“Өнер қысып жылап отыратын” -Шәкен Айманов туралы бірер ой

10112
Adyrna.kz Telegram

Шәкен еркінірек, өжеттеу болып өсті. Оны ауыл-аймақ жақсы көріп, ән салдырып, тақпақ оқытады, ертегі айтқызады. Жұмысқа бейімділігі аздау еді, тек қайда ойын-сауық болса, сонда жүретін.

Марқұм шешеміз "бұзауды бағып кел, болмаса тезек теріп келе қойыңдар" десе, Шәкеннің не іші, не басы ауыра қалады. Анамыз қаттырақ айтса, "Серектастың" басына шығып алып, екі аяқты салбыратып жіберіп жылайды да отырады.

– Сенің жұртты қылжақ қылғанда басың ауырмайды, ал жұмысқа келгенде бас та, іш те ауыра қалатыны қалай? – деп, апам ренжитін еді.

Шәкен екеуміз тетелес өстік. Сол себептен болар, көп қалжыңдаса беретінбіз. Мен соңғы кездерде Шәкеннің "өнер қысып жылап отыратын тасы" деп жолдастарына "Серектасты" көрсетіп күлдіретінмін.

Біздің әкеміздің Айманұлы Аббас деген дәрігер ағасы болған. Бұл кісі Баян ауданында аса қадірменді адам еді. Сол көкеміз атына мініп алып, ағайындарды аралап "Халдерің қалай, ауру-сырқаудан амансыңдар ма? Бала-шаға аман ба?" деп сұрап жүретін.

Кейде "Серектастың" басында жылап отырған Шәкенді көріп, неге жылап отырғанын сұрағанда апам қатты ұялып, Шәкенге қолын сермеп, "тоқтат" дегендей ым жасайды. Сол кезде Аббас аға:

– Жәмке, Жәмке, оған ұрыспаңыз, ұрыспаңыз. Ол тегін жылап отырған жоқ. Оны өнер қысып жылап отыр", – дейтін.

Шәкен кейін артист болған соң ауыл үлкендері "Апыр-ай, Аббас Шәкенді жасында "өнер қысып жылап отыр" деуші еді, жарықтық біліп айтқан екен ғой" деп таңдайларын қағатын.

Әсет АҚМОЛДА

Пікірлер