Тоқтар Төлешовтің мүліктері өзіне қайтарылды

2848
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ақ Жайық
Фото: Ақ Жайық

21 жылға сотталғын «Сыра патшасы» Тоқтар Төлешовтің мүлкін қайтару туралы Еңбекші ауданының прокуроры талап арыз түсірген болатын. Қалалық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасында олигархтың бұрынғы серіктестеріне қарсы түсірген арызын қарау ісі аяқталды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Экспресс К сайтына сілтеме жасап.

Сот материалдарына сәйкес, 21 жылға сотталған Тоқтар Төлешовтің үкімі негізінде сот орындаушы олигархтан мемлекет есебіне 1 368 587 455 теңге өндіріп алуы керек болған. Алайда сот орындаушы бұл соманы тәркілеуде бірқатар қиындыққа тап болған.

Прокурордың талап-арызында көрсетілгендей, 99,99962% акциясы Тоқтар Төлешовке тиесілі "Дархан Групп" ЖШС активтерінің айтарлықтай бөлігін Төлешовтің серіктестері мекеме балансынан алып тастаған. Төлешов жазасын өтеп отырғандықтан, компания серіктестері мұны сенімхат негізінде іске асырыпты.

Сондай-ақ, прокурор Шымкенттегі "Арман" балабақшасы мен Сарыағаш ауданындағы қосалқы құрылыстары бар жер телімін беру туралы хаттаманы заңсыз деп тануды талап еткен.

Еске салайық, 2020 жылы абақтыда жазасын өтеп отырған Тоқтар Төлешовтің өзі серіктестеріне қарсы азаматтық талап арызбен іс қозғатқан болатын. Алайда ол кезде олигархтың талабы қанағаттандырылған жоқ. Былтыр күзде Жоғарғы сот жергілікті соттың шешімін бұзып, істі қайта қарауға жіберген.

Белгілі болғандай, азаматтық істер жөніндегі сот алқасында қаралған іс бойынша, прокурор жоғарыда атап өткен мүліктерді "сыра патшасына" қайтаруды сұраған. Осының негізінде мүліктер кейін сот орындаушылар арқылы мемлекет пайдасына тәркіленбек.

"Прокурордың жиналыс хаттамасын және мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап арызы ішінара қанағаттандырылды. Жиналыс хаттамалары жарамсыз деп танылды. Атап айтқанда, "Дархан Групп" ЖШС меншігіне екі гектардан астам жер учаскесі бар нысандар қайтарылды. Ал "Арман" балабақшасы қазіргі иесі М.Сапарбаев институтында қалдырылды", — делінген сот Жарлығында.

Сот қаулысы жария етілген күннен бастап заңды күшіне енеді. Егер тараптар бұл қаулымен келіспесе, алты ай шінде Жоғарғы сотқа кассациялық шағым түсіруге құқылы.

Айта кетейік, "Шымкентсыра" зауытының иесі Тоқтар Төлешов 2016 жылдың қарашасында "билікті күшпен басып алмақ болды", "жер реформасына қатысты митингілерді қаржыландырды" және осы сияқты Қылмыстық кодекстің тағы бірнеше бабымен кінәлі деп танылып, 21 жылға сотталған.

«Адырна» ұлттық порталы.

Пікірлер