Академик Бауыржан Омаров алпысқа толды!

2363

ҚР ҰҒА академигі Бауыржан Жұмаханұлы Омаров алпыс жасқа толды, деп хабарлайды "Адырна" сайты. Бұл туралы әріптесі Серікзат Дүйсенғазы өзінің Facebook парақшасында жазып, құттықтау тілегін білдірді. 

"Бүгін біздің Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының профессоры, ҚР ҰҒА академигі Бауыржан Жұмаханұлы Омаров алпыс деген асқаралы жастың асқақ шыңын бағындырып отыр. Асқақ шың деп отырғаным бекер емес. «Сексен жасап сегіз сөз қалдырмаған» деп мұзбалақ Мұқағали айтқандай, алпыс дегенге әркім келуі мүмкін. Ал біздің Бауыржан ағамыздың жөні бөлек. Бұл жасқа нардың белін қайыстыратын толағай табыспен жетті. Алақандай Қаратереңнен шығып, қалың қазақтың Бауыржанына айналды. Журналистикада қаламының ұшқырлығымен оқырманды тамсандырса, ғылымда ұстазы Зейнолла Қабдоловтың ізін басып академик атанды. Мемлекеттік қызметте де ұлттық дамуымызға маңызды мекемелерді лайықты басқарды. Оның бәрін тізетін болсам бірнеше том кітап болары анық.
Жалпы, Бауыржан ағаны танығаныма отыз жылдың жүзі болыпты. Алғаш Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ол аспирант мен студент болып жүрген кезде кездесіп әңгімелестік. Менің айтысқа шығып жүргенімді естіген ағам өзінің студент кезінде айтысқа қатысқанын айтып, сол айтыстың қызық тұстарын тоқтамай жатқа соққаны есімде қалыпты. Баукеңнің сөзге тапқырлық шеберлігіне, юморға жүйріктігіне қайран қалып қайтқаным бар-тұғын. Кейін ағамның ізін басып мен де «Зар заман әдебиетін» зерттей бастадым. Ол кісі Мұрат Мөңкеұлының шығармашылығынан кандидаттық диссертация қорғады. Маған ғылыми жетекшім, профессор Тұрсынбек Кәкішұлы Дулат Бабатайұлының шығармашылығын зерттеуді тапсырды. Бұл тақырып мені ағама одан сайын жақындатты. Кездесе қалсақ ағамның көл-көсір білімінен сусындап қайтамын. Бауыржан аға кейінгі жастарға жол көрсетуден жалықпайтын адам. «Алдыңда ағаң болған қандай жақсы!» деген өлең осындай ағаларға арнап шыққан болса керек.
Баукеңнің достары мықты. Бірге оқыған курстастары Талғат Батырхан, Мұратбек Тоқтағазин, достары Амантай Шәріп, Дихан Қамзабекұлы, Қыдырбек Рысбек, Ербол Тілешов, т.б. ортасында жәй адам жүре алмайды. Ол ортаға кіру үшін оқыған-тоқығаның, ғылым мен білімге үлкен дайындығың болу керек. Олар бас қосқанда достық әзілдерінен бөлек, әңгіме ғылыми семинарға айналып кетеді. Соған ілесе алған адам ол ортаға сіңеді.
Бауыржан аға ұлы ұстаздары З. Қабдолов, С. Қирабаев, С. Қасқабасовтар сынды соңында үлкен мектеп қалыптастырған ғалым. Шәкірттері Мұхит Салқынбай, Ақжігіт Әлібек, Төреәлі Қыдыр, т.б. қазіргі әдебиеттану, фольклортану, шығыстану саласына олжа салып жүрген азаматтар. Журналистка саласында да бірнеше буын шәкірттері диссертациялық жұмыстарын қорғап, ұстаздарының абыройын асырып жүр.
Бауыржан ағаның балалары да «әке көріп, оқ жонған» мықтылар. Бақытжан Бауыржанұлы Түркияның атақты ТРТ телеарнасында тілші, тележүргізуші болды. Елге оралып Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз саласын басқарды. Дәурен Бауыржанұлы да «Қазақстан» ТРК Қытай халық Республикасындағы тілшісі болды. Елге оралған соң «Алматы» телеарнасының директорының орынбасары болып тағайындалды. "Журналистика" саласы бойынша ҚР «Дарын» Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Ағамыздың үш ұлы бар. Барлығы елге абыройлы азаматтар.
Қазір ҚР Президентінің кеңесшісі деген биік лауазымды атқарып жүрсе де Бауыржан аға сол баяғы қарапайым қалпынан ажырамай, жастарға үлгі болып келеді. «Ғылым күні» мерекесінде өмірге келген ағамды «талтүсімен» құттықтай отырып, академик Серік Қирабаев ұстазының жеткен жасынан асып кетуіне тілектеспін!" деп жазды Серікзат Мақсұтұлы.
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket