақ та болады. Ол нысандар біз үшін қол жетпес арман.

Жергілікті билік өкілдерінің жылдан жылға қылмыстық әрекетсіздігіне шыдамаған ауыл белсенділері арнайы Қоғамдық кеңес құрып, осы аталған әлеуметтік мәселелердің шешу жолдарымен кәсіби түрде айналыстық. Айналысу барысында біз мынаны анықтадық:

  • 03.10.2018 жылы ауылда су құбырларын тарту үшін №64 келісім шарт жасалған. Мердігер «Комби-строй-1» ЖШС. Шарттың құны 568 759 500 тенге. Аяқталу мерзімі 30.10.2019 жыл.
  • 24.10.2018 жылы электр желілерін тарту үшін №67 келісім шарт жасалған. Мердігер «Дорстройтрест» ЖШС. Шарттың құны 1 038 128 000 тенге. Аяқталу мерзімі 30.10.2018 жыл.
  • 12.12.2018 жылы көше жолдарын салу үшін №77 келісім шарт жасалған. Мердігер «МСК» ЖШС. Шарттың құны 2 257 920 000 тенге. Аяқталу мерзімі 01.11.2019 жыл.

Бір қарағанда, біздің ауылда ауыз суы, электр жарығы және жолдардың болмауы мүмкін емес. Себебі бізде осы инфрақұрылымды заман талабына сәйкестеу үшін қажетті құрамның бәрі бар. ЖСҚ (ПСД), сараптама қорытындысы, мердігер, тех надзор, бюджеттік қаражат және жұмыстың көлемі. Яғни бәрі, бәрі, бәрі бар. Бұған қоса осы келісім-шарттардың ең аз дегенде төрттен, ең көбі оннан артық, жұмысты аяқтау мерзімін ұзартуға қатысты негізсіз жасалған қосымша келісімдері бар.Нәтижесінде қаражат жоқ, су жоқ, жарық жоқ, жол жоқ. Жағдайдың неге осындай күйге жеткеніне ешкім жауап бере алмайды. Бұл аталған құқық бұзушылықтар бойынша ешкім жауапкершілікке тартылмайды. Бұдан басқа электр подстанциясына қатысты қылмыстық әрекетсіздік пен жауапкершіліксіздік, ауылдың өркендеуін қойып, оның ел қатарлы тіршілікте болуына орасан зор қауіп төндіруде.

Алайда біздің ауылдың проблемалық мәселелері мұнымен шектелмейді. Ауылда интернет мүлдем жоқ. Автобус аялдамалары жоқ. Автобус маршруттары жеткіліксіз, ал барының қатынасы ауыл тұрғындарын мүлдем қанағаттандырмайды. Ауылдағы жалғыз мектепте қыс уақытында оқу тіпті мүмкін емес. Суықтан кейбір оқушылар астына да жіберіп қойған кездері жиі болады. Ал салынып жатқан мектептің құрылысы онда оқитын оқушылар мен ұстаздардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді.

Енді осы мәселелерді шешуді талап еткен Қоғамдық кеңестің мүшелері бүгінде қуғынға ұшыраудамыз. Сондағы біздің бар кінәміз облыс әкімі Е.Б. Маржықпаев мырзаны халық алдына келіп, ушыққан жағдайдың шынайы көрінісін айтып, оның шешу жолдарын айтсын, әрекетсіздіктерді болдырған шенді қызметкерлерді жауапкершілікке тартсын деп талап қойғанымыз. Облыс әкімі халықтың алдына келуден үзілді-кесілді бас тарту нәтижесінде ауыл тұрғындары 21.04.2022 ж. бейбіт шеруге шығуға шешім қабылдады. Сондықтан біз әр ықшам ауданнан құрылған белсенділер (жеті адам) қол қойып, әкімдікке хабарлама жолдадық. Үш тәуліктен кейін тек қана  менің атыма рәсімделген бейбіт жиналысқа рұқсат бермеу туралы қаулы шықты. Ал қалған алты белсендіге ресми рұқсат берілген жоқ, шектеу қойылған жоқ. Ал қолданыстағы заңның 11-бабындағы талапқа сәйкес, хабарламаға жауап бермеу - рұқсат етілді деген ұғымды білдіреді. Яғни хабарламаға менен басқа қол қойған алты адамға рұқсат берілді деген сөз.

