Украинадағы Ресей күштерінің жаңа қолбасшысы тағайындалды. Бұл ресейлік генерал Сириядағы және басқа да соғыс аймақтарындағы бейбіт тұрғындарға қатыгездігімен танымал, дейді АҚШ-тың ресми дереккөздері.
АҚШ шенеуніктері жексенбі күні Ресейдің ең тәжірибелі генералдарының бірі, 60 жастағы генерал Александр Дворниковтің Украинадағы Ресей әскери тобының жаңа қолбасшысы болып тағайындалғанын хабарлады.
2015 жылы Дворников Сирияға президент Башар әл-Асадты қолдау үшін барып, онда бір жыл ресейлік топты басқарды. Оған Сириядағы операциялары үшін Ресей Федерациясының Батыры атағы берілді және қазір Ресей Федерациясының Оңтүстік әскери округінің қолбасшысы.
Сириядағы оның қолбасшылығындағы күштер бірнеше рет азаматтық аудандар мен ауруханаларды бомбалады деп айыпталған. Ұлыбританияда орналасқан сириялық адам құқықтары ұйымының басшысы Рами Абдулрахман Нью-Йорк Таймс газетіне: «Сириядағы бейбіт тұрғындарды өлтіргені үшін жауап беретін жалғыз адам Башар Асад емес, ресейлік генерал да. Ол әскери қимылдардың қолбасшысы болды: бұл сириялық бейбіт тұрғындарды өлтірудің артында оның тұрғанын білдіреді, мұның бәріне бұйрық берген сол» деген болатын.
Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан CNN телеарнасына Украинадағы «Дворниковтан бұдан да көп нәрсені күтуге болады» деді. Сонымен бірге Салливан «қандай болмасын басқа генералды тағайындау Ресейдің Украинада стратегиялық сәтсіздікке ұшырап тұрғанын жоққа шығара алмайды», генералдыққа кім келсе де елді тез арада басып алып, президент Владимир Зеленскийдің үкіметін құлата алмайтынын айтты.
«Бұл генерал украиналық бейбіт тұрғындарға қарсы қылмыс пен қатыгездіктің тағы бір көзі болады», - деді Салливан. «Ал Америка Құрама Штаттары, мен бұрын айтқанымдай, ол (Дворников) басқаратын күштерге тойтарыс беріп жатқан украиндарға қолдау көрсету үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға бел байлады».
"Адырна" ұлттық порталы