Есенғабал бақсының қара қобызы

4567
Adyrna.kz Telegram
Есенғабыл бақсының қобызы. Көрнекі сурет
Есенғабыл бақсының қобызы. Көрнекі сурет

Атадан қалған асыл мұраны ардақтап ұстайтын айбоз ұлдар керек қой қашанда. Жаралы қобыздың жан дауысын шығарып тартатын адам табылса, қанеки!

Жарапазаннан басталған таныстық 2002 жылдың көктемі ме екен, Астанадан небары 37 шақырым жердегі Новостройка ауылында мектеп оқушысы кезім. Кейін Жаңажайнақ деп аталған бұл ауылдың ерекшелігі, еліміздің әр өңірінен және тысқары Алтай өлкесінен қоныс аударып келгендердің есебінен ұлттық құрам айқындалып тұратын. Әйтпесе 1961 жылы ауыл сыртындағы екі хутордан басталып іргесі қаланған елді мекенде алғашқыда немістер тірлік етті. Осылайша уақыт өте келе ауылдағы неміс өкілінің саны қысқарып, орнын Ақмола облысының басқа ауылдарынан, көршілес аудандар мен алыстағы облыстардан, сондай-ақ Ресейдің Қошағаш, Моңғолияның Баян-Өлгий аймағынан келген ағайындар басты. Әр елдің салты басқа дегендей, қазақ өмірінен жоғалып, ұмыт қалған көне дәстүрлер қайта жаңғырып, ел ішінде, ауыл арасында айтыла бастап еді. Соның бірі – біз жырлаған Жарапазан.

Жарапазанды айту үшін үй қалдырмайтын әдетімізбен Қорғаш ақсақалдың ауласына еніп, терезе тұсынан бар дауысымызбен Жарапазан айттық. Оның алдында ғана түбі қорғалжындық, қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімінің «көшені бастарыңа көтеріп неге айқайлап жүрсіңдер?» дегенін ұмытып та кетіппіз. Бір кезде соғыс ардагерінің келіні Алмагүл апай шығып, ішке кірсін деген хабар айтты. Төргі бөлмеге өттік, жозыға жайған дастархан жайнап-ақ тұр. Түпкі бөлмеден Әсия апа шығып, дастарханға тізе бүкті де, «жаңа сырттағы дауыстарыңды ести алмай қалдым, тағы айтып беріңдерші» деп сұрады. Үйдің ішінде отырып қайта айттық, бір кезде қарасақ, апамыз көзіне жас алып отыр. Шыт-орамалымен көзіне іркілген мөлдір жасты сүртіп қойды да, «Қарақтарым, мұны қайдан білесіңдер?» деп сұрады. Осындай да осындай, осы ауыл тұрғындарының «өскемендік» деп атайтынын, сонау шығыстағы Тарбағатай деген қазақы ауданнан көшіп келгенімізді, елде жарапазанды айту әлі сақталғанын улап-шулап жеткізіп жатырмыз. Әсия апамыз жастық шағын еске алды ма, біраз үнсіз отырды да, «Бәсе, тегін емес екенсіңдер. Бұ жақтың қазақтары мұндай дәстүрді ұмытқалы қашан! Есіме өткен шақтың естеліктері оралып, көңілім босады. Өздеріңе рақмет. Ал мынау сендерге тартуым болсын!» деп бәрімізге кестелі орамал таратып, уыс-уыс тәттілерін ұсынған. Біз сыртында ҰОС ардагері деген белгі-тақтайша тұратын үймен, бір жыл бұрын марқұм болған ардагер Қорғаш ақсақалдың өмірлік серігі Әсия апамен осылай танысқан едік.

Қара қобызды іздеу

Кейін мектепті тауысып, ауылды тастап, қалаға кеттік. Оқу орнына түстік, өмір өз ағысымен алып жүре берді. Алайда жарапазан айтатын кеш пен сондайлық ыстық ықыласпен қарсы алатын Әсия апа ара-тұра еске түсіп тұратын. Ешбірін ұмытпаппын. Тіпті ол үйде қара қобыздың да ілініп тұрғанын кездейсоқ естігеніммен, «Қазақстан әйелдері» журналына жарияланған мақаланы көзім шалып қалғаныммен, сана түкпірінде қасиетті қобыз қара тастай берік орнығып қалған болатын.

Қылышбайұлы Қорғаш ақсақал дүниелден өткен соң, бірнеше жылдан кейін оның шаңырағын ұстап отырған кенже ұл Әділхан отбасымен Астана қаласына қоныс аударады. Бөгенбай даңғылының бойындағы 16 қабатты зәулім үйге көшіп кіреді, сол арада Әділхан Қорғашұлы бір рет кездестіріп қалғанымыз бар. Өмір өз ағысымен өтіп жатыр, тіршілік атты ұлы толқында әркім өз арнасын табуға жанталасқан кезеңде қайта айналып бір соғуға мұрша келмепті. Уақыт пойыздай зырғып өте шығыпты. Қош, енді неде болса тәуекел деп қаланың төрт қабырғасынан жалығып, қыр қазағына ұқсап даланы сағынған Әділханның шаңырағына іздеп Қараөткел ауылына жол тарттық.

Бақсыдан қалған қасиетті дүние

Біз барғанда отағасы үйде екен. Баяғы кезде үйге кірсін деп хабар айтатын Алмагүл жеңгей де бағзы қалпымен күліп қарсы алып жатыр. Ұлдың үлкені Нұржан есік алдында ақ түсті көлігін тазалап жатқанға ұқсады. Сірә, бойдақ жігіт бір жаққа жол жүрмек. Әділхан аға үйге бастады, бірден қобыз ілінген бөлмеге ертіп әкелді. Ғасырдан астам тарихи оқиғалардың, әсіресе қуғын-сүргін жылдардың тілсіз куәгері ақ дәкеге оралған қалпы ілулі тұр.

– 1991 жылдан бастап қара әбдіренің ішінен алып осылай шығарып қоятын болдық. Біздің әулет үшін өте қастерлі дүние. Кие тұтамыз. Бұл қара қобыз менің әкеме туған нағашыларынан келген. Мынау қазіргі Астрахан мен Қорғалжын өңірінің, мына шеті Торғай даласы арасындағы жалпақ өлкеде баяғы бір замандарда Есенғабыл атты бақсы өмір сүрген. Осы атақты бақсының ұстаған қобызы. Ұзақ уақыт бойы оны шығаруға, ел-жұртқа көрсетуге қорқып та келдік. Мұның сыры тереңде, – деп бастады әңгімесін Әділхан Қорғашұлы.

Үй иесі айтқан Есенғабыл өз дәуірінде үлкен бақсы, алыс-жақынға аты шыққан айтулы адам болыпты. Бақсының шыққан тегі – Қақсал атанған Арғынның Шегендік руынан. Қазақ шежіресінде Арғын тайпасының ішіндегі Шегендік – Мейрамның бес ұлының бірі және Қақсал руының түп-төркіні ретінде айтылғаны болмаса, көп жағдайда ру атауы ретінде жазба деректер мен ауыз әдебиетінде Қақсал атауы қолданылады. Шежіреші Мәшһүр Жүсіп: Шегендіктің лақап есімі жөнінде «...Қақсал деген де кісі аты жоқ, қақсай берген соң Қақсал атанған» дейді. Осы Қақсал немесе Шегендік руынан аймаққа белгілі бірнеше бақсы шыққан екен. Күллі Орта жүзге есімі әйгілі Балабақсы, қара қобызымен ауру-сырқау адамдарға емдеген балгер әрі бақсы Тойғұлы және оның қара қобызы аманаттап тапсырылған Есенғабыл бақсы.

Есенғабыл бақсы кім болған?

Есенғабыл бақсы – ХІХ екінші жартысында өмір  сүрген адам. Шежіре деректеріне қарағанда, ол Балабақсының ұрпағы болып саналады. Нақтырақ айтқанда бақсы Қақсал руының ішіндегі Жамбол, соның Көшкінбайынан тарайды. Оның алдында ғұмыр кешкен Тойғұлы бақсы өзінің қара қобызын Есенғабыл бақсыға беріп кеткен деген сөз бар ел арасында. Ауру-сырқат адамдарды осы емдеп жазатын қасиетті қобыз 150 жылдан астам уақыт сынына бүлінбей ХХІ ғасырға аман жетіп отыр.

– Менің әкем Қорғаш Қылышбайұлы 1922 жылы туған. Ал осы қобыздың иесі бақсы Есенғабыл Қорғаштың туған нағашы атасы еді. Бақсының Күмісей, Күмісжан Алтыншаш, Кәуден деген төрт қызы, Бұғыбай есімді жалғыз ұлы болған. Осылардың ең кенжесі Кәуден Арғынның Ағыс руынан тарайтын Қылышбай Жүсіпұлы деген кісіге тұрмысқа шығады. Одан менің әкем туады. Біз атағы алысқа жеткен бақсының әулетімен осылай туысамыз. Қара қобыздың әкемнің қолына түсуінің ұзақ тарихы бар, – деді Әділхан аға.

Қақ-соқпен ісі жоқ, қара қобызын көтеріп, ел арасындағы ауру-науқас адамдарды жазып, емдеп жүретін момын Есенғабыл 1922 жылдарға дейін өмір сүрген. Тек ақ пен қызыл шабысып, кейін жаңа өкімет орнаған кезеңдерде елдің басына шолақ белсенділер қамшы үйіре бастайды. Арғы тегінде билік, төрелік айту дәстүрі жоқ, тақыр жерден өнген жабайы шөп секілді әсіреқызыл белсенділер қаулап шығып, момын елдің басына әңгір-таяқ салуды әдетке айналдырады. Сондай қиын-қыстау тұста жасы кеп қалған Есенғабылға о дүниенің қақпасы қағылады. Сондай қысылтаяң сәттерде ол баласы Бұғыбайды шақырып алып:

– Қарағым, мен мына жарық дүниемен қоштасқалы жатырмын. Аруақты ата-бабаларым шақырып мазалап жүр. Кеше әкем келіп жетелеп алып кетті. Тек бүгін сені қимай келдім. Мына қара қобызым... Мен өлгенде бұл қобызды өзіммен бірге көмдір, ауыртпалығы сендерде қалмасын, – деген ақтық сөзін айтып үлгереді.

Қара қобыздың қуғындалуы

Алайда бұл өсиет уақытында орындалмай қалады. Нағыз тозақ алда тұр еді. Әулеттің басына төнген нәубеттің қара бұлты 1937 жылдарға келгенде қатты үйіріледі.  Кешегі «..Байларды, молданы қойдай қу қамшымен» деп ән салып, шеру тартып жүрген кез өтті делінгенімен, оның суық ызғары әлі де тарқамаған. Ауылдағы қатардағы сауатты мұғалімнен бастап биліктің ең жоғарғы сатысындағы үкімет бастығына дейінгі аралықты түгел жалмаған репрессия зардабы бақсы Есенғабылдың отбасын айналып өтпеді. «Бақсының баласы» деп ең әуелі Бұғыбайды ұстап әкетеді. Олардың іздегені бұл емес, қара қобыз болатын, оны қанша іздесе де, қанша жерден қараса да таба алмайды. Сүркейлі күндердің бірінде жойдасыз жосын жағдайдың боларын алдын ала сезген Бұғыбай атадан қалған асыл мұраны Балабек бақсының қолына тапсырады. Алайда көп өтпей ауыл ішіндегі ағайындардың көрсетуімен Балабек те ұсталады. Осылай жансыз қара қобыз бақсылардың қолынан қолына көшеді. Құзырлы органның қаһарлы қызметкерлерін сергелдеңге түсірген қобызды Балабек ұсталарының алдында Бекіш бақсының үйіне жасырады. «Қобызды тауып бер, сен тығып қойдың» деп түн ішінде Бекішті ұрып-соғып қара машинаға салып алып кетеді. Бұл кезде қобыз Есенғабылдың өз әулетіне, қызы Күмісейге жетіп үлгерген болатын.

Бұдан кейінгі әңгімені Әділхан аға былай жалғады:

– Әкемнің әңгімелеуінше, қобызға қатысты сергелдең мұнымен бітпейді. Нағашы апайы Күмісей қобызды үйде жасырын ұстай алмайтынын сезіп, сіңлісі Кәуденді, яғни әкемнің өз шешесін және Ерден есімді жақын туысын шақырып алып ақылдасады. Түн ортасында бас қосқан үшеу қара қобыздың көзін жою керек деп кеңесіп, оны Есілдің суына батырып жібермекке бекінеді. Қол диірменнің үстіңгі бетін әкеп, оған қыл арқанның бір үзігімен қобызды байлап суға тастап жіберіпті.

Иә, бір ауылдың атпалдай үш азаматының басын жұтқан қара қобыз да тұңғиыққа батып кете барды. Ешкімге өкпе артуға болмас. Қобыз иесі бақсы Есенғабылдың «мұның зардабы ауыр болады, өзіммен бірге көміңдер» деген аманат сөзі орындалмай қалғандықтан және осындай уақытта өз ауылының азаматын көрсетіп беруші шолақ белсенділердің көбеюінен бақсы әулеті мен мұрасын жалғастырушылар қуғынға ұшырады, сүргін кешті. Қобызды суға батырған күн сол істі атқарушы үшеудің есінде жақсы сақталыпты. Кейінгіге сол датаны да жаңылмай айтып та беріп жүрген екен. 1937 жылдың тамыздың он екісі күні қасиетті қобыз Есілдің жылымына сүңгіп кете барған. Ең жақын адамынан айырылғандай күй кешкен олар мұның да соңы жақсылық болмасын сезгендей Күмісей де, Кәуден де Шілікті ауылынан бой тасалайды.

Алты жыл су астында

– Қобыздың су астында болған кездері де өтті. Су астында алты жылдан аса уақыт жатты, – деді әңгімесін жалғастырып Ә. Қорғашұлы. – Әкемнің нағашы апалары ауылдан еріксіз кеткеннен кейін қобыз туралы үшеуден басқа ешкім білмейтін. Жаңағы Ерден деген туысы айдын бетіне қалқып шыққан қобыздың мойнын кездейсоқ көріп қалып, өз көзіне өзі сенбей, жақындап барып алуға дәті шыдамайды. Сол баяғы қара қобыз дейді, кешкісін көшіп кетіп ауылға қайта оралған Күмісейге бәрін баяндап жеткізіп беріпті. Ешкімге білдірместен қобызды үйге алып келді де, ақ дәкеге орап, әбдіренің ішіне салып қойды. Содан жарық дүниені көрмей жарты ғасыр қара әбідренің ішінде жатты. Бала күнімізде әбдіренің үстіне шығып ойнап кетсек, үлкендер тыйып тастайтын. «Мұның ішінде қасиетті зат бар, үстіне шықпаңдар, басқа жаққа ойнаңдар» деп отыратын.

Қобыз осылайша 1943 жылдың көктемінен екінші рет жарық жалғанды көре бастайды. Алайда қара тұңғиықтың астынан аман шыққанымен, қара құлыптың аңдуында қалуға мәжбүр. Ақ шүберекке оралып әбдіреге салынған қобызды Күмісей апа жиені Қорғашқа 1947 жылы тапсырады. Қорғаш – біз әңгімелесіп отырған Әділхан Қылышбаевтың әкесі.

Қызғыштай қорыған Қорғаш

Есенғабылдың бір қызы Күмісжан Қарасуда Қалижан деген кісіде тұрмыста болса, Алтыншашы Ағыбай деген жігітке тиді, ал Кәудені Жүсіпұлы Қылышбайға тұрмысққа шыққанын жазғанбыз. Қылышбай мен Кәуденнен туған Қорғаш – Егіндікөл ауданының Жалманқұлақ ауылында туып-өскен, ІІ Дүниежүзілік соғысқа бастан-аяқ қатысқан ардагер. Новостройкада тұрған жылдары ақсақалдың соңғы өмірін көріп қалдым, бойы сұңғақ, қапсағай денелі, үлкен кісі еді. Мектепте ұйымдастырылған іс-шараларға, әсіресе 9 мамыр Жеңіс күніне орайғы салтанатты кештерге қатысатын. Өзге ардагерлерге қарағанда бойы биік, тұрқы бөлек, нағыз жауынгер секілденетін де тұратын. Өмір жолына қарап отырсаңыз, қан майданда төрт жыл, бандершілдермен күресте екі жыл болған ол кісі 1946 жылдың соңғы желтоқсан айында елге аман оралған екен.

Алғашқыда Жалманқұлаққа қарасты бір фермаға меңгеруші болып еңбек етеді, келесі жылы селолық советке төраға етіп сайлайды. Осы кезеңде қара қобыздың қалай қолына түскенін Астрахан аудандық газетінде ұзақ жылдар қызмет істеген Сейітжан Садаутегіне берген сұхбатында Қорғаш Қылышбайұлы былай деп еске алады:

«Бір күні Күмісей апамыз маған хабаршы жіберіп, «Мен қатты сырқаттанып қалдым, келіп кетсін, тапсыратын аманатым бар еді» депті. Мен ол кезде бұл қобыз туралы түк те білмеймін. Әйтеуір Күмісей апайдың маған туған нағашы екеніне күмән жоқ. Келдім.

Нағашы апайым төсек тартып жатып қалған екен, мені көріп басын көтеріп амандасты. Шай ішіліп болғаннан кейін Күмісей:

– Мә, мынамен ана қара әбдірені аш. Соның ішінде сенің туған нағашың Есенғабылдың қара қобызы ақ шүберекке ораулы жатыр. Менің халім болса нашарлады, енді оны сақтай алатын емеспін. «Менің аруағым жиендеріме даруы мүмкін» деуші еді. Енді сенен басқа еркек кіндікті ешкім жоқ. Бұл қобыздың аруағы қанша қуатты болса, жолы да сонша ауыр. Заман жаман, ешкімге көрсетпей ұста! – деді.

Мен: – Мақұл. Алып кетем. Өзім өлсем, ұрпақтарыма аманат етем, – деп ант бергендей болдым».

Кейін заман тынышталып, бірқалыпты күйге түскенде, нақтырақ айтқанда 1960 жылы сонау Жалманқұлақтан іздеп барып, Есіл өзенінің сол ағысындағы Шілікті ауылынан бес-алты шақырым жердегі ескі қорымға жерленген Есенғабыл нағашысының басын көтереді. Сонда ел жадынан ұмытыла бастаған бақсыға арнап ескерткіш белгі тұрғызады.

Жарық дүниеге жолыққан сәт

Бір басына жетерлік қуғын мен сүргінді кешкен қара қобыз тұтастай жарық дүниеге 1991 жылдан бастап шығады. Егідікөлдің Жалманқұлақ ауылына барған сапарында халық емшісі М. Досболаева бұрын көрмеген-білмеген Қорғаш ақсақалды оңашалап алып, «Ата, сіздің үйіңізде бір қасиетті зат бар екен. Менің ата аруақтарым хабар берді. Ол жай зат емес екен, рұқсат етсеңіз, үйіңіздегі киелі дүниені көрсем» деген тілегін жеткізеді. Бұған аң-таң қалған ақсақал қапелімде ештеңе айта алмай, емшіні үйіне ертіп әкеп, қобызды көрсетеді. Осыдан бастап қобыз әбдіренің ішінен шығып, ақ дәкеге оралып, қабырғаға ілінеді.

Қобыз туралы алғашқы мақаланы республикалық «Қазақстан әйелдері» журналына 2002 жылы журналист Сейітжан Садаутегі жариялайды. Бұдан кейін барып аудандық, қалалық және республикалық музейлер мен орталықтар бізге өткізсеңіздер деген өтініштерін жолдай бастайды. Астанадағы Президенттік мәдениет орталығының қызметкерлері де хабарласып, мемлекеттік мекемеге берсеңіздер екен деп ұсыныс тастайды. Алайда ата өсиеті бойынша ұрпаққа қалуы тиіс құнды мұра үйден шығарылмайды.

– Есенғабыл бақсының бір қатты ойнайтын құрдасы болса керек. Құрдастығы бар, қалжың-шыны аралас ол бақсы досын «Өтірік істейсің, сенің бақсылығың жоқ. Құр әшейін елді алдап жүрсің. Мықты болсаң, шын бақсы болсаң, арғы жағадағы анау киіз үйді мына бетке көшірші, сонда сенейін» деп қағыта береді екен. Сондай бір сөз әзіл ретінде айтылғанымен, зілі барын түсінген Есенғабыл қара қобызын сарнатып тартып кетті дейді. Есілдің үстін алай-дүлей борап, арғы беттегі ақ шаңқан киіз үй түп көтеріліп, су үстінен мына бетке бір мезетте жеткен екен. Көрген адам жағасын ұстаған таңғажайып нәрсе болыпты, – дейді Әділхан Қорғашұлы.

Бақсы туралы біздің қазіргі түсінігіміздің деңгейі төмен болғандықтан, көзбен бермейінше сенбейтін ортаның адамына бұл құбылыс таңсық. Адамның түсі түгілі өңіне кірмейтін ғажайыптар мен мистикаға қазіргі дамыған делінетін ғылымның күші әзер жететінін мойындайық. Бұл тақырып жанымды әлдилейтіні соншалық, біздің атамыз Кәрімханның әкесі Сәулебайды өз дәуірінде бақсы болған деген болмашы деректі ғана құлағымыз шалып қалады. Жиырмасыншы ғасырдағы ұрпақты тұтас жойып жіберген жойдасыз саясаттың кесірінен бабамыздың өмір тарихынан мақұрым қалдық. Әйтпесе әкем Тілеуғазыға Кәпкең Сәулебайдың кейбір қызық хикаяларын: шаңыраққа өрмелеп шығып кетуін, қызған темірді шоқ-шоқ шайнауын, т.т. бекер әңгімелемеген болар. «Жын буған» деген теріс түсінікте ғана сипатталатын бақсылар өмірі жайлы бүгінгі қоғам, жалпы қазақ әлемі әлі дұрыс түсініп болған жоқ. Күллі тарихи жадымызды қайта орнына қойған кезең туғанда ғана біз байырғы ұғым-түсініктер пен құбылыстарымызды дұрыстап парықтай алатын болармыз. Қалай болғанда да бұл – алдағы күннің еншісі.

Қобыздың қазіргі күйі

Әділхан аға қобызды ілулі тұрған жерінен бісмілла деп көтеріп, бізге көрсетті. Ақ дәкенің орауын шешіп, үстелге ақырындап қойды, шанағының сырт жағы бірнеше жерінен жарылған екен. Ол тұстарды жұқа қаңылтырмен қаптап, ұсақ шегемен жапсырып қойғаны байқалды. Құлақ бұрауының түпнұсқасы да сақталған, оны бірақ ақ орамалға түйіп, шанақтың ішіне қойған екен. Орнына басқа ағаштан жасап тағыпты. Сылдырмағы өзінікі, бастабында қалай болса, солай тұр, еш өзгермеген. Ал қоңыр тобылғыдан жасалған ысқышын Қорғаш ақсақал кейінгі жылдары ауылдағы бір шеберге істеткен. Ішегінің кейбір қылы үзіліп шашырап жатқаны болмаса, төменгі бөлігі терімен қапталған қобыз негізгі, бар болмысын жақсы сақтаған. Бір жарым ғасыр уақыттың табына шыдаған не деген жансебіл дүние десеңізші!

– Қобыз болғанда оның ішіндегі бала қобызға жатады. Бабамыздың көзі, атамыздың мұрасы. Көзіміздің қарашығындай сақтайық деп ешқайда бермей отырмыз. Бермеуге қақымыз бар шығар, – деді Әділхан аға сөз соңында.

Қара қобызды қызғыштай қорып, үйінде сақтаған Қорғаш ақсақалдың өзі 2001 жылы дүниеден өтті, ұрпақтарына өсиет еткеніндей нағашы атасы Есенғабылдың жанына мәңгілік дамыл тапқан. Ал оның өмірлік жары, біз жарапазан айтқанда жастық шағын еске алып көз жасына ерік берген Әсия апа да 2011 жылы Астанада қайтыс болып, ұрпақтары туған жеріне жамбасын тигізген екен. Олардан туған үш ұл, екі қыздың ұрпақтары Астрахан мен Астананың арасында бақытты күнді кешіп отыр. Құтты қара шаңырақтың иесі және ендігі қара қобыздың ұстары Әділхан жары Алмагүл екеуі Нұржан, Теміржан есімді ұлдарынан келін көріп, немере сүйсек деген тілекте отырғанына көзіміз жетті. Атадан қалған асыл мұраны ардақтап ұстайтын айбоз ұлдар керек қой қашанда. Жаралы қобыздың жан дауысын шығарып тартатын адам табылса, қанеки!


 

 Заңғар КӘРІМХАН

http://e-history.kz

Пікірлер