Мен 21.04.2022 жылы көшеге шықпадым, күні бойыүйде болдым. Ал қалған белсенділерді үйлеріне аудан прокуроры мен полиция басқармасы бастығы барып, алаңға шықсаңдар жауапкершілікке тартамыз, қылмыстық іс қозғаймыз деп, қорқытып кеткен. Ал алаңға емес машинамен көшеде кетіп бара жатқан белсендіні күштеп тоқтатып, қарулы күш қолдану арқылы отырған көлігінен суырып шығарып, полиция бөліміне апарып, істемеген істі істеді деп, жала жауып, хаттама толтырып, Әкімшілік кодекстің 488-баб 7-тармағымен айыптап, 153 150 тенге айыппұл салған. Ал мені 12 патрульдік автокөлікпен үйімді қоршап, екі күн бойы мәжбүрлі үйқамақта ұстады. Сөйтіп, шындық іздеп шырылдағанымыз үшін алдымыз жазаланып, қамалып, қалғанымыз қуғынға түстік.

Президент мырза! Сіз өзіңіздің 2019 жылғы 2-қыркүйектегі халыққа үндеуіңізде, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жарияладыңыз. Содан бері 2 жылдан асты. Алайда бұл тұжырымдаманың іске асқанын халық әлі көрмей келеміз.

Біз жоғарыда аталған проблемалардың барлығын тізбектеп, жүзге жетерлік қол қойған хатымызды Сізге дейінгі сатыларға және Сіздің өзіңізге арнап 4 рет жолдадық. Біздің барлық арызымыз каскадтық тәртіппен сол әрекетсіздігіне шағым келтіріп отырған Ақмола облысы мен Аршалы ауданының әкімдерінің өзіне келіп түседі. Олар әрине бәрі тамаша деп жауап береді. Ал Сіздің көмекшілеріңіз сол жауаптардың астына өз қолдарын қойып бізге кері жолдайды. Президент әкімшілігіне қабылдауға бірнеше мәрте барып, қабылдауға кіре алмай қайттық. Нәтижесінде біз бұқара халық ақымақ болып қала береміз.

Президент мырза! Біз бүгінде тәуелсіз мемлекетіміздің сыбайластықпен будандасқан билігінің тәуменді халқына айналдық. Біз өз мемлекетімізді құқықтық, зайырлы және демократиялық мемлекет деп жариялай тұрып, негізгі құндылықтарды аяқ асты етудеміз. Бұл жағдайда Сіздің адам және азамат құқықтарының кепілі екендігіңіз бізге күмән келтіреді. Егер Сіз біздің жазған арыз-шағымдарымызды қарамасаңыз, қабылдауға кіргізбесеңіз, біз алаңға шықпағанда қайда шығамыз? Себебі біз бүгінде заңмен көзделген механизімнің барлығын толық қолданып шықтық. Ешбір нәтиже жоқ. Бір қызығы, біздің талаптарымыздың заңды әрі негізді екендігін әкімдер де, прокурор да, полиция да барлығы растайды. Алайда сөйте тұра ешкімнің осы проблемаларды шешуге құлқы жоқ. Қайда барсақ та сылдыр су мен сырғақ әңгімееститініміз. Сонда біз не үшін 1986 жылдың ызғарлы желтоқсанында алаңға шығып, соққыға жығылып, сотталып, қуғынға ұшырадық. Біздің аңсағанымыз бүгінгідей құрсаулы тәуменділік пе еді?  

Ежелгі Грецияның жеті данышпанының бірі Солон «Өз елінің заңдарын сақтамаған билік, түбінде өзін-өзі құлатып бітеді» деген екен. Біз тура соған келе жатырмыз. Себебі біздің мемлекетте заң талаптарын орындағаннан гөрі бастықтың сөзі заңды болып табылады. Бұл деген бассыздықтың, яғни,заңсыздықтың ең айқын әрі ең жиіркенішті түрі.

Президент мырза жоғарыда аталғандардың негізінде менің қояр талабым:

  1. Ақмола облысы, Аршалы ауданы, Жібек Жолы ауылдық округінің инфрақұрылымына кеткен миллиардтаған бюджеттік қаржының пайдалану мәселесін түбегейлі түрде тексеру үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды.
  2. Мемлекеттік комиссияға Қоғамдық кеңестің мүшелерін қосуды.
  3. Арнайы мемлекеттік комиссия жұмысы барысында,барлық деңгейдегі (облыс - Е.Б. Маржықпаев, аудан - А.И.Байманов, ауыл - Қ.Б.Канафин) әкімдерді лауазымдық қызметтерінен шектеуді.
  4. Мемлекеттік комиссия шығарған қорытындыларнегізінде, құқық бұзушылық жасаған шенділердізаңға сәйкес тиісті жауапкершілікке тартуды.

“Адырна” ұлттық портылы

Пікірлер