Халық жазушысының мерейтойы жоғары деңгейде өтуі тиіс - Қазыбек Иса

737

Енді үш күннен кейін, 15 сәуірде қазақтың көрнекті қаламгері, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекетттік сыйлықтың лауреаты Сафуан Шаймерденовтың туғанына 100 жыл толады. Біз, ҚР Парламенті Мәжілісінің «Ақ жол” фракциясы бастаған бір топ депутаттар былтыр Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа арнайы депутаттық сауал жолдағанбыз.

Биыл 25-26 ақпанда «Ақ жол» партиясы басшылары, Мәжіліс депутаттары Азат Перуашев пен Қазыбек Иса оңтүстіктен солтүстікке көшіп жатқан жұрттың жағдайын білуге Солтүстік Қазақстан облысына барған іс-сапарда да облыс әкімі Құмар Ақсақаловпен кездескенде Сафуан Шаймерденовтың 100 жылдығына дайындық барысын қозғаған болатынбыз.

Біз бүгін үкіметке жазған хатымыз бен жауабын жариялап отырмыз.

Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
орынбасары Е.Л.Тоғжановқа

Құрметті Ералы Лұқпанұлы!

Қазақстан халқы Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын және сол жолдағы алғашқы қадам болған 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығын атап өтеді. Кезінде ұлы ойшылдардың бірі «Өткенге топырақ шашсаң, болашақ саған тас атар» деген нақыл қалдырған екен. Олай болса осы бүкіл халық болып тойлағалы отырған мереке қарсаңында бүгінгі тәуелсіздігіміздің тамырына нәр берген, бастауында тұрған тұлғаларымызды ұлықтап еске алғанымыз жөн. Біздің депутаттық сауал осы тақырыпта болмақ.

Қазақ халқында қаламының қуатымен, жүрегінің қайратымен артына өшпес із қалдырған ардақты арыстарымыз аз болмаған. Солардың бірі – «Отан» орденінің иегері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық жазушысы Сафуан Шаймерденов.

Ол Кеңес Одағы тұсында дүниеге келіп, негізгі шығармаларын сол дәуірде жазғаны анық. Алайда, жазушының әрбір еңбегінен тоталитарлық жүйеге деген қарсылықты, оның құйтұрқы саясатын «мақтамен бауыздағандай» әшкерелеп отырғанын анық байқауға болады.
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі – қазақ халқының Тәуелсіздік таңы алдындағы дүр сілкінісі! 1986 жылдың соңы мен 1987 жылдың басынан бастап көтеріліске қатысқан қазақ жастарын жаппай жазалау «науқаны» жүргізілді. Сол тұста қайсар жүректі қазақтың қос қаламгері Сафуан Шаймерденов пен Жұбан Молдағалиев Желтоқсан көтерілісіне қатысушы жастарды қорғап, қызыл империяның қыспағынан тайсалмай, жаңадан сайланған Қазақстан Компариясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Г.Н. Колбинге ашық қарсы шығып, азаматтық ерлік көрсетті.

Сафуан Шаймерденов – Тәуелсіздіктің бастауында тұрған тұлғаларымыздың бірі. Жасының жетпіске келгеніне қарамай, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру жолында Алматы қаласының тұрғындарынан, оның ішінде әр түрлі ұлт өкілдерінен де қол жинағаны белгілі.

Айта кеткеніміз жөн болар, 2002 жылы Сафекеңнің 80 жылдығы қарсаңында қазақ спортының жарық жұлдызы, КСРО-ның 10 дүркін жеңімпазы, жазушының ұлы - Саян Шаймерденовтің кенеттен қайтыс болуына байланысты аталмай қалды. Ал 2007 жылы қазақ әдебиеті мен қоғамының қара нары өзі дүниеден озып, 85 жылдығы тағыда ескерусіз қалды.

2022 жылы Елі үшін, өскелең ұрпақ үшін қалам тартып қиындыққа қарсы жүрген қазақ әдебиетінің қара нары, дарабоз жазушы Сафуан Шаймерденовтің туғанына 100, ал өмірден озғанына 15 жыл толмақ.

Құрметті Ералы Лұқпанұлы!

Бірнеше буын ұрпақты адамгершілік пен тазалыққа, ұлтшылдық пен ұлағаттылыққа тәрбиелеген тамаша туындылары мен Тәуелсіздікті тұғырлы ету жолындағы теңдессіз ерліктерін еске ала отырып, Халық жазушысы Сафуан Шаймерденовтің 100 жылдық мерейтойын република деңгейінде атап өту жөнінде шаралар, Тәуелсіздігіміздің тал бесігі Алматы, егемендігіміздің бүгінгі дәлелі Елордасы Нұр-Сұлтан, Петропавл қалаларының орталық көшелерінің біріне қайраткер-қаламгер есімін беріп өзі құрметті азаматы атанған Қызылжар қаласында ескерткіш және жазушының таңдамалы шығармаларының 5 томдығын басып шығару жөнінде тиісті министрлік пен ведомстваларға қала, облыс әкімшіліктеріне тапсырма беруіңізді сұраймыз.

Бұл шаралар қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, мемлекет және қоғам қайраткері, өз Отанының адал перзенті Сафуан Шаймерденовтің есімін ұлықтау арқылы бүгінгі ұрпаққа көрсеткен өнегеміз болар еді.

Құрметпен, «Ақ жол» фракциясының мүшелері:
Қ. Иса,
А. Перуашев,
Д. Еспаева,
А. Әбілдаев,
Е. Барлыбаев,
Б. Дүйсембинов,
С. Ерубаев,
А. Жұмабаева,
А. Линник,
Е. Өмірғали,
М. Раманқұлов,
Ғ. Хамзин

«Nur Otan» фракциясының мүшелері:
Ж. Әшімжанов, М.Тәжмағамбетова,
Б. Бекжанов

Енді депутаттық сауалымызға үкіметтен келген жауапты оқыңыздар.

ЖАЗУШЫ МЕРЕЙТОЙЫН ЖОҒАРҒЫ ДЕҢГЕЙДЕ АТАП ӨТУ ЖОСПАРЛАНЫП ОТЫР

«Ақ жол» фракциясының мүшелеріне

Құрметті депутаттар!

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) Сіздердің 2022 жылы Халық жазушысы Сафуан Шаймерденовтің 100 жылдығын атап өту жөніндегі Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Е. Тоғжановтың атына жазған хаттарыңызды мүдделі мемлекеттік органдармен бірге қарастырып, келесіні хабарлайды.
Сафуан Шаймерденовтің 100 жылдығы «2021 жылғы 3 маусымдағы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің №164 бұйрығымен бекітілген 2022 жылғы мерейтойлар тізбесіне енгізілген.

Атаулы тізбеге сәйкес жазушының мерейтойын Солтүстік Қазақстан облысында жоғарғы деңгейде атап өту жоспарланып отыр.

Бұл ретте Солтүстік Қазақстан облысында «Халық үшін өмір мен шығармашылық», «Сафуан Шаймерденов: тұлға және мұра», «Көркем сөздің жұлдызы», «Ол халық үшін өмір сүрді және жасады», «Таланттың бастауы - туған жер», «Көркем сөздің жұлдызы», «Талант және тұлға» атты әдеби кештер, «Шынайылығы – шығармаларының арқауы», «Таланттың ұлылығы», «Сыршыл, сыншыл қаламгер», «Жазушы жайлы бір үзік сыр» көрмелер және тағы басқа да әртүрлі форматтағы шаралар ұйымдастыру жоспарлануда, сонымен қатар «Жақсының аты өлмейді» библиографиялық оқу құралы шығарылады.

Нұр-Сұлтан қаласында мерейтойға орай «Қайсар мінезді қаламгер» атты дөңгелек үстел отырысын өткізу жоспарланған.
Алматы қаласында Қазақстан Жазушылар Одағымен бірлесіп салтанатты кеш пен өнер шеберлерінің концерті іске асырылатын болады.

Сондай-ақ Министрлік тарапынан барлық өңірлерге 2022 жылы Сафуан Шаймерденовтің мерейтойына арналған іс шараларды өткізу жөнінде ұсыныс хат жолданды.

Еліміздің үш өңірі көшелерінің біріне жазушының есімін беру мәселесіне келер болсақ, 2021 жылы 10 қарашада өткен Нұр-Сұлтан қаласы ономастика комиссиясының отырысында елордамыздың бір көшесіне Сафуан Шаймерденовтің есімін беру туралы мәселе қаралып, оң шешімін тапты. Қазіргі уақытта лайықты көшені анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар 2010 жылы Алматы қаласында Алатау ауданының «Томирис» шағын ауданындағы бір көшесіне Халық жазушысы Сафуан Шәймерденовтің есімі берілгендігін және ағымдағы жылы Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласының орталық көшелерінің біріне жазушының есімін беру туралы ұсыныс қарастырылу үстінде екендігін атап өткен жөн.

Жазушының танымал шығармаларының бес томдығын басып шығару бойынша Министрлік баспа саласында үйлестіретін 033/108 «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» республикалық бюджеттік бағдарламасын жүзеге асыруда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2017 жылғы 18 шілдедегі
№ 210 бұйрығымен бекітілген, сондай-ақ арнайы msm.gov.kz және kitap-palatasy.kz интернет-ресурстарында жарияланған Мемлекеттік кітапханаларға және өзге де мемлекеттік ұйымдарға тарату үшін қоғамдық маңызы бар әдебиетке мүліктік құқықтарды белгілі бір мерзімге сатып алу және (немесе) оны басып шығару жөніндегі қағидаларды басшылыққа алады.

Бұл ретте үйлестіруші орган болып табылатын ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасына жеке және заңды тұлғалардан жазушының 5 томдық еңбектерін 2022 жылы басып шығару жөнінде тиісті өтінім келіп түспеген.

Сонымен қатар жоғарыда көрсетілген бюджеттік бағдарлама шеңберінде жазушының «Қазақтың 100 романы» сериясымен «Инеш» (2010 ж.) атты еңбегі, үш томдық (2011ж.) және бес томдық (2013 ж.) шығармалар жинағы әрқайсысы екі мың данадан шығарылып, республика кітапханаларына таратылған болатын.

Сондай-ақ бүгінгі күні Солтүстік Қазақстан облыс әкімдігі тарапынан С.Шаймерденовтың құрметіне орай монументті өнер құрылысын орнату және жазушының таңдаулы шығармаларының бес томдық жинағын басып шығару мәселесінің қарастырылу үстінде екендігін қоса жеткіземіз.

ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов

ХАЛЫҚ ЖАЗУШЫСЫНЫҢ АТЫНА ЛАЙЫҚ КӨШЕ БЕРІЛУІ КЕРЕК...

Үкіметтің депутаттар сауалына жіберген жауабына рахмет. Хатта Сафуан Шаймерденовтың 100 жылдығына байланысты республика бойынша атқарылар іс-шаралар толық қамтылыпты. Халық жазушысының 100 жылдық мерейтойына лайықты жоспарлармен танысып, марқайып қалдық.

Дегенмен, айта кететін бір түйткілді мәселе бар екенін жасырмаймыз.
Жауап хатта 2010 жылы Алматы қаласында Алатау ауданының «Томирис» шағын ауданындағы бір көшесіне Халық жазушысы Сафуан Шәймерденовтің есімі берілгендігін тілге тиек етеді.

Біздің айтарымыз, Сафуан Шаймерденовтың аты кезінде Алматының солтүстік шет жағындағы «барахолка» аталатын «Заря Востока» ауылындағы қиқы-жиқы қысқа көшелердің біріне берілген еді. Қайсар қаламгер-қайраткер, саңлақ жазушы Сафуан Шаймерденовтың көшесі атына лайық емес, бар болғаны 200 қадамдай ғана болатын қып-қысқа сұрықсыз көше... Қазақтың көрнекті ақыны Ғафу Қайырбеков «Сорайған солтүстіктің қарағайы» деп, тура тауып жырлағандай, бұл қысқа көше Сафуан Шаймерденовтың ойы түгілі, бойына да лайық емес...

Сол кезде бұл көшені халық жазушысының атына беруге жазушының жары Бағдат апамыз да, ұлы, белгілі журналист Сайын Шаймерден де үзілді-кесілді қарсы болған еді... Бірақ, соған қарамай беріліп кеткен болатын... Бағдат апай жары – халық жазушысы Сафуан Шаймерденовтың атына лайық көшесін көре алмаған күйі былтыр 95 жасында қайтыс болды...

Сол қателікті жөндейтін кез енді келіп тұр – биыл Сафуан Шаймерденовтың 100 жылдығы!

Осы жерде айта кету керек, қазақтың тарлан тұлғаларының көбісі осындай қала шетінде, қысқа көшелерде. Бұдан бұрын Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның әр қаладағы атына сай емес көшелері туралы да мәселе көтерген едік. Алматыда екі күн ғана бұрын Кеңсайдан түсіп келе жатып қырдан қалаға кіре берістегі 50 қадамға жетер-жетпес қуыс көшенің қазақ көсемі, Тұран тұлғасына айналған мұзбалақ Мұстафа Шоқайдың атында екенін көріп көзіміз шаралы, көңіліміз налалы болып қайттық...

Ұлт үшін күрескен ұлы тұлғаларымыздың аттарын Жаңа дәуір басталғанда жаңа көшелерге ауыстыру керек.

Айтпақшы, елордамыз Нұр-Сұлтан қаласының ономастикалық комиссиясы Сафуан Шаймерденовке көше атын беруге шешім қабылдағаны жазылған жауапта. Енді, тағы да, астананың адам аяғы баса бермейтін алыс шетіне емес, Халық жазушысының атына сай көше берілуді қалаймыз. Бұл енді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі қызметкерлеріне сын болатын жағдай.

Қорыта айтарымыз, елдің сүйіп оқитын қаламгері, ұлттың тілін, мүддесін қорғауда қаламын қаруға айналдырған қайраткері, Желтоқсан көтерілісінде жастарды қорғап, жалаң кеудесін оққа тосқан Қазақстанның халық жазушысы Сафуан Шаймерденовтың 100 жылдығын ел болып лайықты тойлап, есімін ұлықтай білейік!

Қазыбек ИСА,

ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket